Берекесі қашқан Беларусь
Биылғы жылдың 9 тамызында Беларусьта өткен президент сайлауында сайлаушылардың 80,1% дауысын жинаған Александр Лукашенко жеңіске жетті. Бұл – елдің Орталық сайлау комиссиясы жариялаған нәтиже. Ал Беларусь халқы сайлау қорытындысы бұрмаланғанына сенімді. Ел тұрғындарының пікірінше, шын жеңімпаз – Светлана Тихановская. Елде үш айдан бері наразалық акцияларының басылмауы сондықтан. Әділ қоғам орнатамыз деп жанталасқан беларусьтықтардың әрекеті нәтиже берер емес. Бастапқыда күштік құрылымдар шерулерді басу үшін қатаң шаралар қолданды. Бұл халықтың наразылығын үдете түсетінін түсінген ел билігі екінші кезеңде жаңа контршараларды қолға алып, кәсіпорындарда Александр Лукашенкомен жеке кездесулер ұйымдастырылды. Үшінші кезеңде қалыпты өмірге оралу үшін Беларусь билігі конституциялық реформа мәселесінде мәмілеге келіп, келіссөз алаңдарын ұсынды. Десе де, төртінші кезеңде билік пен халық арасындағы кикілжің ушыққанын, күш қолдану, басып-жаншу әрекеттері қайтадан кең қолданыла бастады. 21 қазанда Беларусь Республикасы Конституциясына өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстар жинау уақыты белгісіз мерзімге ұзартылды. Бастапқыда бұл процесс 25 қазанда аяқталады деп жоспарланған еді. Ал 25 қазанда С.Тихановскаяның Лукашенкоға жариялаған ультиматумының мерзімі аяқталды. Оппозиция көшбасшысы президенттің отставкасын, сондай-ақ, саяси тұтқындардың босатылуын, елде зорлық-зомбылықтың тоқтатылуын талап еткен болатын. Алайда билік бұл талаптардың бірде-біреуіне құлақ асқан жоқ. Бұған жауап ретінде Светлана Тихановская мемлекетте жалпыұлттық ереуіл жариялады. Билік елдегі ең ірі кәсіпорындар жұмысы тоқтатылуының алдын алып үлгерді. Наразылық акциясы жоспарланған ауқымды қамти алмады. 27 қазанда А.Лукашенко елге террористік қауіп төнгенін мәлімдеді. Президент Беларусьтағы ереуілдерді Литва мен Польша ұйымдастырып отырғанын айтып, кәсіпорындардағы наразылыққа шығатын жұмысшыларға ақша төленген деген долбар жасады. 30 қазанда Александр Лукашенко наразылық акцияларының қатысушыларына қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Соған қарамастан 1 қарашажа Минскте «Террорға қарсы марш» деген атаумен тағы да рұқсат етілмеген митинг өтті. Үш айдан бері толастамай тұрған ереуілдер елдің берекесін бұзып қана қоймай, ырысын да ортайтты. Пандемия мен тұрақсыз саяси ахуал салдарынан Беларусь экономикасының жоғалтқаны аз емес. Беларусь рублінің әлемдік валюталарға шаққандағы құны құлдырады. Елдің қаржы министрлігінің дерегінше, бюджет дефициті 1,8 млрд рубльға (шамамен 600 млн еуро) құраған. Жыл соңына дейін тіпті 5 млрд рубльға (1 млрд 665 млн еуро) жетуі мүмкін. Мамандардың сөзінше, бұған салықтардың қазынаға жүйелі түрде құйылмауы және мемлекет шығындарының артуы себеп. Беларусьтің мемлекеттік қарызы да ұлғайып барады. Жыл басынан бері елдің берешегі 27 пайызға артқан. Ал, елдің ішкі жалпы өнімі, керісінше құлдыраған. Қаңтар мен қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Беларусь экономикасы 1,3 пайызға төмендеген.Қырғыздар қарызға батты
Қырғызстанда 4 қазанда өткен Жогорку Кенеш сайлауы да елдегі берекесіздіктің бастауы болды. Пропорционалды жүйе бойынша өткен сайлауда 120 депутаттық мандатқа 16 партия таласты. Сайлау науқаны қоғам қысымымен өтті. Беделі күмәнді олиграхтық топтардан құралған партияларды сайлауға қатыстырған биліктің ісіне наразылық танытқан халық ел басшылығын ашық айыптады. Сайлаушылар билікті, әсіресе, «Биримдик» және «Мекеним Кыргызстан» партияларын қолдағаны үшін сынға алды. 4 қазанда Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын-ала қорытындысын жариялады. Ондағы дерек бойынша, шекті 7 пайыз дауысқа 4 партия қол жеткізген. «Биримдик» (24,53%) және «Мекеним Кыргызстан» (23,9%) партиялары сайлау үздіктері деп танылып, Жогорку Кенештегі 90 орынға қол жеткізгенін естіген халық сайлаудан соң жаппай көшеге шығып, оппозициялық партиялардың әрекеттерін қолдады.Украина: Орындалмаған уәде, сетінеген сенім
Түрлі-түсті революциялар жайлы сөз қозғалса, төңкерістердің салдарын жеңе білген мемлекет ретінде Украина жиі ауызға алынады. Саясаттанушылар бұл мемлекетті демократиялық өзгерістерге қадам басқан, экономикалық һәм саяси ахуалын оңалтып, халқының тұрмысын түзей білген ел деп дәріптейді. Өкінішке қарай, күшпен және революциялық жолмен билік ауысқан билік баянды бола бермейтінін уақыт бірнеше мәрте дәлелдеді. Украинадағы бүгінгі тұрақсыз экономикалық жағдай да соның дәлелі болса керек. Биылғы жылдың соңына дейін Украина 407 миллиард гривна (14,2 млрд доллар) берешегін өтеуі тиіс. Оның 169,24 млрд гривнасы – сыртқы қарыз болса, 231,46 млрд гривнасы – ішкі қарыз. Ішкі жалпы өнімге шаққанда Украинаның мемлекеттік қарызы 2020 жылдың екінші тоқсанында 78,8 пайызға дейін өскен. Сарапшылардың айтуынша, сыртқы берешектің көбеюіне мемлекеттік сектор қарызының 1,4 млрд долларға, ал жеке сектор қарызының 1,1 млрд долларға ұлғаюы себеп. Бұл – ішкі жалпы өнімнің 44,8 пайызы. Украинаның Ұлттық банкінің сыртқы қарызы биылғы жылдың екінші тоқсанында 54 млн долларға кеміп, 6,9 млрд долларды құрады. Алайда бұл тиімді саясаттың жемісі емес, валюта курсының құбылу нәтижесі. Банк порталындағы ақпаратқа сүйенсек, соңғы жылдары елдің сыртқы қарызының өсімі валюталық резевтердің өсімінен әлдеқайда жоғары. 