Дара Тү­менбаева: Армандаған Amazon-ға кірдім деп, артымдағы елді ұмытпаймын

Дара Тү­менбаева: Армандаған Amazon-ға кірдім деп, артымдағы елді ұмытпаймын

Дара Тү­менбаева: Армандаған Amazon-ға кірдім деп, артымдағы елді ұмытпаймын
ашық дереккөзі
ІТ бағытына бет бұрған жас мамандар арасында FAANG (Facebook, Amazon, Apple, Netflix және Google) деп аталып жүрген компаниялар тобына жұмысқа ор­наласуды арман ететіндер көп. Сол жерде көрген-түйгендеріне сүйене отырып жеке жоба ашуға, болашақта адам тұрмысын жеңілдететін тың жаңалық әкелуге ұмтылады. Осындай мақсатты көздеп жүрген отандасымыз Дара Тү­менбаева Испания астанасы Мадридте орналасқан Amazon компаниясының кең­сесінде бағдарлама жасақтаушы болып жұмыс істейді. Компанияның мың­даған жобасының ішінде кітапты электронды түрде оқуға жағдай жасайтын Amazon Kindle жобасына жауапты Дарамен хабарласып, сұхбаттасқан едік.  width= – Дара, ер мамандарға еріп, бағ­дар­лама жасақтау саласына бертін келе қы­­зыққан болар деп ойласам, әлеу­мет­тік желідегі парақшаңызға «Менің ма­мандығымда сан жағынан ерлер ба­сым. Бір физмат сыныбында 26 ұл, 4 қыз ғана оқыдық» деп жазғаныңызды көріп, бұл салаға кейіннен емес, мектеп кезінен бастап бейіміңіз бар бол­ғанын түсіндім, солай ма? – Дәл солай. ІТ саласына мектеп кезінен бас­тап қызықтым. Бастапқыда Ал­ма­тыдағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мек­теп-гим­назияда оқыдым, бірақ мұнда физика мен математиканы тереңдетіп оқыт­пайды. Ал бұл пәндерге ерекше қы­зық­қан мен О.Жәу­тіков атындағы дарынды балаларға ар­налған республикалық мамандан­ды­рылған физика-математика орта мектеп-ин­тернаты бар екенін кеш білдім. Сөйтіп, 10-сыныптан бастап сонда бі­лім алдым. Алғашқыда мектептің бағдар­ла­масын мең­геру қиынға түсті, дегенмен, осы мектепке ауыс­қанымда өз орнымды тапқандай әсер ал­дым. Шынымды айтсам, бұл жақта алған бі­лімім өміріме азық болды деп айтсам бо­лады. Қайда жүрсем де, бі­лімімнің іргетасы мектепте мықты қа­лан­ғанын іштей сезе­тінмін. Мұны бітірген соң, Алматыдағы Ха­лықаралық ақпараттық технология уни­верситетіне компьютерлік модельдеу ма­ман­дығына оқуға түстім. Сосын қызы­ғу­шылығымды ескере отыра, маған бағ­дар­лама жасақтаушы мамандығы көбірек ұнайтынын түсіндім. Негізі, мектеп бітірген бой­да аталған мамандық бойынша Малайзия елінде оқығым келген, алайда әкем шетелге жалғыз жібергісі келмей, рұқсатын бермей қойды. Десек те, Алматыда оқыған бір жылдың ішінде әкемді райынан қай­тарып, ақырында Малайзия астанасы Куала-Лумпурдегі Азия-тынықмұхиттық технология және инновация университетінде бағ­дарлама жасақтаушы мамандығы бойын­ша білім алдым. Оқуды аяқтаған соң, сол қаладағы жергілікті компанияда бағ­дарлама жасақтаушы, кейіннен дата сайентист болып бірнеше жыл жұмыс істедім. Со­сын Amazon компаниясына жұмысқа қа­былданып, Мадрид қаласына көшіп келдім. – Естуімізше, Аmazon секілді бәсі биік компанияларға жұмысқа орналасу қиынның қиыны екен. Мыңдаған түйін­деменің ішінен тек онын таңдап алып, кезең-кезеңге бөлінген сұх­бат­тасу процесінен соң, сол онның ішінен жұ­мысқа бір-екеуін ғана шақырады екен. Сіз жұмыс істеп жүрген Мадридтегі Amazon кеңсесіне жету сізге де оңай болмаған шығар? – Иә, оңай болмады. Негізі, ІТ маманы бол­ған соң, FAANG (Facebook, Amazon, Apple, Netflix және Google) компаниялар то­бының біреуіне жұмысқа орналасқым ке­летіні айтпаса да түсінікті шығар, оның үстіне онда жұмыс істейтін ІТ мамандардың атқарып жүрген жобаларына қатты қы­зық­тым. Әуелгіде жеке поштама Google кор­порациясының қызметкер іздеп жатқаны туралы хабарлама келді. Сол уақытта Куала-Лумпурде жүргенде маман ретінде дамымай жатқаныма көңілім құлазып, басқа жұмыс көзін қарастырып жүргенмін. Оның үстіне, ІТ бойынша нарығы мықты Еуропа мен Америкаға барып жұмыс істеп көргім келді. Мақтанғаным емес, достарым да мұны ма­ған жиі айтады, мен – «ішіме» идеялар сый­май, үнемі бөлісіп жүретін адаммын. Ал сол кездегі жұмысымда ойластырғанымды қол­дап әкететін ешқандай орта болмады. Сол себепті Малайзия елі маған таршылық етті. Сөйтіп, мамандығыма сай жұмыс іздеу­ді Google компаниясынан бастадым, бірақ онда сұхбаттан ары өте алмадым. Сонда да мойымай, өзге де ірі компанияларға құжа­тымды тапсыра бердім, олар да сұхбаттасуға шақыра берді (күліп). Есептеп қарасам, жұ­мысқа тұрамын деп, жалпы саны жиыр­маға жуық компания өкілдерімен сұх­бат­тасыппын. Ақыр аяғында Amazon компаниясына жұмысқа тұру мүмкіндігін сәтті пай­даланып, айым оңынан туып, Мадридтегі кеңсесіне шақыртылдым. Жалпы, онда жұ­мысқа кіру үшін сегіз ай уақыт кетті. Сұх­баттасу процесінің өзі екі айға жал­ғасады. Алдымен телефон арқылы сұхбат­тасасың, кейін онда жұмыс істейтін ІТ маманы берген есепті шешуің керек, келесі кезеңде мінез-құлық психологияңды тексеретін сұрақтар қояды, сосын соңғы шешуші кезеңде бетпе-бет сұхбаттасуға шақырады. Сұхбаттасуға мені Оңтүстік-Шығыс Азия аймағынан тапсырған үміткерлермен бірге Жа­понияға шақырды. Онда бір күннің ішін­де төрт рет сұхбаттасып, нәтижесінде дәл сол жерде Amazon Kindle жобасының ко­ман­дасына қабылданғанымды айтты. Сосын Amazon-ның алты қалада орналасқан кең­селерінің ішінен біреуін таңдауымды сұра­ды, жоғарыда айтып өткенімдей, Еу­ропадағы нарыққа байланысты Мадрид қаласын таңдадым.  width= – Amazon компаниясының негізін сал­­ған Джефф Безос әуелгіде өз кәсібін гараждан бастаған екен. Бастапқыда тек кітап пен комикстерді онлайн сат­қан ол отыз жыл ішінде әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылды. Сонымен қатар Безос топ ішіндегі жұмысты тиімді қылу үшін «екі пицца ережесін», яғни жұмыс тобындағы адамдар саны екі пиццамен тамақтандыруға жетерлік болуы керек, әйтпесе жұмыс өн­бейді деген ережені ойлап тапқанын да білеміз. Сіз атқаратын Amazon Kindle жобасының құрамында адамдар са­ны екі пицца жеуге жетерлік пе? – Жетерлік (күліп). Негізі, бас директор Бе­зостың ойлап тапқан «екі пицца» ере­жесінің мақсаты – шағын команда ат­қа­ратын жұмыс көп адамнан құралған топқа қарағанда әлдеқайда өнімді болатынына көз жеткізу. Сол себепті де алып компаниялар іске асырып жатқан жобаның командасында екі пиццамен та­мақтандыруға жеткілікті болуы керек деп бейнелеп айтады. Біздегілер де дәл осы ережені ұстанады. Ал егер түрлі себептермен командада адам­дар саны көп болса, оларды бас­қа топқа бө­ліп жіберуге ты­рысады. Қарап отыр­саңыз, расымен де бірнеше ғана адамнан құралған ко­манданың жұмысы алға басады ғой. Ал көптеген маманды қатарына қосып алған­дар шешім шығаруда ортақ мәмілеге келе алмай, уақытын құр босқа өткізіп, мүм­кін­діктерінен айырылады. Жолдың арғы жағында он