Қазақстан Президенті Н.Назарбаев РФ президенті В.Путинмен кездесті

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев РФ президенті В.Путинмен кездесті

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев РФ президенті В.Путинмен кездесті
ашық дереккөзі
Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мемлекетінің басшысы Владимир Путинмен Сочиде кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді ортаға салды. Кездесу барысында Владимир Путин ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркиямен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. "Сіз Ресей-Түркия қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру туралы айттыңыз. Осыған байланысты аралық миссияңызды ойлап, жасаған амалдарыңыз үшін алғыс айтамын. Көріп отырғанымыздай, бұл қадам жемісті болды. Біз көптеген жылдар бойы бірегей ынтымақтастық қарым-қатынасымыз бен өзара іс-қимылымыз орныққан достас Түркиямен толық форматтағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге риясыз ұмтылыс жасап отырмыз. Түркия президенті Р.Ердоғанның Ресейге соңғы сапары екіжақты байланыстарды қалыпқа келтіру ғана емес, оны дамыту жөнінде де біздің толыққанды жұмыс жүргізуге ниетті екенімізді дәлелдеп берді. Сол үшін Сізге көп рахмет", – деді Путин. Өз кезегінде  Назарбаев Мәскеу мен Анкараның қарым-қатынасына қолдау көрсететінін жеткізді. "Бұл қарым-қатынастар Қазақстанға әсер етті. Өзіңіз білесіз, біздің де олармен байланысымыз бар", – деді Назарбаев. Екі ел басшылары G20, ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі және Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өтетін алдағы кездесулерге дайындық барысын пысықтады. – Біздің қарым-қатынасымыз саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да үлгі етуге лайық деп санаймын. Осы жылдары Қазақстан мен Ресейдің 6 мың бірлескен кәсіпорны құрылып, интеграциямыздың өмірде нақты іске асқанын көрсетті. Алдағы Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына үлкен үміт артамын. Оның экономикалық тұрғыдан маңызды кездесу екенін білемін, осыған орай көптеген жобалар әзірленуде. Қазіргі мәселелер біздің үкіметтеріміз арқылы шешімін табуда. Елдеріміздің міндеті – осындай қиын жағдайда әрдайым бірге болу және бір-бірімізге көмектесу. Достық, ынтымақтастық пен өзара көмек туралы шартқа және ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа негізделген Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы тұрақты болып қала береді. Қазақстан мен Ресей сенімді көрші әрі әріптес болып саналады және барлық мәселелерді өркениетті елдердегі үлгі бойынша шешеді. Ресейдің Түркиямен қарым-қатынасы жақсарып келе жатқанына қуаныштымын, – деді Қазақстан Президенті.   Сондай-ақ, В.Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқанына назар аударды. – Әрине, біз экономикада қиындықтарға да кезігіп тұрамыз, әсіресе әлемдік шикізат нарығындағы тұрақсыздық пен валюталық ауытқу жағдайында төмендеу байқалуда. Қазіргі ынтымақтастық тетіктері бізге оны еңсеруге мүмкіндік береді. Ал бізде мұндай тетіктер тиімді жұмыс істеуде, – деді Ресей президенті. Екі ел басшыларының кездесіп, аймақта орын алған жайттарды талқылауы екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта түспек.