Қыркүйектен бері 241 мұғалім коронавирус жұқтырған
Қыркүйектен бері 241 мұғалім коронавирус жұқтырған
Оқу жылы басталғалы елімізде 241 мұғалім коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
"Оқу жылы басталғалы республика бойынша мектепте қызмет ететіндер арасында коронавирус жұқтырудың 241 жағдайы тіркелді. Бұл - еліміздің 17 өңіріндегі мұғалімдер. Әр жағдай қандай мамандық бойынша жұмыс істейтініне қарамастан тексеріледі. Науқаспен байланыста болғандар анықталып, тиісті шаралар қолданылады", - дейді Айжан Есмағамбетова.
Айта кетейік, бұдан бұрын комитет төрайымы дәстүрлі форматта оқып жүрген оқушылар үшін мектептерде жаңажылдық іс-шаралар өтпейтінін айтқан.
Еске салсақ, екінші тоқсаннан бастап елордадағы жалпы білім беретін мектептерде 5-сынып, ал халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейінгі оқушылар дәстүрлі білім беру жүйесіне көшті.
Сондай-ақ, Алматыда екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейінгі мектептердің жұмысын дәстүрлі форматқа көшіруге рұқсат етілді. Ал сыныптағы оқушылардың саны 15-тен аспауы тиіс.