Өнердің өр биігі еді...
Өнердің өр биігі еді...
Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор, Қостанай облысы Қарабалық ауданының құрметті азаматы Еркебұлан Мүсіреп 75 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Еркебұлан Саламатұлы 1946 жылғы 5 мамырда Қостанай облысы Қарабалық ауданы Тастыөзек ауылында дүниеге келген.
1966-1969 жылдар аралығында әскери міндетін атқарып келген соң, 1969-1972 жылдар аралығында Алматы қаласы П.Чайковский атындағы музыка училищесін сырнайшы және халық аспаптары оркестрінің дирижері мамандықтары бойынша оқып бітірген. Осы жылы арнайы жолдамамен Құрманғазы оркестрі құрамына сырнай тобына қабылданады.
1976-1980 жылдар аралығында Ленинград қаласындағы «Құрмет орденді» жоғары кәсіподақтық мәдениет мектебінде білім алады. Оқуын бітірген соң республикалық «Гүлдер» ансамблінің директоры және нұсқаушы директор, «Қазақконцерт» бірлестігінің нұсқаушы-директоры қызметтерін атқарады.
Талантты басшы 1983-1986 жылдары ҚазКСР кәсіподақ білім беру мәдениет үйінің директоры, 1987-1988 жылдары «Гүлдер» ансамблінің директоры және көркемдік жетекшісі, 1988-1991 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінің нұсқаушы-директоры қызметтерін атқарды.
1991 жылдан 2013 жылға дейін Құрманғазы халық аспаптар оркестрі директоры қызметін атқарды. Өнер десе ішкен асын жерге қойған қайраткер әрқашан оркестрдің жанынан табылған. Оркестрді 20 жылдам астам уақыт бойы басқара отырып, алыс-жақын шетелді аралап әлемдік турне өткізді. Осылайша кезінде Ахмет Жұбанов құрған оркестрдің бұрынғы атақ-даңқын қалпына келтірді. Құрманғазы оркестрі туралы «Әлемге әйгілі оркестр» атты деректі-суретті тарихи еңбек жазды.
Еркебұлан Саламатұлы аталған жылдар аралығында көптеген марапатқа ие болды. атап айтқанда, 1994 жылы Президенттің «Құрмет Грамотасы», 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2006 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді, 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», ал 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Осы 2011 жылы Қостанай облысы Қарабалық ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері Мақсат Тілепберген Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңде Құрманғазы оркестрінің ішкі және сыртқы жағдайын бақылап, кейін әртістерге көп қолдау білдіріп, үлкен еңбек сіңіргенін айтып, еске алады.
Еліміздің мәдени мұрасы мен дамуына елеулі үлес қосқан музыкант КСРО-дағы ең үздік бес баяншының бірі атанған.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйлә Назова музыкант мінезінің жайлы болғанын айтады. «Ол кісі адамды ренжітіп алмайын деп көңілге қарап тұратын. Қатты сөз айтып біреуді ренжітіп алса, сөзінің аяғын қалжыңға айналдырып, жарайды, жақсы деп, соңын жұмсартып жіберетін. Ол кісінің ұйымдастыру қабілеті, оркестрді ұстай білу тәжірибесі өте жоғары еді», – деп еске алады.
А.БИМЕНДИЕВА