Аштықты да, соғысты да көрдім, тәуелсіздікке тәубә

Аштықты да, соғысты да көрдім, тәуелсіздікке тәубә

Аштықты да, соғысты да көрдім, тәуелсіздікке тәубә
ашық дереккөзі
Кім-кімге де ұзақ өмір сүру маңызды шығар, бірақ уақытты босқа өткізбейтін, ғұмырының бар кезеңі талпынысқа толы жандардың өсу, жетістікке жету жолындағы жанқиярлық еңбегі әрдайым жас ұрпаққа өнеге боларына талас жоқ. Бүгінде 95 жасқа келіп отырған белгілі философ ғалым, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Досмұхамбет Кішібековпен әңгімелескенімізде бір ғасырға жуық қазақтың басынан өткен небір қиын кезеңдердің тірі куәгерлерімен сұхбаттасудың әрі қызық, әрі ауыр болатынын сезесің. Себебі, біз кітаптан оқыған не елден естіген ана бір замандағы қасіретті оқиғаларды көзімен көрген кісінің баяндауы өзгеше.  width= ҚИЫН ДӘУІРДЕ ӨТКЕН БАЛАЛЫҚ ШАҚ менің шынығып, ширақ боп өсуіне себеп болғандай... – Туған жерім – Сыр бойы, нақтырақ айтқанда, Қызылорда облысы Шиелі ауданының орталығы. Шиелі стансасынан түстікке қарай төрт шақырымдағы ауыл, кейін «1 май» деген колхоз болды. Ауылда 1861 жылы Ресейдегі «Басыбайлылық туралы заң» шыққаннан кейін сол жақтан көшіп келген шаруалардың ұрпақтары бар болатын. Оларға жердің шұрайлысы берілгені мәлім. Солардың бір тобы біздің Шиеліге қоныстанған. (Шиелідегі «Свобода», «Хохляцкая» екі үлкен көшеге орналасқан болатын). Мен сол жердегі қазақ отбасында дүниеге келдім, бастауыш сыныпты орыс мектебінде оқыдым. Мектепке барғанша бір ауыз орысша білмейтінмін. Ал орыстар қазақшаға судай еді, тіпті мақалдап сөйлейтін. Кейін 1936 жылы қазақ мектебі ашылғанда, 5-сыныптан бастап қазақ сыныбына көштім. Себебі біз тұрған жерден сол жылы балалар үйі ашылып, онда жетім балаларды оқыту ісі қолға алынған. Мен 1-сыныпқа барған жылы 32-жылдың аштығы басталып, біздің ауылда Жезқазған, Қарсақбай жақтан келген аш адамдар қаптап кеткен еді. Басында оларға ауылдың адамдары жейтін нәрселер беріп қарасқанымен, кейін  көбейіп кеткен аш-арықтарға жәрдем беру қиындап, қайыр сұрап келгендерді үйіне кіргізбей, есігін бекітіп отыратын да жағдай болды. Кеше «бір тістем нан берші» деп сүйретіліп жүргендердің ертесіне өліп жатқанын, оны адамдардың арбаға салып, орға апарып тастағандарын көзіміз көрді. Ауылымызға жақын жерде «Бидайкөл» атты көл бар. Балығы көп. Сол көлге барып балық аулауды білмеген қазақтар аштан қырылған ғой. Тек бір-екі жылдан соң ғана балық аулап, етін жеп, сорпасын ішуді үйренгесін аштықтан ісіп-кеуіп кеткендер аман қалды... 