Өрісі кең өнер ордасы

Өрісі кең өнер ордасы

Өрісі кең өнер ордасы
ашық дереккөзі
(«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына 60 жыл)  Елорда төрінде орналасқан іргелі мәдени ошақтың бірі –«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының құрылғанына биыл 60 жыл толып отыр. Бұл мекеме елімізде ән өнерінің дамуына ерекше үлес қосып, ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуына зор еңбек сіңірген құрылым. Оның сыртында, отандық мәдениеттің көшбасшы тұлғалары еңбек етіп, дәстүрлі мектептің озық үлгілерін өмірге әкелген, бір сөзбен айтқанда, қазақ өнерінің ұстаханасы іспеттес мекеме. Осы орайда, өнер ордасының мерекелік датасы үстінде ұжым басшысы Жеңіс Сейдуллаұлына жолығып, мәдени ошақтың өткен жолдары мен қазіргі таңдағы шығармашылық ахуалы, бүгінгідей ғаламдық жаһандану дәуірінде өнер ісін ұйымдастырудың жайы туралы әңгімелескен едік. – 60 жылдық тарихы бар «Қазақконцерт» ұжымы Кеңес дәуірінің жылымық жылдары ұлттық дәстүрлі мәдениетті насихаттау мақсатында, Одақ көлемінде үшінші болып құрылған мәдени ошақ, - деп әңгіме желісін ағытқан мекеме басшысы  әрі қарай өнер ордасының өткен тарихына аз-кем тоқталды. Оның айтуына қарағанда, ұйымның негізін қалаушылар: Роза Бағланова, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Шара Жиенқұлова, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев, Еркеғали Рахмадиев, Ғарифолла Құрманғалиев т.б. бұлар өздері ел аралап талантты жастарды қатарына жинаған екен. Олардың кәсіби деңгейі толымды болмағандықтан, жұмыс атқара жүріп бәрін оқытыпты.  width=  width= Кейін жоғарыдағы ұрпақ сабақтастығын жалғай отырып, мәдени құндылықтың отын маздатқан тұлғалар: Сара Тыныштығұлова, Гүлжан Талпақова, Нұрсұлу Тапалова, Жәнібек Кәрменов, Қапаш Құлышева, Нұрғали Нүсіпжанов т.б. Осындағы аты аңызға айналған өнер абыздары мен сахна саңлақтары салған сара жолды бүгінде ұжым сапындағы халық артистері, еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері мен белгілі өнер топтары абыроймен жалғастырып келеді. Айқын мақсат, биік мұрат ұстанған өнегелі қара шаңырақ астында бүгіндері түрлі жанрды қамтыған музыканың барлық саласы топтастырылған үлкен ұжым қалыптасты.  width=Жеңіс мырза, жоғарыда өзіңіз атап өткендей, ұжымның өткен тарихы мен өнер-мәдениет саласындағы телегей теңіз еңбегін бірауыз сөзге сыйдырып баяндау мүмкін емес. Оның бер жағында, мекеме тарихынан өнер сүйер қауым өздері де хабардар деген ойдамыз. Десек де, дәл қазір аса ірі өнер ұжымы ретінде сіздерге қоғам және мемлекет тарапынан жүктелген басты міндет не? – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының қазіргі кездегі басты міндеті – Мәдениет және спорт министрлігі айқындап берген сапалы, кәсіби музыканы халыққа қолжетімді етіп, бірегей, қайталанбас концерттік бағдарламалар түзу, әлемдік бәсекеге қабілетті қойылымдарды сахналау. Сондай-ақ, отандық музыканы жандандыра отырып, таңдаулы өнер туындыларын насихаттау, қай саланың өнерпазы болсын төл өнерімізді заман лебінен кейін қалдырмай көрерменге жеткізуде аянып қалмау болып отыр. Осы орайда, «Қазақконцерт» ұжымына шығармашылық әлеует пен техникалық мүмкіндіктер ең үздік, аса ауқымды іс-шараларды жауапкершілікпен атқаруға мүмкіндік бар. Соңғы үш жылда үлкен ұжымының ұйымдастыруымен телевизиялық, халықаралық, ел аумағында 300-ден аса жоба іске асырылды. