Мүгедектігі бар қызметкерге жұмыс беруші басқалармен тең дәрежеде қарауы тиіс

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар сұранысқа ие графикалық дизайн, СММ және типография салаларында білім алып, лайықты жұмысқа ие бола алады. Ерекше жобаны «Lider Z онлайн мектебі» қолға алып отыр.

Бүгінде онлайн мектепте еліміздің барлық аймағынан түрлі деңгейдегі мүгедектігі бар 37 адам білім алып жатыр. Кәсіптік оқыту бағыттары да кездейсоқ таңдалмаған, дәл осы мамандықтар еңібек нарығында жоғары сұранысқа ие және жұмыс берушілер лайықты жалақы ұсынады.

Жалпы елімізде мүмкіндігі шектеулі 600 мыңнан астам адам бар. Олардың өте аз бөлігі ғана жұмыс істейді. Осы орайда «IteachMe» біліктілікті дамыту орталығы қоры мүгедектігі бар адамдар арасында арнайы зерттеу жүргізді. Респонденттердің 50 пайызы (мүгедектігі бар 345 адам) цифрлық технологиялар саласында жеткілікті білімі жоқ екенін жеткізген. Бұл өз кезегінде білім алуға теріс әсер етеді және жұмысқа орналасу мүмкіндігін төмендетеді.

Жобаны ұйымдастырушылар оқытумен қатар жұмыс берушілермен де байланыс орнатуды қолға алған. Олардың пікірінше, мұндай тәсіл мүмкіндігі шектеулі қызметкерлердің мәселелерін түсінетін және адал жұмыс берушілердің пулын қалыптастыруға көмектеседі.

«Мүгедектігі бар қызметкерлерді жұмыс берушілер мен қоғам басқалармен тең дәрежеде қарауы тиіс. «Жасырын» кемсітушілік болмауы керек, мүгедек адамдарға қатысты стигматизацияны басу керек. Бұл үшін осы бағытта ақпараттық-ағартушылық жұмысты одан әрі жүргізу маңызды. Мұндай жобалар мүгедектігі бар адамдардың көпшілігін болашақтың мамандықтары деп аталатын зияткерлік кәсіптерге тартуға ықпал етеді, сондай-ақ олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деп атап өтті Samruk-Kazyna Trust Қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Back to top button