Жыл соңына дейін мемқызметтердің 90 пайызы электронды түрде көрсетіледі

Жыл соңына дейін мемқызметтердің 90 пайызы электронды түрде көрсетіледі

Жыл соңына дейін мемқызметтердің 90 пайызы электронды түрде көрсетіледі
ашық дереккөзі
Елімізде жыл соңына дейін электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемі 90 пайызға жеткізіледі. Бұл туралы  ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. «Жылдан жылға электронды түрде көрсетілетін қызметтер саны ұлғаюда. Қазіргі таңда мемлекеттік тізілімде 700-ге жуық қызмет бар. Олардың 85,5 пайызы онлайн түрде көрсетіледі. Біздің мақсатымыз - биыл осы көрсеткішті 90 пайызға дейін жеткізу», - деді ол. Министрдің сөзінше, мемлекеттік органдардың ішінде мемлекеттік қызметтерді электронды түрге көшіру барысында тиісті көрсеткішке жете алмай отырғандары бар. «Көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің құзіретінде. Олар жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесін қарасақ, еліміздің аумақтарында халықтың мемлекеттік қызметтермен қанағаттану деңгейін көтеру қажет екендігі айқын. Ол үшін алдымызға қойылатын бірқатар ашық мәселе бар. Мысалы, мемлекеттік қызметті алу үшін халық әлі де тікелей мемлекеттік органға немесе әкімдікке жүгінеді. Осындай қызметтер саны - 200-ден астам», - деді ведомство басшысы. Мәселені талдау үшін министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп, халықтан келіп түскен өтініштерді зерттепті. Нәтижесінде 2 млн-нан астам өтініштердің 30 пайызы мемлекеттік қызметке екені анықталған. «Осындай жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қарағанда өтініштердің мерзімдері бұзылуы мүмкін. Өйткені, бақылауға арналған ақпараттық жүйеге кірмейді және жеке қарым-қатынас кезінде сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін»,- деді министр. Бұл мәселені шешу мақсатында барлық қызметтерді баламасыз тек ХҚКО-ларда немесе электронды түрде көрсету тетігі жолға қойылмақ. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бағдат Мусин  Қазақстанда қанша адам интернетпен қамтылғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, еліміздегі 18,7 млн халқымыз 6500-ге жуық елді мекенде тұрады. Солардың ішінен 4 751 елді мекенде түрлі технологиялар бойынша (3G, 4G, оптика-талшық және т.б.) жалпы интернет бар деуге болады. Осылайша еліміздегі 17,5 млн халық интернетпен қамтылған. Сондай-ақ, министр Қазақстан қалаларында 5G желісі қашан іске қосылатынын айтқан еді. Бағдат Мусиннің дерегінше, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G желілері 2022 жылы, ал облыс орталықтарында 2025 жылға дейін іске қосылмақ.