1934 жылдың ақпанында әкем қайтыс болды. Мен үшін өмірдің қиындығымен алысу, адам болу үшін талпыныс жасау содан кейін басталды-ау деп ойлаймын. Шиелінің қауыны тәтті. Мен қауынды жақсы көремін. Содан ба екен, әкем қайтқанда «енді маған қауынды кім береді?» деп шешеме жылағаным есімде. Сонда шешемнің «енді саған біреу қауын егіп бермейді, өз күніңді өзің көруге үйренесің» дегені қайрау болды ма, не расымен қауынсыз қалудан қорықтым ба, қалайда бір әрекетке бел байлағанымды білемін. Сөйтіп, бұрын қауын еккен жердің шөптерін орып жатқанымда саусағымды орақтың кесіп кеткені бар. Оған шешем киіз күйдіріп басып, қанын тоқтатты. Бірақ сонда да тоқтамай, қолыма сабы өзімнен ұзын күректі алып қауын егетін шанақты ойып, мықшыңдап топырағын қопсытып жатқанымды көріп аяған болар, көрші кісілер келіп маған қауын егіскен-ді. Сөйтіп, алғаш жеті жасымда өз еңбегімнің нанын жеп көрдім. Кейін де қауын егуді тоқтатпай, піскен кезінде оны өзім секілді балалармен бірге арбаға тиеп, Шиелі стансасына апарып, 10-15 тиынға сататын болдым. Арбаға көшеде жүрген иесіз есектерді ұстап жегеміз. Сатқан қауындарымның ақшасына үйге қант-шай, өзіме киім, кітап, оқуға қажетті нәрселерді алатын едім. Кейін анамыз қайта тұрмыс құрып, 1937 жылы інім дүниеге келді. Ол жылдардағы жағдайды бала болсақ та ептеп сеземіз. Елдің бәрі күні ертең ұстап кететіндей үрейлі күйде жүретін. Бірақ ауылдан ешкім репрессияның құрығына іліне қойған жоқ, кейбір ауылдастарымыздың оқып білім алып, Қызылорда, Алматы сияқты қалаларда жұмыс істеп жүрген балаларының қамалғанын ғана естідік. Тек бір адам ұсталды, ол да кейінірек, соғыс енді басталып жатқан кезде болды. Василий деген стансада шаштараз болып істейтін орыс жігіті бар еді, өзі ақкөңіл, қалжыңбастау көңілді жігіт болды. Сол бір кісінің шашын алып жатқанда, стансаға пойыз тоқтап, одан түскен 4-5 әскери адам шаштаразға кіріп, өсіп кеткен сақалын алдырмақ болады ғой. Оған Василий «Сақал қырып қайтесіңдер? Қайта осы  түрлерің жақсы ғой, немістердің үрейін ұшыруға!» деп қалжыңдаған ғой. Сол кезде шашын алдыруға кезек күтіп отырғандардың бірі НКВД-ның тыңшысы көрінеді, ол дереу әлгі сөзді тиісті орынға жеткізіп, Василий ұсталып, сол кеткеннен оралмады... Мен мектепте өте жақсы оқыдым. Үлкендердің көбі хат танымайды. Жиналып, маған газет оқытады. Ал ол тұстағы газеттерден репрессияның ызғары соғып тұрады. Ұсталған, сотталған адамдар туралы ақпараттар, тергеудің сөздері... Әлі есімде, сол шақта Қазақ КСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы болып жүргенде «халық жауы болып» қамалған Ұзақбай Құлымбетов сотында тергеушінің «айыпкерге» қойған сұрақтары мен Құлымбетовтің жауаптары газеттің үш бетін толық алып шыққаны бар... Репрессия сәл саябырсып, халық демін ептеп еркін ала бастаған шақта ІІ дүниежүзілік соғыс басталды. Ол кезде мен 10-сыныпта оқып жүргем. Мұғалімдердің де көбі соғысқа алынып, мектепте бала оқытатын адамдар азайып қалды. Озат оқушы болғасын әрі отбасылық жағдайымды есепке алған шығар, мектеп директорының бұйрығымен 10-сыныпта оқи жүріп, бастауыш сыныптарды оқыттым. Сөйтіп, оқушы кезімде мұғалім болып табыс тауып, отбасыма көмектестім...  width= СОҒЫС ЖӘНЕ СОҒЫСТАН СОҢҒЫ ЖЫЛДАР мені есейтіп, өмірден өз орнымды табуға әсер етті – 1941 жылы өгей әкеміз әскерге алынып, Орел-Курск бағытындағы майданға түсіп, сол қанды қырғында хабарсыз кетті, ізінше 1942 жылы анамыз да дүние салды. Мені 1943 жылдың ақпанында армия қатарына шақырып, Шиелі әскери комиссариаты Ташкент жаяу әскер училищесіне аттандырды. Бірақ ол жердегілер жарты жылда менен взвод командирі шықпайды деп, Самарқан қаласындағы запастағы 365-атқыштар полкіне әскери қызметін өтеуге жіберді. Онда да көп тұрақтамай, 1943 жылдың шілдесінде Ашхабад қаласындағы VІІ атқыштар полкіне ауыстырылдым, алайда полкіміз қазан айында Моздок қаласына көшті. Одан Прохладный қаласына әскери қызметке ауыстырды. Ал 1944 жылдың наурызында Ростов облысы Зерноград қаласындағы ұшқыштар мектебіне қабылдандым. Сол жылы алғаш рет  «УТ-2» ұшағымен көкке көтеріліп, 700 метр биіктіктен парашютпен түстім. Сырт көзге аса күрделі іс секілді көріне бермегенмен оның қиындығы өз алдына. Секірер алдында оң қолыңмен парашютті ашатын тұтқасынан ұстап алуың керек, өйткені аспаннан жерге құлдилағанда қолың кеудеңе жетпей қалады. Адамның бәрі бірдей емес, ұшақтан парашютпен секіруге қорқып, оқудан қуылып кеткендер де болды. Ал мен ұшақтан жерге құлдилап, ерекше сезімді бастан кештім. Жоғарыдан жерге қараған керемет қой, шабыттанған мен парашютпен қалықтап келе жатып анамның айтуымен құлағыма сіңген халық әні «Япурайды» бар дауысыммен шырқадым. Кейін жерге түскен соң командиріміз «аспанда не деп айқайладың?» деп сұрағанда «анамды еске алып, одан үйренген әнді айттым» дедім. Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ орысшаны жақсы үйренгем, сабақты да жақсы оқығанмын. Сондықтан әскерде бірдеңені түсінбей, қинала қоймадым. Ұшқыштар мектебін 1945 жылы үздік бітіргесін, Кеңестер Одағының батыры А.К.Серов атындағы Батийск әскери-ұшқыштар училищесіне жолдама берді. Онда «Ла-5» әскери жойғыш ұшағымен ұшып,  ұшқыштықтың қыр-сырын меңгердім. Ла-5 –­­­­ шассиі жиналатын, жабық кабиналы кеңестік бір моторлы жойғыш ұшақ. Соғыс кезінде Ла ­­­­­­­­– 5 ұшағының маңызы зор болды, негізінен жау ұшақтарын жоюға арналған бұл ұшақпен үш мәрте Кеңестер Одағының батыры атанған Иван Кожедуб, аяғынан айырылса да протезімен авиацияға қайта оралған Кеңес Одағының батыры Алексей Маресьев те әуеде фашист ұшақтарын қиратқан. Мен де атақты ұшақпен аспанға талай көтеріліп, ұшу жаттығулары арқылы оны жақсы меңгердім. Бірақ біз майданға барамын дегенше соғыс бітіп қалды. Солай, 1946 жылдың 3 қаңтарында Мәскеудің Қазан вокзалы арқылы елге қайттым. Үстімде – жасыл шинель. Айтпақшы, бұл шинелдің өз тарихы бар. Соғыс біткен кезде Англия премьер-министрі У.