Бозжырадағы дау: Берік Уәли Президент тапсырмасына түсінік берді

Бозжырадағы дау: Берік Уәли Президент тапсырмасына түсінік берді

Бозжырадағы дау: Берік Уәли Президент тапсырмасына түсінік берді
ашық дереккөзі
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Маңғыстау облысының Бозжыра қорығы аумағында қонақүй құрылысы жобасын қайта қарау туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына түсінік берді. «Кеше Facebook әлеуметтік желісінде Президенттің Бозжыра қорығы аумағында салынатын қонақүйдің құрылысын қайта қарауды тапсырғаны жайында жазып едік. Аталған жазба ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі сұрақтар қойылып жатыр. Сондықтан осы мәселеге тағы бір мәрте оралып, қосымша түсініктеме бергенді жөн деп таптық. Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақүй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорығына орасан зиянын тигізуде. Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке қонақүй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді», –деп жазды Б.Уәли Facebook-тегі парақшасында Оның айтуынша, қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақүй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалатын болады.