адамның ойы сан-саққа жүгіріп, сабылып жатқанда, бергі жағындағы санаулы жанның ісі алға өр­леп жатады. Бұл – заңдылық. Стартап жо­балар неге тез дамиды дейсіз, себебі мұны екі-үш маман ғана құ­рас­тырады. Көпшілік Amazon-ның жетістікке жетудегі басты кіл­тін осы ережемен байланыстырады. Сосын Amazon-ды неліктен Facebook, Apple секілді компаниялардың қатарына қосады? Себебі компания бас­шылығы келіп түскен қаражатты қазынада сақ­тамай, түрлі жо­баларға инвестицияға құйып отырады. Сай­тын ашып қарасаңыз, 34 тауар категориясы бойынша онлайн ре­жимде сауда-саттық жүргізілетінін байқай­сыз. Бір досым «Amazon Америкада instagram желісі секілді, бір кірсең, шыға алмай қа­ласың, сағаттар бойы ақтарып, көре бер­гің ке­леді» деп айтады. Жалпы, әлеуметтік же­лі­мен тең дәрежедегі Amazon-ның пайда­сын, тиімділігін айтуға тіпті сөз жетпейді.  width= – Ал сіз Amazon Kindle-де қандай мін­деттерге жауаптысыз? – Мұнда бағдарлама жасақтаушымын, аны­ғырақ айтсам, Amazon Kindle-дің Android және ІОС операциялық жүйесіне ор­­натылуына жауаптымын. Kindle құры­л­ғысын сатып алғанда, алдымен телефон ар­қылы синхронизация жасауыңыз керек. Қажетті кітаптарыңызды жүктеп алып, тіпті интернетке қоспай-ақ, емін-еркін оқи ала­сыз. Сондай-ақ кітаптарды қайда сақ­таймын деп те бас қатырмайсыз. Жалпы, кітап­құмар адамға Kindle құрылғысы – тап­тырмас құрал.  width= – Бағдарлама жасақтаушы маман­дығы қыздарға қол емес, тек ерлер атқаратын мамандық деген ел арасында қалыптасқан түсінікті өзіңіз де талай рет естіген боларсыз. Өзіңіз жоға­ры­да айтып өткендей ерлер қауымы басым бұл салада «менің де қо­лым­нан келеді» деп өз-өзіңізді дәлел­дейтін кездер жиі бо­ла ма? –Бірінші айтқан пікі­ріңізді тек Қазақ­станда естідім. Мектепте оқып жүр­генде жаратылыстану ғылымдарына қызы­ғып, зерттеу жүргізгенімде айналамда «Сен қыз бала емессің бе?! Физика мен математика саған неге керек? Қыз баланың басты міндеті – ғылымның соңына түспеу, үйде отыру, тұрмысқа шығу» дегендер көп болды. Ал бұл өз-өзіңді төмендетуге тікелей септігін тигізеді екен. Өйткені Малайзияға оқу­ға келгенімде өзімді-өзім төмендетіп алға­нымды байқадым да, мұны түзетуге ты­рыстым. Тағы бір айта кетерлік жайт, бала кезімнен ер балаларға ұнайтын істерді мен де ұнаттым. Мысалы, қару-жарақ­тарға, күрес түрлеріне, робототехникаға қатты қызықтым. Қазіргі таңда джиу-джитсумен айналысамын. Оның үстіне ІТ-ға бет бұрған қатарластарымның түгелі дерлік маған жанашырлық танытып, үнемі қолдау көрсетеді, байланысымыз үзілмейді. Мысалы, Facebook желісінде қазақстандық ІТ мамандардан құралған арнайы топ бар. Онда «Достар, алда Amazon компаниясымен сұхбат өтпек. Бұл бойынша кімнің тәжі­рибесі бар? Менімен алдын ала сұхбаттасуға кім көмектесе алады?» деп жазсам, бірден жеке парақшаңа жазып, ақыл-кеңесін аямай, қолдау білдіріп, барлық кезеңнен өткен­ше сенімен бірге уайымдап, сенімен бірге қуанады. Сосын мен сізге мынаны ай­тайын, ІТ мамандығы – керісінше қыздарға ең қолайлы жұмыс. Көптеген мамандық ие­сіне жұмыс орнына барып отыру міндеттеледі. Ал ІТ-де мұндайды талап етпейді. Ком­пьютер мен интернет болса болғаны, үйде отырып-ақ, әлем таңғалатын жобаларды жүзеге асыра аласыз. Сол себепті бұл – тұр­мысқа шыққан, бала бағумен үйде отыр­ған қыздарға қай жағынан болса да тиім­ді мамандық. Сосын ІТ саласы ерлер мен қыздар күш сынасатындай спорт түрі емес. Мұнда күш емес, креатив пен логика шешуші рөл атқарады.  