Хандық дәуірдің білгірі – Зардыхан Қинаятұлы
Хандық дәуірдің білгірі – Зардыхан Қинаятұлы
1980 жылдардың аяғы 1990 жылдардың басында Кеңес империясы ыдырай бастаған тұста, Кеңес елімен 70 жылдай бірге, бір қазанда біте қайнасқан Моңғолияда саяси өзгерістер орын ала бастады. Бұған түрткі болған жайт – ол кез Моңғолия халық революцияшыл партиясының Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы бастаған бір топ ғалымдардың Моңғол елі бұдан былай коммунисшіл бір партияға бағынышты болудан бас тартып, шынайы тәуелсіз, демократия жолымен өркендеу керегі жайында жазған мақалалары болды.
Елдің «Үнэн», «Хөдөлмөр» секілді басты саяси басылымдарында жарық көрген бұл мақалаларда Зақаң бастаған топ Моңғолия елінің саяси және экономикалық жағдайын терең зерттей келе, 70 жылғы дамудың қателіктерін алға тарта отырып, бұдан былайғы даму жолына қатысты ғылыми негіздегі өз ұсыныс, тұжырымдарын келтірген болатын. Көп кешікпей Моңғолияда құрылған «жас демократтар» ұйымы Зардыхан Қинаятұлын өздеріне идеологиялық басшы ретінде тани бастады.
Зақаң үшін «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айырылған арпалысты заман осылай басталған еді. Моңғолияда саяси арпалыстар күшейіп жатқан сол бір шақта ел астанасы Ұланбатырдағы Зақаң бастаған зиялы қазақ қауымы Моңғолиядағы қазақтар жағдайына және болашақ ұрпақ қамына да аса алаңдай бастаған кез келді. Себебі қаймағы бұзылмаған Баян-Өлгей қазақ аймағынан басқа ішкі өлкелер және астана Ұланбатыр оның айналасындағы аймақ, қалаларда тұратын қазақтардың рухани жағдайы шынымен қиындай бастады. Олардың ұрпақтары үшін ана тілінен айырылу, салт-дәстүрін жоғалту, біртіндеп моңғолдану қаупі күшейе түскен еді. Көп ұзамай бас хатшы Ж.Батмөнх басқарған Моңғолия халық революцияшыл партиясының 11 кісілік саяси бюросы Зақаң бастаған ғалымдар тобы және С.Зориг,
Б.Элбэгдорж бастаған жас демократтар ұйымының талабы бойынша еріксіз биліктен кететіндерін мәлімдеп, елде демократиялық сайлау жүргізуге келісті.
Осы бір қиын шақта Қинаятұлы әуелі Моңғолия үкімет басшысының орынбасары қызметінде, одан соң Моңғолияның тұрақты парламенті – кіші құрылтайы төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалып, демократиялық сипаттағы Моңғолияның негізгі заңы конституцияның жобасын дайындайтын топ жетекшілерінің бірі болды. Конституция жобасын талқылау кезінде «Моңғолияда моңғолдардан басқа ұлт өкілдері бар ма? қазақтарды дербес ұлт деуге бола ма?» деген сұрақтар төңірегінде үлкен дау-дамайлардың болғаны белгілі. Соның алдында ғана Баян-Өлгей аймағында құрылған қазақ ұлтының жоғын жоқтаушы ұлттық ұйымның басшылары «Баян-Өлгей аймағына жеке автономия беруді» талап еткендері парламентте отырған моңғол ұлтшылдарының ыза-ашуын туғызды. Осы бір ұлт тағдырына қатысты ғаламат күндері Зақаң өзінің ұлтын жоқтаушы, сөйте тұра демократиялық принциптерге бағынатын ірі саясаткер ретінде танылды. Ақыры Зақаң және басқадай қазақ депутаттарының орынды талаптары ескеріліп, бұл Моңғолия конституциясының 8-тармағының 2-бабына: «Моңғолиядағы басқа тілді шағын ұлттар өз ана тілдерінде оқып, білім алып, мәдени өнері мен ғылыми қызметтерін жүргізулеріне тиым салынбайды» деп енгізілген еді.
1991 жылы Моңғолия парламенті «Еңбек заңын» талқылау кезде Баян-Өлгей аймағынан сайланған қазақ депутаттары қазақ халқының ұлттық мейрамы ретінде Наурыз мерекесін атау өтуді заң тармағына енгізуді сұрап, пікір ұсынған кезде, бұған болған қарсылықтарға сол кездегі парламент спикерінің орынбасары, доктор Зардыхан нақты ғылыми түрдегі дәлелдермен түсініктеме берген соң барып, парламент «Еңбек заңына» Наурызды атап өтуді енгізіп, бірауыздан мақұлдаған болатын.
Моңғолияда демократия жолындағы осындай күресті күндер жүріп жатқан шақта қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялады. 1991 жылдың басында қазақ баспасөзі арқылы «Қайт, қазақ, Отаныңа!» деген қазақтың белгілі ақын- жазушылары және ғалымдарының шетелдегі қандас бауырларын шақырған үндері, оған ілесе Елбасы
Н.Назарбаевтың қазақ баспасөзі арқылы «Алыстағы ағайынға ақ тілек» атты әйгілі хаты жарияланды. Атажұрттан жеткен бұл үндеулер мен тілектер Моңғолия қазақтарына үлкен рухани күш-қуат беріп, атажұртқа көшу мақсат-мұратына қарай жетеледі. Атажұртқа қарай көшудің дұрыстығын алдын ала сезінген Зардыхан Қинаятұлы елдегі аса жоғары лауазымды қызметтеріне қарамастан көштің бас идеологына айналды. Зардыхан ағаның қала орталығындағы үш бөлмелі пәтері кешкі уақыттарда қазақ зиялылары жиналып, Моңғолия қазақтарының келешек тағдыры жалпы Қазақстанға қарай көшу мәселесін талқылайтын орынға айналды.