Черчилдің әйелі осындай жеті жүздей жасыл шинель тіктіріп, оны кеңестік ұшқыштарға өз атынан сыйлаған екен. Оны атақты ұшқыштардан бөлек әр жердегі авиация училищелеріне де таратқан. Біздің училищеге жеткен бес-алты жасыл шинелдің бірі үздік курсант ретінде маған бұйырды. (Кейін сол шинелді Қызылордада оқып жүргенде Елеу Көшербаев, Дәуірхан Айдаровтай достармен бірге базарға апарып, бір орыс жігітіне 700 рубльге сатып жібергенбіз). Сонымен Қазан вокзалына келсем, іші-сырты толған әскерилер. Бәрі еліне қайтқалы жүр. Ішке кіру мүмкін емес. Үстімде жасыл шинель, оған советтің погоны тағылған, вокзалдың алдында ары-бері жүргенімде қолдарында автоматы бар екі жігіт маған келіп «Қазақсың ба?» деді. «Иә» дедім. «Қайда барасың?» «Қызылордаға». Билетің бар ма?» «Жоқ». «Онда бізбен бірге жүр, бізге билеттің керегі жоқ, кез келген пойызға отырамыз да кете береміз» деп мені қастарына ертіп алды. Арнаулы тапсырмамен Пензаға кетіп бара жатқан әскери қазақ жігіттері. Бір кезде пойыз келді. Жүрген кезде екеуі бір вагонның тепкішегіне мініп, мені орталарына алды. Пойыз кішкене жүргеннен кейін вагонның терезесін автоматының дүмімен ұрды. Оларды көрген жолсерік есікті ашып, біз тамбурға кірдік. Сөйтіп үшеуміз Пензаға дейін бірге келдік. Ол жерден түскесін маған билет әперуге кассаға апарып еді, касса жабық болып шықты. Сосын олар кассаның есігін ұрып, іштен шыққан адамға маған билет керек екенін айтып, қолма-қол билет жасатып берді. Өздері сол арада қалды. Сол кезде жас болғандықтан ба, бауырына тартып қамқорлық көрсеткен сол екі қазақтың аты-жөнін, қай жақтан екенін сұрамаппын.  width= Сонымен елге жеттім. Елде ешкімім жоқ, жалғыз інім көршілердің қолында екен. Ауылда жүре беруге болмайды, бір қалаға барып жұмыс істеуге белгілі мамандығым жоқ. Ұшқыштығымның ешкімге керегі жоқ. Сосын әрі ойланып, бері ойланып, оқиын деп шешіп, Қызылордаға бардым. Ондағы институтқа барып құжаттарымды көрсеттім. Институт директорының орынбасары Абдулла Құсайынұлы Темірбеков деген өте сауатты, ақылды, кісі екен. Бұрынғы мықты адамдардың тұқымынан болса керек. Ол мені қабылдағысы келіп, «бірінші курстың оқуының  жартысы өтіп кетті, үлгеріп кете аласың ба, алайын» деді. «Үлгеремін» дедім. Сөйтіп, тарих факультеті бірінші курсының екінші семестрінен бастап оқып кеттім. Бұрын өтілгендерді бірге оқыған жігіттер түсіндіріп жүрді. Сондай қамқорлықтың арқасында ары қарай оқып кеттім. Бірінші курсты бітірген соң Абдулла Темірбеков ағамыздың алдына барып лаборанттық жұмыс сұрап едім, ол кісі «сен оқып жүріп ол жұмысты атқара алмайсың, оқуың жайына қалады. Сен 1-курсты жақсы бітірдің ғой, енді 2-курстың жеті сабағының төртеуін емтихан тапсыра алсаң, мен сені сынақтан жедел өтті деп, 3-курсқа қосайын. Ондай «аттап кету» тарихта бар, тіпті Лениннің өзі солай оқыған» деді.  Жаз бойы дайындалып, қыркүйектен бұрын 2-курсқа емтихан тапсырып, 3-курсқа қабылданып кеттім. Институтты бітірген соң сол жерге сабақ беруге оқытушылыққа қалдырды. Бітіретін жылы үйлендім. Ауылда қалған інімді қолыма алдым. Бір жыл институтта төменгі курстарды философиядан оқыттым. Қиын болды, саяси ағарту үйінен Мәскеуде оқылған лекциялардың брошюраларын алып, содан керек тақырыптарды жинап, сабақ өтіп жүрдім. ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНА ТҮСУ мені азамат, адам ретінде дұрыс қалыптастырды – 1949 жылы маусымда «Социалистік Қазақстан» газетін қарап отырып, Қазақ ССР Ғылым академиясының жиырма шақты мамандық бойынша аспирантураға талапкер қабылдайтыны жайындағы хабарландыруына көзім түсті. Соның ішінде философияға бір орын бар екен. Астында академия президенті Сәтбаевтың қолы тұр. Сосын «бақ сынап көрсем қайтеді?» деп әйеліммен ақылдастым. Ол қолдады. Сосын шілде айының аяғында Алматыға келдім. Аспирантураға тапсырдым. Бір орынға үш кісі таластық. Оның біреуі қазақ – Талдықорғанның оқу бөлімінің меңгерушісі, тағы бірі орыс жігіті – бір қаланың атқару комитетінің қызметкері және мен. Философиядан сабақ бергенімнің арқасында екеуінен де бір баллым артық болды. Солайша мен аспирантураға түсетін мүмкіндікті қолдан шығармай, ғылымға бастар тұтқаға қолым ілікті. Мені академияның президенті Қаныш Сәтбаев ағамыз шақыртып алып сөйлесті. «Біз философияға аспирантурадан бір орын беріп едік, оны сен жеңіп алдың. Бірақ бұл жерде саған ол сала бойынша білім беретін адам жоқ. Бірақ мен бұл мәселені Мәскеумен келісіп қойдым. Ол жаққа барып оқитын жиырма шақты баланың ішінде сен де барсың. Білімді Мәскеуден аласың, стипендияны біз төлейміз. Өзім хабар алып тұрам. Онда саған жағдай жасалады. Бұл жайында СССР ҒА президенті Вавилов біледі», – деді. Сонымен Мәскеуде оқыдық. Қаныш Имантайұлы жылына екі-үш рет Мәскеуге пойызбен баратын. Жеңгемізбен бірге келіп, Мәскеудің ең мықты қонақүйіне орналасып болғасын, қойындәптеріне жазылған аты-жөндеріне қарап, аспиранттарды біртіндеп шақыра бастайтын «пәлен уақытта пәлен қонақүйдің мына нөміріне кел» деп. Бір күні мені де шақырды. «Москва» қонақүйіндегі айтқан нөміріне бардым, неге шақырды екен деп толқыдым. Барсам барлық жағдайы жасалған үлкен екі бөлмелік нөмірге орналасқан екен. Жұбайы ана ауыз бөлмеде шай дайындап жүр, өзі төрдегі үстелде отыр. Үстелде жақын қойылған екі орындықтың біреуінде өзі отыр, біреуіне мені отырғызды. Үстелдің үстінде таңғы асқа қажет тәттілер, колбаса, т.б. тағамдар қойылған. Менен «қандай шай ішетін едің?» деп сұрады, «Қаныш Имантаевич, мен шай таңдамаймын» дедім. Қаныш аға бетіме қарап тұрып «Біз – қазақпыз, шырағым. Қазақ шайды сүт қатпай ішпейді, біздің организміміз соған үйренген. Әңгіме шай ішкенде жүреді, шай ішіп отыр» деп өзі шайға сүт құйып ұсынып отыр. Не деген ғажап адам десейші! Өзі бір елдің академиясының президенті, оқуға өзі түсірген аспирантымен тең сөйлесіп, сырласып отыр. Мені сөйлетіп, бар өмір-тарихымды біліп алды. Менің ғылыми жетекшім кім, мен оқитын институттың директоры кім, ол қалай қарап жатыр, жатқан жерім қалай, қасымда кімдер бар, стипендияны қалай алып жатырмын, бәрін қалдырмай сұрады. «Қандайда бір