Француздар қазақ мәдениетіне қатты қызығады...

Француздар қазақ мәдениетіне қатты қызығады...

Француздар қазақ мәдениетіне қатты қызығады...
ашық дереккөзі
Франция – қазақтар ең көп шоғырланған Еуропа елдерінің бірі. Тарихқа көз жүгіртсек, ол жаққа қазақтардың қоныстануы шамамен өткен ғасырда ғана басталған. 1921-1941 жылдары Парижде өмір сүрген алғашқы қазақ – Алаш қозғалысының қайраткері, түркі халықтарының бірлігі үшін күрескен Мұстафа Шоқай болды. Ал 1925 жылы Әміре Қашаубаев Париж жұртына қазақ әнін алғаш таныстырған еді. Қажымұқан Мұңайтпасұлы да осы елде кезекті жеңіс белесін бағындырған. Қазіргі кезде ресми деректер бойынша бұл жақта шамамен 2 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Олардың басым көпшілігі өткен ғасырдың 70-жылдары еңбек шартымен Түркиядан келіп осы жерде тұрақтап қалған қазақтар мен Қытайдың коммунистік билігінен зәрезап болып, көшуге мәжбүр болған Шығыс Түркістан қазақтары. 1971 жылы Францияға алғаш рет Түркияның Стамбұл қаласынан 5 қазақ – Шаймардан Қырал, Керім Жеңгіс, Яшар Дініш келіпті. Ал келесі толқын – Кеңес одағы ыдырап Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Францияға келген қазақтар.  width= Бүгінде әлем мәдениетінің астанасы саналатын Парижде қазақтың тілі мен дәстүрі, мәдениеті өркен жайып, таныла бастаған. Дәстүрлі өнердің қайнарынан сусындаған қос қазақ қызы – Әйгерім Ерсаинова мен Әйгерім Матаева Франциядағы алғашқы қазақ мәдени орталығын ашып, қиырдағы елде төл мәдениетіміз бен өнерімізді дәріптеп жүр. «Жапырақтарыңызды өзгертіңіз, бірақ тамырларыңызды сақтаңыз...» дейді олар. «Қорқыт-Абай» қазақ мәдени орталығының жұмысын дөңгелетіп, атажұрттан алыс қалған қандастарымызбен екі араға мәдени көпір тұрғызған Әйгерім Ерсайыновамен Франция қазақтарының тыныс-тіршілігі мен орталықтың жұмысы туралы әңгіме өрбіткен едік.  width= – Әңгімемізді Францияға қалай келгеніңіз жайлы сауалдан бастасақ. Парижде қашаннан бері тұрасыз? Тез үйреністіңіз бе? Француздар тілдерін қатты құрметтейді дейді ғой, онымен қоса оңай тіл емес. Тіл үйренуде қиындықтар болды ма? – Мен Парижге 2015 жылы оқуға келдім. Басты мақсатым – француз тілін үйреніп, «Жоғары мәдениет мектебіне» түсу болды. Қазіргі кезде Парижде тұрып жатқаныма 5 жарым жыл болды. Оқуға түскеннен кейін сонымен ғана шектеліп қалғым келмеді, жұмысқа орналасуға қам жасадым. Тез үйреністім, жарты жыл өткеннен кейін француз тілін меңгеріп, еркін сөйлеп кеттім. Содан осы жақтан достар, жаңа орта таптым. – Ол жақта қазақтар көп пе? Шамамен қанша қазақ тұрып жатыр? Арасында танымал, әйгілі болғандар да бар шығар? – Францияда, менің білуімше, қазақтар көп. Еуропада Германиядан кейін қазақтар ең көп қоныстанған ел – осы Франция. Біздің диаспораны  негізінен Түркиядан келген қазақтар құрайды. Жас шамалары бойынша 30-50 жастағылар көп деп айта аламын, студенттер де баршылық. Шамалауымша, Францияда 2000-дай қазақ тұрып жатыр.  