2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша мемлекеттің жиған-тергені қарызының 52 пайызын ғана жабуға қауқарлы. Жуырда өткен атқарушы биліктің жергілікті органдарына сайлауда ел президенті Владимир Зеленскийдің «Халық қызметшісі» партиясы сәтсіздікке ұшырады. Популизммен құлашын кеңге жайған бұрынғы танымалдылық бұл жолы көмектесе алмады. Сарапшылардың пікірінше, партияның сайлауда биіктен көріне алмауына сенімсіздікпен жүргізілген саясат және сайлау алдында берілген уәделердің орындалмауы себеп. «Халық қызметшісі» партиясының кандидаттары Украинадағы сайлау округтерінің жартысынан астамында жеңіліс тапты. Бұл сайлаушылардың популистік ұрандардан жалыққанын, сөзден гөрі нақты іс көргісі келетінін аңғартады.Ауру жайлаған АҚШ – Трамп саясатының «жемісі»
Бірер апта бұрын жаңа көшбасшысын сайлаған АҚШ-тың да жағдайы мәз емес. Мызғымастай көрінетін экономикасы да, сыр алдырмайтын саясаты да шытынай бастағандай. «Пандемия тек дамушы елдерді әлекке салады» деп бастапқыда жасалған байыпсыз болжамның күлі көкке ұшқалы қашан. АҚШ індет жұқтырғандар саны жөнінен де, кесірлі кесел құрбандарының саны жөнінен де әлемде көш бастап тұр. Елде коронавирусқа шалдыққандар саны 11 миллионнан асты. Науқастардың 246 мыңнан астамы көз жұмды. Америкалық медицина қатерлі вирустың алдында қауқарсыз екенін көрсетті. Елдің экс-президенті Дональд Трамптың індет қаупін мойындамауы, карантин енгізуге енжарлық танытуы салдарынан коронавирус бақылаудан шығып, штаттарды емін-еркін кезіп кетті.Қазақстан: Тұрақтылықты сақтау – басты міндет
2020 жылы Қазақстан экономикасы қос бүйірден соққы алды. Біріншіден, мұнай бағасының күрт төмендеп, өндіріс көлемінің азайса, екіншіден, коронавирустың таралуына байланысты еншізілген локдаун салдарынан көп кәсіпорынның жұмысы тоқтап, елімізде іскерлік белсенділік төмендеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жедел әрекет еткен ел Үкіметі елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін дағдарысқа қарсы шараларды әзірледі. Жұмысы тоқтаған кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субектілері жыл соғына дейін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босатылды. Жергілікті деңгейде салықтық преференциялар мен қолдауды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 5,9 трлн теңгені құрады. Оның 3,4 трлн теңгесі – республикалық бюджет есебінен, ал 2,5 трлн теңгесі – бюджеттен тыс қаражат есебінен. Пандемия жағдайында жұмыссыздық деңгейі шарықтап кетпеуі үшін Жұмыспен қамтудың Жол картасын қаржыландыруға 1 трлн теңге бөлінді. Бұл қаражат өңірлерге инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Экономикалық қиындықтарға қарамастан елдегі ең өзекті әлеуметтік мәселе – тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар да тұралаған жоқ. Мемлекет қосымша 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу үшін 390 млрд теңге (бюджеттен тыс қаражат) бөлді. Сондай-ақ, елімізде әлеуметтік төлемдер (зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек) 10%-ға дейін қосымша индекстеліп, шәкіртақылардың көлемі артты. Жалпы сомасы 313 млрд теңгеге коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеуді де мемлекет өз мойнына алды. Табысынан айрылған 4,5 млн қазақстандық мамыр айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды. Тамыз айында карантин қайта енгізілуіне байланысты 2,5 млн қазақстандыққа жәрдемақы төленді. Бүгінде 2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар іске асырылуда. 10 бағыт бойынша жоғалтқанымызды түгендеп, ортайғанымызды толықтыруға күш салынып жатыр. Пандемия кезінде атқарылған бұл шаралардың нәтижесі алдағы Мәжіліс сайлауының қорытындысына, яғни халықтың таңдауына ықпал етері сөзсіз. Басшысы қосшысын менсінбейтін, халқы билігін мойындамайтын көп мемлекеттегі мазасыздықты көргенде өз еліміздегі тұрақтылыққа шүкір дейсің еріксіз. Халық үніне құлақ асатын мемлекет, елдің мүддесін қара бастың қамынан биік қоятын билік жүгенсіздікке ұрынбасы анық. Алдағы сайлауда әділеттілігіміз ғана емес, ынтымағымыз бен бірлігіміз де сыналмақ. Берекеміз бекем болғай.