қиындық туса қысылмай айтып отыр, мен өзім сөйлесем. Вавиловпен келісіміміз бар, ештеңеден қам жеме. Өзіңе жағдай жаса, жақсылап. Біз сені үш жылда оқуды бітіреді деп жібердік, сол үшін уақытты бекер жоғалтпа. Уақытың болса, театрға, музейге бар. Мерзім аз, жақсы білім алуың керек» деп ақылын айтты. Мынадай бір қызық жағдай болды. Мәскеу қаласының Киев аудандық әскери комиссариаты қайта-қайта шақырта бергесін бір күні барсам,  тексеріп, комиссиядан өткізді. Сосын бір-екі күннен кейін тағы шақырды. Не үшін деп сұрасам, «Ертең сағат 9-да әскери комиссариатқа кел, сені қайта дайындауға жібереміз. Жаңа реактивті ұшақтарды басқаруға үйретеміз» дейді. «Ол қанша уақыт болады?» десем, «әзірше үш ай, қалғанын кейін көресің» дейді. Оның кемі алты ай не бір жылға созылатынын біліп тұрмын. «Оқуды қайтем?» десем, «кейін жалғастыра бересің» дейді. Бұл мені аспирантурадан айыратынын білдім. Сосын «пәбескіні» алып, институттың директоры, академик Александровқа бардым. Аптасына екі-ақ күн жұмысқа келетін директор сол күні жұмыста екен. Хатшысынан рұқсат алып қабылдауына кіріп, мені әскерге дайындыққа шақырып жатқанын айттым. Ол маған әскерге барсам, аспирантурадан қол үзетінімді айтты да, ЦК КПСС-тің әскери бөліміне телефон соғып, «мұнда біздің аспирантымызды әскерге шақырып жатыр, біз оны қазір жібере алмаймыз. Аспирантураны бітірсін, сосын басыбүтін алсаңдар да шаруамыз жоқ» деп телефонды жауып қойды. Шақыру қағазымды қолыма беріп «Енді мұны естелікке сақтап қой, саған әскери комиссариат тиіспейді, мәселеңді шештік» деді. Солайша, Қанекеңнің қамқорлығы арқасында КСРО Ғылым Академиясы Философия институты аспирантурасын ойдағыдай бітіріп, кандидаттық диссертация қорғап, елге оралдым. Мен келгенде Қазақ ССР ҒА президенті Д.Қонаев еді. Ал Қаныш Имантайұлының академиядан кетуіне сол тұстағы орталықтың «ғылымдағы ұлтшылдықпен күресуі» себеп болған еді. Оны Алматыда қамамақ болғанда, Мәскеудегі достары шақырып, аман алып қалған. Мен кеткенде елде философ ғалым жоқ еді, келсем екі кісі философиядан кандидаттық диссертация қорғаған екен. Біріншісі, Мария Қожамұратова болса, екіншісі, «Жамбыл шығармашылығындағы патриотизм» деген тақырыпта диссертация қорғаған Қасым Бисембиев деген азамат екен. Ғылым академиясында 11 жыл қызмет істеген соң, 1964 жылы сол кездегі Қазақ политехникалық институтына, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне ауысып, ол арада 40 жыл философия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқардым. Сол жерде талай жетістікке жеттім. Бізді ғылым жолында қолдаған Қаныш Имантайұлы, Димаш Ахметұлы секілді ұлы тұлғалар болғасын солардың атына сөз келтірмейік деп азаматтық намысымызды биік ұстауға тырыстық. 