width= – Еуропа толеранттылық жағынан алда екені белгілі, бірақ француздар кірпияз халық деген де түсінік бар. Францияда диаспоралардың мәдениетін, салтын не тілін дәріптеу жағынан еркіндік бар ма? Бөлу, кемсіту ішінара болсын кездеспей ме? – Негізінен Франциядағы француздар болсын, басқа ұлт өкілдері болсын бәріне қызығушылықпен қарайды, біздің мәдениетімізге өте жақсы көзқарас қалыптасқан. Бәріне қызығады, біздің концерттерге келеді, бір сөзбен айтқанда, позитивті жағынан қарайды. – Дінге, сенімге байланысты қақтығыстар орын алып жатыр... – Француздар өте ашық-жарқын, мәдениетімізге қызығушылықпен қарайды, ешқандай негатив жоқ. Өзім халық аспаптарында ойнағандықтан, көптеген фестивальге қатыстым, қасиетті қобызымызды жүрген жерімде таныстыруға, дәріптеуге тырысатынмын. 7 ғасырда пайда болған аспап, скрипканың алғашқы түрі десем, қатты қызығатын. Ал дін және саясат жағын әңгімелеуді құп көрмеймін, себебі ол әркімнің жеке пікірі деп есептеймін.  width= – “Қорқыт” мәдени орталығын құрып, ол жақтағы қандастарымыздың төл мәдениетімізден қол үзіп қалмауына өз үлесіңізді қосып жатыр екенсіз. Ұйым құру идеясы қалай, қашан пайда болды? –  2015 жылы Францияға алғаш рет келген кезде елшілік Қазақстаннан асырап алған балалармен кездестіру ұйымдастырған болатын. Бұл жақта француздар асырап алған қазақстандық балаларды жылына бір рет жинап, басқосу өткізетін ұйым жұмыс істейді. Балалардың жағдайын біледі, елшіліктен өкілдер келеді. Балаларды ұлттық аспаптармен таныстыру үшін мені де сондай бір кезекті шараға шақырған болатын. Сол кезде ата-аналары Францияда қазақ мәдениетін дәріптейтін, таныстыратын орталықтардың жоқтығын қынжыла айтты. «Балалардың қазақ мәдениетімен сусындап өскенін қалаймыз, бірақ ондай мүмкіндік жоқ, амалсыз қазаққа жақын болсын деп орыс мәдени орталығына апарамыз», – деген сөздері маған ой салды. Кеңес одағы демесеңіз, бізді орыс ұлтымен ештеңе байланыстырмайды, ұқсастығымыз да жоқ, туыстас халық емеспіз.  Мәдениетіміз, діліміз, дініміз де бөлек. Осы нәрсе намысыма тигендей болды. Содан соң осында тұрып жатқан құрбым Айгерім Матаевамен таныстым. Францияда тұрып жатқанына 7 жыл болған. Пианист. Екеуіміз де музыкант болғандықтан, мұғалім болғандықтан ойымыз бір жерден шығып, Франциядағы бірінші қазақ мәдени орталығын ашқан едік. Мәдениет орталығы 2016 жылы ашылды, 2017 жылдың қаңтарынан бастап ресми жұмыс атқарып келеді. Алғашқы 1-2 жылда бізді аса ешкім қолдай қоймады. Түркияның мәдени орталығында аптасына бір рет өз сабақтарымызды жүргізетінбіз. Бізге ғимараттарынан орын берді. Екі жыл сол жерде жұмыс істегеннен кейін, басқа елші тағайындалып, бізді өзіміздің Франциядағы қазақ елшілігінің ғимаратына шақырды. Сол жерде өз орталығымызда жұмыс істеп жатқанымызға екі жылдай болды. Елшіліктен қолдау тауып, көптеген курстар, сыныптар аштық. Жақын арада орталығымыздың атын өзгерттік, қазір ұйымымыз «Қорқыт-Абай» мәдени орталығы деп аталады.  