Жаңалықтар

Бүгін – коронавирус жұқтырған алғашқы науқастың тіркелгеніне 1 жыл

ашық дереккөзі

Бүгін – коронавирус жұқтырған алғашқы науқастың тіркелгеніне 1 жыл

Бүгін COVID-19 жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелгеніне тура бір жыл болды. 2019 жылдың 17 қарашасында Қытайдың Ухань қаласында коронавирусқа шалдыққан алғашқы науқас анықталған болатын, деп жазады South China Morning Post.  Аты да, заты да беймәлім жаңа дертпен ауырған алғашқы адам – Хубэй аймағының 55 жастағы тұрғыны. 17 қарашадан бастап күніне бірден беске дейін коронавирус жұқтырудың жаңа деректері тіркеліп отырған. 15 желтоқсанға қарай вирус жұқтырғандардың жалпы саны 27 адамға жетті. 20 желтоқсанда жаңа дертке шалдыққан 60 адам тіркелген. Жаңа вируспен бетпе-бет келгендерін қытайлық дәрігерлер желтоқсанның соңында ғана түсінік, әлемді құлағдар етті. 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа типті коронавирустың таралуын пандемия деп атап, жаһан елдерін сақтықты күшейтуге шақырды. Бүгінде әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 55 миллионнан асып жығылды. Індеттен 1,3 миллионнан астам науқас көз жұмды. Ал Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі 13 наурызда тіркелді. Індеттің таралуын шектеу мақсатында елімізде 16 наурыздан 11 мамырға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. 5 шілдеде республикада локдаун режимі күшіне еніп, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен жазғы алаңдары бар тамақтану орындарынан басқа нысандардың жұмысы тоқтатылды. Бүгінде елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 121 653-ке жетті. Індеттен 110 мыңнан астам отандасымыз емделіп шықты. 1899 науқас қайтыс болды.