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы бүгінгі таңда қатарына: фольклор, классика, эстрада, мюзикл театры қатарлы бағыттарды қамтыған, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Forte Trio» мемлекеттік триосы, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Astana Musical» мемлекеттік театры, «Классикалық өнер», «Халық қазынасы»,  «Эстрада» бөлімдері, «Saz&soul» вокалды-аспаптық ансамблі сияқты шығармашылық топтарды бір шаңырақ астына біріктіріп отыр. Бұл ұжымдарда кәсіби деңгейі өте жоғары, әсіресе нота түсіру, концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруда әлемдік деңгейде білімі бар қыз-жігіттер еңбек етіп жүр. Болашақта бұлардың әрқайсысы – бір-бір мектепке негіз боларлық өнер адамдары. Қазірдің өзінде өңірлерге шығып мастер-класс өткізіп жүр. –  Өрісі кең, өнегелі өнер ордасының шаңырағы астында бас қосқан қазіргі шығармашылық ұжымдар мен өнер бөлімдері туралы айтып берсеңіз? – Осылардың әрбіріне жеке-жеке тоқталар болсақ, қазіргі кездегі беделді шығармашылық ұжымның бірі – Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі. Бұл құрылым алғаш рет 1991 жылы «Солистер академиясы» деген атпен шаңырақ көтерсе, бүгіндері барокко, классикалық және заманауи стильдегі шығармаларды орындайтын 70-ге жуық кәсіби музыканты бар елдегі жетекші өнер ұжымының бірі. Оркестрдің негізін салушы әрі көркемдік жетекшісі –  Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Еңбек ері, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева. Келесі шығармашылық топ – «Forte Trio» мемлекеттік триосы жайлы айтар болсам, бұл еліміздегі ең танымал камералық-аспаптық ансамбль. Ұжымның аса бай репертуарына бароккодан джазға дейінгі түрлі стильдер мен әрқилы бағыттағы туындылар енген. Трио қазақ өнерін әлемдік деңгейде насихаттап жүр. Мұнда Тимур Урманчеев, Мұрат Нарбеков, Динара Базарбаева-Сахаман сынды өте талантты жастар еңбек етеді. Ал «Классикалық өнер» бөлімінің жетекшісі – «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Азамат Жылтыркөзов. Бұл ұжым отандық опера өнерін дүние жүзіне танытып жүр. Сондай-ақ,  Орталық Азиядағы жалғыз өнер ұжымы – «Astana Musical» мемлекеттік театрында  актерлік шеберлікті, вокал мен хореографияны жетік меңгерген жас буын өнерпаздары, мюзикл жанрының талаптарына сай сегіз қырлы, бір сырлы таланттардан жасақталған. Театр үш жыл бұрын Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде Европаның ең ірі бес қаласында өткен гастрольдік турнеге қатысса, екі жылдың алдында әлем театрларының өнер алаңына айналған «Авиньон» халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті.  width= «Saz&soul» вокалды-аспаптық ансамблі этно-фольклордан джазға, фанктан поп пен рокқа дейін түрлі стиль мен жанрдағы музыкалық композицияларды орындайды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – композитор, мульти инструменталист музыкант Әділжан Толықпаев. Ұжым бірегей авторлық шығармаларды шебер орындаумен қатар, халық әндері мен танымал әуендерге ерекше кавер жасай білуде.  – Сөзіңізді бөлейін... Менің пайымдауымша сіз басқарып отырған өнер ұжымы музыка өнерін әлемдік деңгейде насихаттай алады екен. Жетістіктері де бар сияқты. Бірақ ұлттық мәдениет һәм өнерімізді жандандыруға оны дүние жүзіне танытуға да үлес қосып жүрген болар? – Әрине, халқымыздың ежелден келе жатқан бай қазынасын ел көлеміне және халықаралық деңгейде таныту үшін құрылған ұжымдар да бар. Оның бірегейі – «Халық қазынасы» бөлімі. Бұл бөлімге жүктелген міндет – өзіңіз айтып өткендей, ата-бабамыздан қалған бай мәдени мұра әншілік-күйшілік дәстүрін терең меңгеріп, халық музыкасы арқылы ұлттық құндылықтарды жаңғырту. Аталмыш бөлім құрамында: танымал өнер және мәдениет қайраткерлері – Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Құмарбек Қалқатай, Ерлан Рысқали, Ерболат Шалдыбеков, Ақерке Тәжібаева, Асқар Мұкият, Түрікпен Күнсұлу сынды қыз-жігіттер бар. Сонымен қатар, ұлттық өнерімізге қатысты айтар болсам тағы бір ұжым – «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі. Оның құрамында шертер, прима қобыз, жетіген, баян, домбыра, сазсырнай, сыбызғы және қылқобыз аспаптарын жетік меңгерген музыканттар қызмет атқарады. Ұжым 2018 жылы Италияда өткен Джоаккино Россини атындағы халықаралық байқауда бірінші орынды жеңіп алды. Сол сияқты, біз үшін орны ерекше, қазақтың маңдайалды өнер тарландарының басын біріктірген «Эстрада» бөлімінің алар орны ерекше. Мұнда Қазақстанның халық әртістері Сара Тыныштығұлова, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айжан Нұрмағанбетова, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова сынды сахна майталмандары топтасқан. Осы аға буынның ізін жалғап Димаш Құдайберген, Мөлдір Әуелбекова, Құрмаш Махан, Айна Қалмағанбетова, Марал Анарбек, Бибігүл Қилымхан, Гүлнәр Көшенова сынды талантты тұлғалар мен жастардан құралған «Меломен», «Назар» тобы өсіп келеді.  – Ұжымның мерейтойы әлемді алаңдатқан пандемиямен қабаттасып жатқан жайы бар сияқты. Десе де, «келмейді қайта айналып екі алпыс» дегендей мерейлі датаны атап өтудің шарасын қалай қамдап жатырсыздар? – Биылғы мерекелік датаға байланысты концерттік ұйым өзінің 60-шы маусымын «Қазақконцерт әлемі: таланттар тарихын таспалаймыз!» атты үлкен мерейтойлық жобамен ашып отыр. Осы орайда, мерекелік жоба көрермендерсіз өткен концерт пен бенефис-шоудың телевизиялық нұсқасы жуықта «Хабар» телеарнасынан көрсетілді. Осы нұсқаны көрермен қауым біздің «Qazaqconcertlive» YouTube арнамыздан да көруге болады. Мұндағы үлкен концертіміз алдағы күндері тарихы бай, тамыры терең тоғыз бағдарламадан тұратын бенефис-шоуға ұласады. Бұған Қазақконцерттің аға буын әртістері, жас таланттары, барлық өнер ұжымдары қатысады.  Жобаның мақсаты - алпыстың асуын бағындырған ұйымның қазақ өнеріне қосқан үлесін насихаттап, өнер сүйер қауымға кеңінен таныту. Сондай-ақ, игі дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұштастыра білген ұжымының қазіргі уақыттағы өзектілігін халыққа жеткізу. Бұған қоса, бенефис-шоу бағдарламаларында көрсетілетін құнды тарихи деректер, архивтік материалдар көрерменнің таным көкжиегін кеңейтуді көздейді. Көрермен қауым бұл жобаны «Хабар» телеарнасынан және Қазақконцерттің әлеуметтік желілерінен тамашалай алады.

 Әңгімелескен Бақытбек ҚАДЫР