1991 жылдың қыркүйек айының соңына қарай қазақ елінің Еңбек министрі Саят Бейсенов басқарған үкімет делегациясы Моңғолиямен арадағы көші-қон мәселесін талқылау мақсатында Ұланбатырға келді. Кейін белгілі болғандай қазақтардың Қазақстанға көшу мәселесінде моңғол жағымен болған қиын келіссөздің оңтайлы шешілуіне сол кезде Моңғолияның тұрақты парламенті кіші құрылтай төрағасының орынбасары қызметіндегі Зардыхан Қинаятұлы үлкен рөл атқарған. Бұған оның сол кездегі Моңғолия президенті Очирбатпен мектепте бірге оқығаны соның арқасында екі ел арасындағы шешілмей тұрған мәселеге президент өзі араласқан соң оң шешімін тапқаны белгілі болды. Бұл Зақаңның қазағы үшін оның тағдырына енжар қарамайтынының бір көрінісі болып қала бермек.
Зақаңның бұдан былайғы өмірі тәуелсіз қазақ елімен тығыз байланыста болды. Моңғолия парламентінде вице-спикер, Моңғолия үкіметінде вице-премьер қызметтерін атқарған ол Моңғолияның Өзбекстан астанасы Ташкентте Орталық Азия мемлекеттерін жауаптанған бас консулы, Қазақстанда ашылған Моңғолия елшілігінде кеңесші секілді дипломатиялық қызметтерді атқарды. Бұл қызметтерін аяқтаған Зақаң Қазақстанда біржола қалуға шешім қабылдады. Бұл оның талай жылдары «басқаның елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей биліктегі жоғары лауазымды қызметтеріне қарамай «атажұртқа қалайда ұрпағымды жеткізсем» деп келген асыл арманы, мұраты еді. Сол арманы орындалып, ұрпағын атажұрт тамырымен ұштастырған Зақаң атажұртында тарихшы ретінде жаңа қырынан танылды. Әрине, ғалымды атажұртта жақыннан танып білген азаматтар ол кісінің аса білімді, ел басқарудағы мол тәжірибесі бола тұра аса қарапайымдылығына таң қалысты. Бірде Қазақстан парламенті мәжілісінің алғашқы төрағасы Марат Оспановтың Зақаң жайында: «Біз өзіміздің кәсіби парламентімізді жаңадан құрып жатырмыз. Ол кісінің парламент құрудағы тәжірибесі бізге керек-ақ. Біз ол кісіні парламентке кеңесші қызметіне шақырайық деп жүрміз» дегені бар еді...
1992 жылы қабылданған Моңғолияның демократиялық жаңа негізгі заңының авторларының бірі болған Зардықан Қинаятұлы моңғол тілінде 4 монография, 100-ге жуық ғылыми мақалаларын жариялаған болса ал, атажұртында тарихшы-ғалым ретінде танылған Зақаң артына мол рухани дүние қалдырды. Қазақ мемлекеттігінің тарихына қатысты оның жазып қалдырған «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары», «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті», «Қазақ мемлекеті және Жошы хан», «Қазақ тарихы туралы моңғол деректемелері» атты монографиялық зерттеу кітаптары және «Моңғолиядағы қазақтар», «Жылаған жылдар шежіресі», «Көшпенділік ғұмыр», «Көзқарас» атты Моңғолиядағы қазақтардың басынан кешірген қилы оқиғалары жөніндегі он шақты құнды еңбегі қазақ тарихшылары үшін таптырмайтын рухани дүниеге айналды. Зақаң бүгінгі қазақ елінде, қазақ қоғамында қалыптасып отырған саяси, әлеуметтік, мәдени, тарихи сондай-ақ шетелдегі қандастар және олардың көші-қоны секілді мәселелерге бейжай қарамады. Өз халқының патриот ұлы ретінде қазақ баспасөзінде көптің ойын толғандырып жүрген осы мәселелерге байланысты нақты ұсыныс, пікірлерге негізделген сұхбаттарын берді, мақалаларын жариялады.
Зардықан ағаның Қазақ тарихына қосқан үлесі туралы айтар болсақ, ол «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты монографиясында және өзінің жетекшілігмен дайындалып басылған «Қазақ мемлекеттігінің тарихы» атты еңбектерінде қазақ мемлекеттігі тарихын Жошы хан шаңырағын көтеріп, Орыс ханның тұсында еңселеп өскен Ақ Орда мемлекетінен бастап қарастыру керек деген тың ұсынысы болды. Бұндай пікір бұрын да тарихшы-ғалымдар К.Пищулина, Н.Мингулов және М.Қозыбаев тарапынан болғанымен олар Ақ Орданың мемлекеттік тарихын жан-жақты талдамаған еді. З.Қинаятұлы Ақ орда мемлекеттілік тарихын алғаш рет монографиялық деңгейде талдап, қазақ тарихы ғылымына жаңа деректерді қосу арқылы өлшеусіз еңбек сіңірді. Ғалымның Ақ орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп қабылдау туралы пікірі әзірге ресми түрде қабылданбағанымен тарихшылар арасында жаңа ой-пікір, методологиялық, танымдық серпіліс тудырды. Жүздеген жаңа деректер алғаш рет ғылыми айналымға енді. Бұл – қазақ тарихына қосылған қомақты үлес.
Досан БАЙМОЛДА,
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, физика ғылымының докторы