«Фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеу керек» – Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңес өткізді.

– Медициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетті. Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан астамында заң бұзушылықтар анықталған. Ауруханалар аймақтарға толық бөлінбеген. Нәтижесінде емделушілер мен аурухана қызметкерлерінің індет жұқтыру қаупі сақталып отыр. Шын мәнінде, барлық өңірлерде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені көрінді. Атап айтқанда, коронавирус індетімен қатты ауырған науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспрезидентеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмектерді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда, – деді Президент.

Фармацевтика
©akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол медициналық ұйымдардың, дәріханалардың не сатып алғанын, жалпы бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы дәрі-дәрмек қорын анықтауды талап етті.

Үкімет әкімдерімен бірлесіп, бекітілген емдеу нормалары мен хаттамасына сәйкес келетін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сатып алынуын қамтамасыз етуі керек.

– Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мәселені қарастыруды тапсырамын. Жалпы Агенттік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу ісіне ат салысып, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы санитарлық талаптар мен шектеу шараларының сақталуына компания басшыларының және бизнес иелерінің жауапты екенін еске салды. Соңғы уақытта ірі кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында вирус жұқтырғандарың саны арта бастады. Қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдай және азаматтар көп шоғырланатын орындарда әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы алаңдаушылық тудыруда.

– Ата-аналар шыдамдылық танытып, қазіргі ахуалға түсіністікпен қарауы керек. Осындай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасып отыр. Біз білім сапасының төмендеуіне жол бермеуіміз қажет. Оқыту нәтижесіне мониторинг жүргізіп, білім саласындағы олқылықтарды жою үшін уақтылы шаралар қабылдау керек. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, шектеу шараларына қарамастан, білім сапасын бақылауды күшейтуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қажетті көлемдегі қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл үшін Үкімет отандық бетперделер мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндірушілерді кепілді көлемдегі шикізатпен қамтамасыз етудің тетігін әзірлеуі тиіс. Пандемияға қарсы барлық шаралар мейлінше ашық болуы қажет.

– Үкімет жемқорлыққа жол берілуі мүмкін барлық учаскелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Бұл – медициналық бетперделер мен дәрі-дәрмек бағасын арттыру, бақылау-өткізу пунктеріндегі құқық бұзушылықтар, медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау кезіндегі жемқорлық. Бақылаушы органдардың, яғни, полиция қызметкерлерінің, әкімдіктер мен мониторинг өткізетін топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аудару қажет. Пандемия кезінде оларға бизнес пен азаматтарды тексеруге зор, яғни, төтенше өкілеттіктер берілді деуге болады. Бұл өзін-өзі ақтады. Мұндай өкілеттіктерді дұрыс қолданған жөн, оны асыра пайдалануға болмайды. «Кімді және қашан тексеретінімді өзім білемін» деген қағидаға жол берілмесін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген қиындықтар мен дағдарыстар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын тағы да атап өтті. Айтарлықтай жетістіктеріміз де бар. Мәселен, екі бірдей отандық вакцина келешегі зор әлемдік биоқұралдардың қатарына енгізіліп, қазіргі уақытта оларға клиникалық зерттеулер жүргізілуде.

– Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей Президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бәрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қарауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Президент барша азаматтарды тәртіпті қатаң сақтауға, уақытша шектеу шараларына түсіністік танытуға шақырды. Ең алдымен, бұл барша қазақстандықтардың денсаулығы үшін қажет. Мемлекет басшысы дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген барша азаматтарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ кеңесте Премьер-Министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов сөз сөйледі.

Back to top button