Англияда Абайдың ағылшын тіліндегі жинағы жарық көрді
Англияда Абайдың ағылшын тіліндегі жинағы жарық көрді
Кембридж университетінің баспасы, Қазақстанның ұлттық аударма бюросы жəне Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі алғашқы толық жинағының тұсаукесері өтті.
Жинақ ақынның 175 жылдығына орай, Ұлттық аударма бюросының "Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару жобасы" аясында шығарылды.
Бұл жинақ - Абайдың осыған дейін жарық көрген аудармаларымен салыстырғанда барынша толық және қазақ тілінен ағылшын тіліне тұңғыш рет тікелей тәржімаланған кітабы.
Ақын өлеңдерін профессор Шон О’Брайен, қара сөздерін Джон Бернсайд еліміздегі аудармашылармен бірлесе аударған.
Онлайн тұсаукесерге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Кембридж университеті баспасының атқарушы директоры Питер Филлипс, Британ Кеңесі ғаламдық желісінің директоры Кейт Эварт-Биггс, Қазақстанның Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Королдігіндегі Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы, британдық ақындар Джон Бернсайд пен Шон O’Брайен қатысты.