Өнердің өр биігі еді...

Өнердің өр биігі еді...

Өнердің өр биігі еді...
ашық дереккөзі
Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профес­сор, Қостанай облысы Қарабалық ауданының құрметті азаматы Еркебұлан Мүсіреп 75 жасқа қараған шағында өмірден озды. Еркебұлан Саламатұлы 1946 жылғы 5 мамырда Қос­танай облысы Қарабалық ауданы Тастыөзек ауылында дүниеге келген. 1966-1969 жылдар аралығында әскери міндетін ат­қарып келген соң, 1969-1972 жылдар аралығында Ал­маты қаласы П.Чайковский атындағы музыка учи­лищесін сырнайшы және халық аспаптары оркестрінің дирижері мамандықтары бойынша оқып бітірген. Осы жылы арнайы жолдамамен Құр­манғазы оркестрі құрамына сырнай тобына қа­былданады. 1976-1980 жылдар аралығында Ленинград қала­сын­дағы «Құрмет орденді» жоғары кәсіподақтық мә­дениет мектебінде білім алады. Оқуын бітірген соң республикалық «Гүлдер» ансамблінің директоры және нұсқаушы директор, «Қазақконцерт» бір­лес­тігінің нұсқаушы-директоры қызметтерін атқарады. Талантты басшы 1983-1986 жылдары ҚазКСР кә­сіподақ білім беру мәдениет үйінің директоры, 1987-1988 жылдары «Гүлдер» ансамблінің директоры және көркемдік жетекшісі, 1988-1991 жылдары «Қа­зақконцерт» бірлестігінің нұсқаушы-директоры қызметтерін атқарды. 1991 жылдан 2013 жылға дейін Құрманғазы ха­лық аспаптар оркестрі директоры қызметін ат­қарды. Өнер десе ішкен асын жерге қойған қай­раткер әрқашан оркестрдің жанынан табылған. Ор­кестрді 20 жылдам астам уақыт бойы басқара оты­рып, алыс-жақын шетелді аралап әлемдік турне өт­кізді. Осылайша кезінде Ахмет Жұбанов құрған оркестрдің бұрынғы атақ-даңқын қалпына келтірді. Құрманғазы оркестрі туралы «Әлемге әйгілі оркестр» атты деректі-суретті тарихи еңбек жазды. Еркебұлан Саламатұлы аталған жылдар аралы­ғында көптеген марапатқа ие болды. атап айтқанда, 1994 жылы Президенттің «Құрмет Грамотасы», 2003 жы­лы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2006 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мем­лекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді, 2009 жылы «Құрмет» орденімен мара­патталды. Сондай-ақ 2005 жылы «Қазақстан Конс­титуциясына 10 жыл», ал 2011 жылы «Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік ме­дальдарымен марапатталды. Осы 2011 жылы Қос­танай облысы Қарабалық ауданының «Құрметті аза­маты» атағы берілді. Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қай­раткері Мақсат Тілепберген Тәуелсіздік алғаннан кейін­гі қиын-қыстау кезеңде Құрманғазы оркестрі­нің ішкі және сыртқы жағдайын бақылап, кейін әр­тіс­терге көп қолдау білдіріп, үлкен еңбек сіңір­генін айтып, еске алады. Еліміздің мәдени мұрасы мен дамуына елеулі үлес қосқан музыкант КСРО-дағы ең үздік бес баян­шының бірі атанған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйлә Назова музыкант мінезінің жайлы болғанын айтады. «Ол кісі адамды ренжітіп алмайын деп көңілге қа­рап тұратын. Қатты сөз айтып біреуді ренжітіп ал­са, сөзінің аяғын қалжыңға айналдырып, жарайды, жақсы деп, соңын жұмсартып жіберетін. Ол кісі­нің ұйымдастыру қабілеті, оркестрді ұстай білу тә­жірибесі өте жоғары еді», – деп еске алады.

А.БИМЕНДИЕВА