4 мыңдай шағын кәсіпкерлік пандемия салдарынан жұмысын тоқтатты

4 мыңдай шағын кәсіпкерлік пандемия салдарынан жұмысын тоқтатты

4 мыңдай шағын кәсіпкерлік пандемия салдарынан жұмысын тоқтатты
ашық дереккөзі
Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Олжас Сапарбеков аталмыш өңірде пандемия салдарынан кейбір кәсіпкерлік субъектілеріне белгілі бір шектеу салынғаны туралы айтты, арасында жұмысын уақытша тоқтатқандары бар.  Әлемді жайлаған індет отандық кәсіпкерлік саласын да айналып өткен жоқ, көптеген шағын және орта бизнес субъектілері жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Қостанай облысында кәсіпкерлік және бизнесті қолдау саласында КВИ таралуына жол бермеу бойынша кешенді шаралар қолға алынғанымен, шығынға ұшыраған кәсіп нысандары жабылып қалды. «Карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты бөлшек сауда саласындағы кәсіпорындардың 48,1% қиын жағдайға тап болды. Жылжымайтын мүлікпен айналысатын ұйымдар мен жолаушылар көлігі, қоғамдық тамақтану, оның ішінде мейрамханалар бизнесі біраз шығынға батты. Статистика органдарының деректері бойынша 24 мыңнан астам ШОБ субъектісіне карантиндік шаралар әсер етті. Шектеулер жалпы кәсіпкерлік саласына теріс әсер етті. 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 6,7%-ға төмендеді, яғни облыста 51365 бизнес нысаны жұмыс істейді. Былтыр тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 55081-ге жеткен болатын», – дейді Олжас Сапарбеков. Басқарма басшысының айтуынша, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің көрсеткіштерін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Облыста енгізілген шектеулерге қарамастан, кәсіпкерлік саласын несиелеу кеміген жоқ. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша осы жылдың 10 айында 32 млрд теңгеге 398 бизнес-жобаға қолдау көрсетілген. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ШОБ-ты қолдауға 38,4 млрд теңгеге субсидиялар мен бюджеттік кредиттер бағытталды. Нәтижесінде 18600 кәсіп иесінің жұмысы ілгерілемек.