1986 жылғы 19 желтоқсанда  біздің институтқа Соломенцев, Кольбин, Меңдібаев, Камалиденов тағы бір топ адам келді. Мен ол кезде кафедра меңгерушісі, партия мүшесімін. Жиналыс кешке болды, ректорат пен партия мүшелері қатысқан жиналыс. Біздің ректорымыз 15 минут баяндама жасап, институттың жағдайын айтты. Сосын бірінші болып мен шығып сөйледім. Содан бір күн бұрын қалалық партия комитетінде айтылған «Қазақ ұлтшылдығы» деген ұлтты айыптайтын жалалы сөз тарап, оны елдің бәрі есіткен еді. Өз сөзімде сол туралы сөз қозғап, халыққа олай кінә тағуға болмайтынын айттым. Сонда Соломенцев мені тоқтатып, алаң жақты қолымен нұсқап, «ана алаңда болған жағдайда ұлтшылдық жоғын қалай дәлелдейсің?» деді. Мен «оның себебін зерттеу керек. Қазақ ұлтшылдығы деу қателік» дедім. Кейін осындай сөзді академик Салық Зиманов, ақын Жұбан Молдағалиев те айтты. Сол сөзім үшін кейін Қазақстан Орталық комитеті жағынан қысым да жасалды. Шақырып алып, «баяғы сөзіңді қателесіп айттым деп мойында» деген де жағдайлар болды. Бірақ айтқан сөзімнен танып, өз пікірімді теріске шығарған жоқпын. Бір қызығы, З.Камалиденов маған деген көзқарасы дұрыс екенін білдіріп жүрді. Кейін көп уақыт өткеннен соң емханада кездесіп қалғанымызда менімен құшақтасып көрісті. Осы күнде ойлаймын, солар іштей болса да орталықтың өктемдігіне қарсы болды-ау деп. Қанша дегенмен қазақ қой, өздері айта алмаған сөзді біздің айтқанымызға риза болған шығар. Басымыздан сондай қиын-қыстау жайлар өтсе де, азат елге айналғанымызға тәуба деймін.  width= ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ ДЕСЕК, Солардың қатарында Túrkistan саяси апталығының өз орны бар – Ахмет Байтұрсыновтың айтқанындай, «газет халықтың көзі мен құлағы» ғой. Еліміздің еркін елге айналып, тәуелсіз мемлекет атануына ұлттық баспасөздің әсері ерекше. Тереңдей қарасақ, газет біздің ұлтты қалыптастырған, өзге елдермен терезесін теңестіруге өлшеусіз зор үлес қосқан қазынамыз. Солардың қатарында Túrkistan  халықаралық саяси апталығының да лайықты орны бар. Túrkistan – тәуелсіздігіміздің жемісі, сондықтан оның ширек ғасырлық жолы жаңа дәуірдегі қазақ халқының жолы. Түркістан деген сөздің мағынасы кең, ол тұтас Орталық Азияны білдіретін сөз. Сондықтан осынау қасиетті ұғымды өзіне ныспы қылған газеттің көтерер жүгі, атқарар міндеті аз болмаса керек. Мен Túrkistan газетін алғашқы саны шыққалы оқып келе жатқан оқырмандарының бірімін. Газет қазақтың рухани дүниесін байытуға мол үлес қосып келеді. Онда жарияланып жататын тұлғалы ғалымдардың, жүйрік саясаткерлердің, мықты әдебиетшілердің, шебер журналистердің материалдары әрдайым көпшілікке ой салып, өнеге береді. Кейінгі жылдары  Túrkistan газеті  заманмен бірге түлеп, жаңа кеңістікке қол созып жатқаны байқалады. Ол қуанышты жағдай және оның бәрі ізденімпаз жастардың жемісті еңбегінің көрінісі деп деп ойлаймын. Елімізде болып жатқан оқиғаларға баға беруде өз ұстанымы бар газеттің әрдайым шыққан биігінен түспей, одан әрі көтеріле беруіне тілек қосамын.

Әңгімені жазып алған

Ахмет ӨМІРЗАҚ,

Алматы қаласы