width=Жалпы орталық қандай бағыттар бойынша жұмыс істейді? Толығырақ айтып берсеңіз. – Барлық мұғалімдеріміз – қазақтар, Қазақстаннан көшіп келгендер, осы жаққа тұрмысқа шыққандар. Мысалы қазақ тілінен беретін мұғаліміміз Қарағандыдан, мамандығы да – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Осында келіп өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Әр сенбі сайын бізде балаларға қазақ тілінен сабақ береді. Айтайын дегенім, біздің орталықта сабақ беретін мұғалімдердің барлығы –  профессионалдар, өз ісінің мамандары. Орталығымызға қазақтармен қатар басқа да ұлт өкілдерінің балалары да келеді. Әкесі – француз, шешесі – қазақ, аралас некеден туған балалар да бар. Таза француздар да қатысады. Мысалы қазақ тілінің ересектерге арналған тобында 3 француз оқиды. Біреуі Қазақстанда болған, сол сапарынан алған әсері қызығушылыққа ұласып, қазір қазақ тілін оқып жатыр. Ал кейбіреулер көп танылмаған, көпке беймәлім тілдерді үйренуге құштар, сол себепті таңдауы қазақ тіліне түскен. Одан бөлек, қазақ мәдениетіне қызығатын француздардың үлкен ұйымы бар. Біздің барлық концерттерімізге, конференцияларымызға келеді. Кейбіреулері Димаш Құдайбергеннің тыңдармандары, қазақ мәдениетіне деген қызығушылықтары зор. Сондықтан, орталықтың есігі тек қана қазақтарға емес, барлығына ашық. Біз ең әуелі қазақ балаларының мәдениетіміз бен тілімізден қол үзіп қалмауы үшін жұмыс жасаймыз, екінші кезекте басқа ұлт өкілдеріне, оның ішінде балалар, ересектер де бар, мәдениетімізді дәріптеп, таныстырғымыз келеді. Олардың белсенділігі жоғары: Сұрақтарын қояды, сабаққа қатысып, кітаптар алады. Бір айта кететіні, қаржы жағынан қолдау жоқ, барлығы өз қалтамыздан, жұмысымыздың барлығы патриоттық инициативамен атқарылады. Әрине, елшілік, құрал-жабдықтар жағынан қолдап тұрады, «Отандастар қоры» қазақ тілі дәрістерін жүргізу үшін теледидар, ноутбукпен қамтамасыз етті. Бірақ орталықтың мұғалімдері жалақасыз, өз жүрек қалауларымен, жұмыс істеп жатыр.  width= – Қазақстанға келіп тұрасыз ба? Жалпы ол жақтағы қандастардың елмен байланысы қалай? – Қазақстанда менің жақындарым, туыстарым, отбасым тұрады. Мүмкіншілігім болып, реті келіп, жол түсіп жатса міндетті түрде елге барып тұрамын. Мысалы студент болған кезімде әр алты ай сайын барып тұратынмын, ата-анам да Францияға келіп тұрады. Қазір тұрмысқа шықтым, екі балам бар, сондықтан Қазақстанға көп баруға уақытым жоқ, шынын айтқанда. Соңғы рет 2019 жылдың көктемінде бардым. Өйткені балаларым кішкентай, біреуі 2 жаста, екіншісі 3 айлық. Балаларымды қалдырып кете алмаймын. Онымен қоса, пандемия да өршіп тұр, қазір жолға шығатын уақыт емес.  width= –  Ол рас, Еуропада, әсіресе Францияда пандемияның қарқыны қатты. Қазіргі кезде қандастардың жағдайы қалай, сол туралы айта кетсеңіз –    Францияда індетке шалдыққандар саны артып, сол себепті қайтадан 1 айлық карантин жарияланды. Сондықтан біз қазіргі кезде бүкіл сабақтарымыз бен дәрістерімізді тоқтаттық. Онлайн режимге көштік. Шыны керек, осы жыл өте қиын болды. Оқушыларымыздың саны азайып кетті. Өйткені, балалардың көбі Париждің шетінде тұрады. Ата-аналар балаларын жіберуге қорқады. Бұйырса, пандемия аяқталғанда жұмысымызды қайта жандандырамыз.  –  Әңгімеңізге рақмет!