Кәсіподақтар және ҰКП. Тағы 6 өңірден Nur Otan партиялық тізіміне кімдер енді?
Кәсіподақтар және ҰКП. Тағы 6 өңірден Nur Otan партиялық тізіміне кімдер енді?
Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында Nur Otan-ның Мәжіліске арналған партиялық тізіміне 21 үміткер анықталды. Партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, аймақтық сайлауалды бағдарламалары бекітіліп, «Nur Otan»-ның XX Съезіне қатысу үшін делегаттар сайланды.
Сонымен, дауыс беру қорытындысы бойынша Жамбыл облысында тізімге Мойынқұм аудандық партия филиалының төрағасы Мәден Мұсаев, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілі Мейрамбек Төлепберген, денсаулық сақтау саласының өкілдері Гүлдар Нұрымова мен Гулам Омаров, сондай-ақ мектеп директоры Сұлтан Өсербаев енді.
Ақмола облысында пікірсайыс қорытындысына сәйкес ең көп дауысты Сандықтау ауданында тұратын партия мүшесі Асқарбек Үйсімбаев жинады. А.Үйсімбаевтан 22 дауыс кем жинаған кәсіпкер Павел Безвербный екінші орынға шықты. Үздік үштікке білім беру саласының өкілі Мәди Елубаев та кірді.
Павлодар облысында 4 орын үшін 16 үміткер бақ сынады. Пікірсайыс қорытындысы бойынша жеке сектор өкілдері Анатолий Бойчин мен Гүлнар Қайдарова, сондай-ақ партияның аудандық филиалдарының өкілдері Жанат Шұғаев пен Данияр Айтышев жеңімпаз атанды.
Солтүстік Қазақстан облысында бірінші орынды кәсіпкер Геннадий Зенченко иеленді. Одан кейінгі орынға «Солтүстік» ӘКК басшысы Есжан Оразалин жайғасты. Үшінші орында – жеке сектор өкілі Дмитрий Колода.
Атырау облысында дебатқа 10 үміткер қатысып, олардың арасынан партиялықтар үшеуін таңдады. Атап айтқанда, жеке сектор өкілдері Дүйсенбай Тұрғанов пен Сәлімжан Нақпаев және аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали.
Ал Маңғыстау облысында ең көп дауыс жинаған кәсіпкерлік саласының өкілдері Самат Мұсабаев, Еділ Жаңбыршин және Оспан Қазақбаев болды.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілістің партиялық тізіміне елорда, Алматы, Шымкент қалалары мен 8 облыстан кандидаттар сайланған болатын. Қорытынды тізім 25 қарашада партияның XX Съезінде бекітіледі.
Барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа 6253 адамнан тұратын партиялық тізімдер жасалып үлгерді.
Әйелдердің үлес саны 22-ден 34%-ке дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24%-ке дейін артты. Қазіргі қызмет етіп отырған мәслихаттардың құрамымен салыстырғанда орташа жасы 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды.