Абай және білім жолы

Абай және білім жолы

Абай және білім жолы
ашық дереккөзі
Абай шығармаларының басты идеологиялық қазығы – «қалың елі, қайран жұрты қазағының» бойындағы кемшіліктерді жойып, ғылым-білімді меңгерген, «ақыл, қайрат, жүректі» бірдей ұстанған, «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» болған, береке-бірлігі жарасқан, ой-өрісі дамыған халқының болашағы, тәлім-тәрбиесі, ғылым-білімі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларында айтылғандай: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады». Біз бү­кіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. За­ман талабына сай білім алу интел­лек­туалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Ғылым-білімді терең меңгеру – болашағы мәңгілік елдің маңызды бағытының бірі. Рухани кемелділік те, ұлттық таным мен тәрбие де біліммен молая түсері хақ. Сол білімге бастар, келешек ұрпаққа да, бүгінгі замандастарымыз баршамызға да «өшпес өмір, таусылмас мал берелік» темірқазықтай жол көрсетер «білімді данышпанымыз» тұр емес пе?! Ендеше Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқанындай «ақылын тегінге сатқан» Абай мұрасына үнемі сүңги берсек, тереңге бойлай түсеріміз анық. Рухани байлық та, кемелділік те сол тереңдікте. Ақынның өзі: Малда да бар жан мен тән, Ақыл сезім болмаса. Тіршіліктің несі сін Тереңге бет қоймаса , – дейді емес пе?! Ал сол тереңдік Абай мұрасында жатыр ғой... Хакім Абай айтқан әр сөз, құнды ой өміршеңдігімен маңызды. Қанша уақыт өтсе де, замана көшінің әр кезеңде де маңыздылығы артып келе жатқандығы анық. Шындығында да қазіргі таңда да «Оқыған білер әр сөзді» дегендей ғылым-білімге ден қоюымыз қажет. «Ғылым таппай мақтанбауымыз, Өнер таппай баптанбауымыз» керек. «Артық  білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп кітап құмарлығымызды арттырып, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» тек білімге, ақылға, еңбекке сенуіміз қажет. Сол себептен де қазіргі нарықтық заманда бос жатпай «Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп ойлап, мал ізде»,- дегеніндей жанталаса еңбек ету қажет. «Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек» керек. «Адал бол – бай тап, Адам бол - мал тап», -дейді Абай. Ал мал табудың да негізі – білім мен ғылымда екендігі ақиқат. «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», «Керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керекпіз»,- дейді Абай хакім.  Ақын айтқандай «Дүние де өзі мал өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» емес пе қазіргі таңда да. Түбінде баянды еңбек – егін салған Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған. Ал олай болса ғалымдық  жолдың алғашқы бастамалары қалай болмаққа керек?! Абайдың айтқаны ең алдымен ғылымды меңгерудің, білімді болудың басты мақсаты «прошение жазуға» емес, яки болмаса «я тілмаш, я адвокаттық» емес, қазіргі заманның тілімен айтсақ құр жалпы білім алып қана қоймай, «пайда ойламай, ар ойлаған» терең ғылым жолына бет беру, өркениеттің көкжиегіне білім мен ғылым арқылы бару. Ғалым болмай, немене, Балалықты қисаңыз. Болмасаң да ұқсап бақ Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз. Білгендердің сөзіне Махаббатпен ерсеңіз. Міне ғылым жолын таңдаған адамның баспалдақтары осылай басталары хақ! Және де: Өзің үшін үйренсең, Жамандықтан жиренсең, Ашыларсың жылма-жыл. Біреу үшін үйренсең, Біреу білмес, сен білсең Білгеніңнің бәрі –  тұл. Абай ұлағатының ерекшелігі жалпы білімді болуды емес, терең ғылым ізденуді насихаттау. Және оны жеке басыңның қамы үшін емес, адами қасиеттер негізінде халқыңа пайдасы тиер болуы шарт. Әрі ол білгеніңді ешкімге ары үйретпесең, не қажетіңе жаратпасаң құр мақтан үшін білгеннің құндылығы жоғы баса айтылған. Осы айтылғандар қара сөздерінде де кеңірек айтылған. Отыз жетінші сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген кұлының бірі боласың», – дейді. Абай Хакімнің: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас», – деп басталатын 32-ші  қарасөзі осы білім-ғылымды таза меңгеру жолдарына арналған. Ең әуелі: «Білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп ізденбекке керек»,- дейді. Яғни ең алдымен білмекке деген құштарлықтың, ішкі махаббаттың мол болуы шарт. Білім мен ғылымға құмарлық пен ынтықтықтың нәтижелі болары хақ. Білген дүниеге рахаттанып, білмегенді махаббатпен ізденгенде ғана көңіліңе ғибраттанып сақтайтының да анық. Шынында да: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды». «Екіншіден – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмекке үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңілді пысықтандырмақ үшін залал емес, көбірек бахас адамды түземек түгілі бұзады»,-дейді Абай. Келесі шарттардың бірі – «әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма». Яғни білгеніңді өзің толық құрметтеп өзіңе қондырып алу, бойыңа сіңіріп беріктендіру. Егер өзің құрметтемесең өзгенің де құрметі болмасы анық. «Төртіншіден, – дейді Абай, – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу, екіншісі – берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды». Бесіншіден ақыл кеселі деген төрт нәрседен қашық болу керек дейді. Осы ақыл кеселіне, яғни естіген нәрсені ұмытпастыққа қатысты 31 қарасөзде айтылған болатын. «Әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайталап ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нарселерден қашық болу керек», –  дейді Хакім. Ой кеселдеріне уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу жатады. Осы төрт дүние ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер дейді ақын. «Алтыншыдан – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалы қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың?», – дегендей ең бастысы «тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық» болып, мінез беріктігі бұзылмас мықты болғанда адам да нәтижелерге қол жеткізері хақ. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды Жол да жоқ жарыместі жақсы демек. Ақылда ашуда жоқ, күлкі де жоқ, Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек. Біреуінің күні жоқ біреуінсіз Ғылым сол үшеуінің жайын білмек. Абай Құнанбайұлының осы өнер-білімге қатысты айтқандары, ғылымды үйренбекке талап қылушыларға берген ақыл-кеңесі, ақын ғибраты қанша уақыт өтсе де маңызын да, құндылығын да еш жойған жоқ, жоймайды да. «Көкірегі сезімді, тілі орамды жастармыз» талаптанып, Абай ұстанған жолды басшылыққа алса, ғылым-білімді терең меңгерсе еліміздің де болашағы жарқын болары сөзсіз. Сондықтан да ұлтымызды жаңғырту ісінде хакім еңбектерін басшылыққа алуымыз, ол мұраны ұтымды пайдаланып, Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі мен ақын шығармалары­нан халқымыз мол тағылым алу қажеттігін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Сыналар, ей жігіттер келді кезің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен Соны білсең – әрнені білгендерің, – дегендей «білмекке құмарлық» негізгі ұстаным болмаққа керек. Абайдың да басты мақсаты мен арманы да – тәуелсіз еліміздің биік өркениет қатарында болуы, халқымыздың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қасиетімен даралануы. Ғылым-білім жолына үндеген, адамзаттың бәрін махаббатпен суюге шақырған, толық адамның қасиеттерін негіздеген, алланың хикметін сезу жолдары айтылған Абай мұрасының даралығы да, даналығы да әле бойынша алдағы уақытта жарқырай берегі хақ!!!

ЖАНДОС ӘУБӘКІР

Шәкәрім университеті «Абай» институтының директоры,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент