Левитке алтын медаль иегерінің сыйақысы беріледі

Левитке алтын медаль иегерінің сыйақысы беріледі

Левитке алтын медаль иегерінің сыйақысы беріледі
ашық дереккөзі

         91 келі салмақтағы бокс бәсекесінің финалында Олимпиаданың күміс медалін місе тұтқан Василий Левитке алтын медаль иегеріне табысталатын сыйақы берілетін болды. Яғни, төрешілердің әділетсіз шешімінен соң Ресей боксшысы Тищенкодан жеңілген Қазақстан боксшысы мемлекет тарапынан 250 мың АҚШ доллары көлемінде сый алады.  Бұл туралы Қазақстан Бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.

         «Василий Левит Олимпиада рингінің финалдық кездесуінде тамаша нәтиже, жеңіске де айрықша ерік-жігер көрсетті. Ол Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алғаннан кейін оған мемлекет 150 мың доллар сыйақы береді. Бұған қоса, Қазақстан Бокс федерациясының президенті Құлыбаевтың шешімімен аталған сомаға тағы да 100 мың доллар қосылады. Осылайша Левиттің сыйақысы «алтынмен» теңеседі», – делінген хабарламада. Сондай-ақ федерация Левитті Олимпиада медалімен құттықтап, оның Қазақстан Бокс федерациясының, жаттықтырушылар штабының және бүкіл елдің сенімін ақтағандығын атап өткен.

         Еске сала кетейік, 15 тамыз күні өткен жұдырықтасуда ресейлік қарсыласын қуып жүріп сабаған боксшымыз Василиі Левитті төрешілер жеңімпаз деп мойындаған жоқ. Сөйтіп 91 келі салмақтағы бокс бәсекесінің финалы спорттың саясат екенін тағы бір дәлелдеп берді. Левит өзінен бойы ұзын қарсыласына шаршы алаңның бесінші бұрышын іздетіп жіберсе де, Тищенконы бірнеше мәрте құлатса да, ресейліктің бет-жүзінен сау жерін қалдырмаса да, төрешілер қарсыластың қолын көтерді. Марапаттау рәсімінде жатжұрттық жанкүйерлердің бәрі «Қазақстан» деп айқайлағанын, АИБА шешіміне наразылық танытқанын көзіміз көрді. Алайда, Халықаралық бокс қауымдастығының мүшесі ретінде Қазақстан Бокс федерациясы бұл ұйғарымға қарсылық білдіре алмайды.  «АИБА ережесі бойынша төрешілер шешіміне наразылық танытылмайды және біз Халықаралық бокс қауымдастығының мүшесі ретінде бұл ережелерді сақтауға тиіспіз. Қазақстан Бокс федерациясы төрешілер шешімін сыйлайды», – делінген федерация мәлімдемесінде.