Жаңалықтар

Обама Клинтон үшін демалысын үзді

ашық дереккөзі

Обама Клинтон үшін демалысын үзді

Демократиялық партия атынан АҚШ президенттігіне үміткер Хиллари Клинтонды қолдау мақсатында ақша жинау үшін АҚШ президенті Барак Обама еңбек демалысын үзуге мәжбүр болды. «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің хабарлауынша, Обама демократтардың үгіт-насихат кампаниясының шығындарына жұмсалатын қаржы жинау үшін ұйымдастырылған кешкі асқа қатысуы тиіс.

Іс-шара Массачусетс штатының оңтүстік-шығысындағы Мартас-Винъярд аралында өтпек. Қайырымдылық астың ұйымдастырушылары – демократтар Хэнк және Кэрол Браун Голдбергтер. Олардың Чилмарк қаласындағы үйіне Барак Обама өзінің жұбайы Мишель және қыздары Малия мен Наташамен бірге демалуға келгені мәлім болды.

 Кешкі асқа 60-қа тарта қонақ қатысады деп күтілуде. «Ассошиэйтед Пресстің» дерегіне сүйенсек, шараның бір билетінің құны 33 мың АҚШ долларына жуық. Демек, алдын-ала болжам бойынша АҚШ президентінің қатысуымен өткен кешкі ас демократтарға 2 млн доллар табыс әкелмек.

 Сарапшылардың бағалауынша, партиялардың 2016 жылғы сайлауалды үшіт-насихат кезіндегі шығыны бұған дейінгі сайлаулардың көрсеткіштерінен асып түсіп, әр партия үшін 1 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін. Қазіргі таңда Демократиялық партия кандидаты Хиллари КЛинтонның сайлау қоры ең қомақты деп танылып отыр.  Ал оның Республикалық партия атынан сайлауға түсетін қарсыласы Дональд Трамптың ірі демеушілер тарту жағынан жолы болмай тұр. 2016 жылдың шілдесіндегі мәліметтерге сүйенсек, Клинтонның үгіт-насихат жұмыстарына жұмсаған қаржысы 300 млн АҚШ долларына жуықтаған, ал Трамп тобының бүгінгі күнге дейінгі шығыны небәрі 80 млн доллар шамасында.