Қазақ тілін жоғалтып жатқан жоғалтулар

Қазақ тілін жоғалтып жатқан жоғалтулар

Қазақ тілін жоғалтып жатқан жоғалтулар
ашық дереккөзі
Орыс тілінен калькаланып келіп қол­да­нылып жүрген сөздердің бірі – жоғалту. «Потерять, потеря» деген сөзге балама ретінде қол­дану салдарынан бұл сөздің мағынасы бұр­маланып, мәні өзгеріп кетті. Шын мәнінде, қа­зақ тілінде «потерять» дегеннің баламасы – жо­ғал­тып алу. Ал «жоғалту» сөзінің синонимі – құрту. Жоғалу – жоқ болып кету болса, жоғалту – жоқ қылып жіберу. Орыс тілінен калькалана бастағанға дейін қазақ ті­лінде «малымды жоғалттым» емес, «малым жоғалды» де­лінетін, «ақшамды жоғалттым» емес, «ақшам жо­ғалды», «ақшамды жоғалтып алдым» не «ақшамнан айы­­­рылдым» делінетін. Қазір біз жоғалту деп жүрген әрекетті шын мә­нін­де білдіретін сөздер – айырылу, шығын, залал. Айталық, «пособие в связи с потерей дохода» деген қол­даныста «табысын жоғалтуына байланысты» болып жүр, ал дұрысы – табысынан айырылуына байла­ныс­ты. Сол сияқты: Билікті жоғалту (Потерять власть) емес –  билігінен айырылу. Сенімін (сенімімді жоғалтты) Потерял доверие (веру) емес –  сенімнен айырылу. Мәнін (мағынасын) жоғалтты (Потерял смысл) емес – мәнінен айырылды не мәні жоғалды (мәні кетті). Беделін жоғалтты (Потерял репутацию) емес – бе­делінен айырылды. Бәрін жоғалтасың (Потеряешь все) емес – бәрінен айы­рыласың. Ықпалын жоғалтты (Потерял влияние) емес – ықп­алынан айырылды (ықпал ете алмай қалды). Көп жылын жоғалтты (Потерял много лет) емес – көп жылы кетті. Тұрақтылығын жоғалтты (Потерял стабильность) емес – тұрақтылығынан айырылды. Ұпай жоғалту (спортта) (Потерять очки) емес – ұпай­дан айырылу. Байланысты жоғалту (Потерять связь) емес – бай­ла­ныс жоғалуы. Адам жоғалту (Потерять людей) емес – адамдардан айырылу. Мәртебесін жоғалту (Потерять статус) емес – мәр­те­бесінен айырылу. Позициясын жоғалту (Потерять позицию) емес – позициясынан айырылу. Потерять интерес – қызығушылығын жоғалту емес. Бұл тіркесті контекстке қарай түрліше аударуға болады. Ата-анасын жоғалтты (Потерял родителей) емес – ата-анасынан айырылды. Көп қан жоғалтты (Потерял много крови) емес – көп қан кетті. Баласын жоғалтты (әлі тумаған баласын) (Потеря­ла ребенка) емес – баласы түсіп қалды (баласын тү­сі­ріп алды емес). Баласын жоғалтты (бар баласын) (Потерял ребенка) емес – баласынан айырылды. Бәрін жоғалтты (Потерял(и) все) емес – бәрінен айы­рылды. Нечего терять – жоғалтатын ештеңесі жоқ емес, айы­рылар ештеңесі жоқ, «қарайлайтын ешкімі жоқ» деу­ге де болады. Мұның бәрінің себебі – біріншіден, қазақ тіліндегі «жоғалт» (қазақ тілінде сөздің түбірі – тұйық етіс­тік емес, бұйрық рай формасы екенін ұмытып жүр­міз) етістігінің мағынасын дұрыс білмеу, яғни «жо­ғалту» деген – адамның еркімен жасалатын әрекет еке­нін, адам бірнәрсені абайсызда не мәжбүрлі жо­ғалтпайтынын, өзі әдейілеп жоғалтатынын, яғни құр­татынын білмеу, екіншіден – орыс тілінің өзінде «по­терять» етістігінің «лишиться» деген синонимі бар еке­нін, мына аталған мысалардың бәрінде екеуін бірі­нің орнына бірін қолдануға болатынын білмей ау­дару. Ал «лишиться» сөзінің қазақшасы – «айырылу». Осы сөзбен байланысты тағы бір үлкен қате – «по­терять» етістігімен түбірлес «потери» сөзін де «жо­ғалту» етістігін заттандырып, ол аздай, көптік жал­ғауын жалғап, қате аударып қолдану. Мысалы, «Человеческие потери» деген «адам шы­ғыны» екенін ұмытып, «адамдық жоғалтулар» дейтін бол­дық. «Финансовые потери» – «ақша/қаражат шы­ғыны» екенін ұмытып, «қаржылық жоғалтулар» деп жүрміз. «Потеря прибыли» – пайда жоғалтулары емес, «пайда шығыны», «материальные потери» – «ма­териал­дық жоғалтулар» емес, «материалдық шығын» болуы керек. Экономикада «невозвратные потери» деген ұғым бар. Ол көп әдебиетте де, экономистердің ауызекі ті­лін­де де «қайтарылмайтын жоғалтулар» болып жүр. Ал шын мәнінде ол «қайтпас/орны толмас шығын/за­лал». Жоғалту деп жүріп, тілімізді «жоғалтып» барамыз. Тілімізден айырылып барамыз ба, тілімізді құртып барамыз ба – «теряем свой язык» дегенді қалай аудар­ға­ныңызға байланысты. Мысалдардың бәрі интернеттегі қазақша ресурс­тардан алынды.

 Назгүл ҚОЖАБЕК