width= – «Генерал болуды армандамайтын сар­баз жоқ» дегендей, кез келген ІТ ма­маны өзінің жеке стартап жобасын ашып, мұны әлемнің кез келген бұры­шында қолдануға болатындай етіп әзір­леуді армандайтыны түсінікті жайт. Сіздің де солай сызып-түртіп қойған жобаларыңыз бар шығар? – Жай ғана сызып-түртіп қоймай, бү­гінде өнімді еңбек етіп жатқан жеке командам бар. Бұл стартап командам бес адамнан құралған. Мен сол командаға басшылық етемін. Жалпы, еншімде үш жаңа жоба бар. Біріншісі медицинамен байланысты, анам дәрігер болып жұмыс істейтін медициналық орталықта пайдалы жобаны жүзеге асыруға ба­рымызды салып жатырмыз. Сол жоба ар­қылы лор дәрігер өзінің емделушісі туралы түгел мәліметті қағаздардың арасын ақ­тарып жүргенше, компьютер арқылы таба ала­тын болады. Осы бастаманы масштабтау – менің басты армандарымның бірі. Сосын тағы бір арманым – емделушілерге арналған мобильді қосымша құрастыру. Мұнда емделуші туралы барлық мәлімет сақтаулы тұрады. Сосын емделуші медици­налық мекемеге келгенде камераға қарап, сканерлеу арқылы оған қатысты мәліметті бірден экранға шығаратын жоба ойластырудамын. Ал екінші жобам «50 кездесу» деп аталады. Атал­ған жобаның мақсаты – карьера қуа­лаймын деп жүріп, жеке өмірін ұмыт қал­дырған адамдарды табыстыру. Ағылшын тілін­де Power Couple деген жақсы сөйлем бар, қазақшаға аударсам мағынасын дұрыс жет­кізе алмайтын секілдімін. Бұл өз жұ­мысында жемісті еңбек етіп жүрген ер мен әйел­дің өзара тіл табысуы, қолдау көр­сетуі де­генді білдіреді. Аталмыш жобаны Орта­лық Азия аймағына танытып, сосын ары қарай әлем қолданатындай деңгейге жеткізгім келеді.  OK Dara school деген үшін­ші жо­бамда тыңдаушыларға қызықты әрі та­ным­ды, инновацияға қатысы бар дүниелерді үйретемін, өз білгеніммен бөлісемін. Мен секілді ІТ-ға қатты қызы­ғатын қыздарға бағыт-бағдар көрсетемін. Байқап тұрға­ныңыз­дай, мұнда мен коуч, ментор ретінде жұмыс істеймін.  width= – Шетелде жұмыс істейтін ІТ мамандары Қазақстанда жұмыс істеу әзірге тиім­сіз екенін айтқан еді. Ал сіз сыртта жүрсеңіз де, елде өз жобаңызды дөң­ге­летіп, дамытқыңыз келіп жүргеніңіз қуан­тарлық жайт екен... – Ой, менің Қазақстанмен байланысты жос­парларым көп (күліп). Армандаған Amazon-ға кіріп алдым екен деп, артымда қалған адамдарды еш ұмытып кетпеймін. Біле білсеңіз, елде ІТ-ды жаңғақша шағатын та­ланттар өте көп. Шынымды айтсам, мұндай бейімді балаларды басқа жерден көрген емеспін. Дегенмен, олардың көзге түсуге мүмкіндіктері жоқ, шама-шарқы жетіңкіремей жатады. Ал өз қабілетін дұрыс арнаға бағыттаудың жолын білмейтін олар жағымсыз әрекетке әуес болып алады. Бірі азартқа кіріп, ойын ойнайтын жерлерден шықпаса, енді бірі алкогольді ішімдікке құмар болып кетеді. Сол себепті олардың басқа жолға түсіп кетпеуіне жол бермей, қолынан келетін жұмысқа кіргізіп немесе менің стартап жобаларымнан орын тауып беруге тырысып жатырмын. Қазіргі таңда 18-25 жас аралығындағы жастармен жұмыс істегім келіп жүр. Дегенмен, елде сол талант­тарды жұмылдырып, тың нәрсе жасайын десең, көп жағдайда біздікілер идеямызды түсінбей жатады. Таныстарымның біразы инновациялық идеяларын ортаға салып, таныстырып еді, көпшілігі түсінбей, нәтижесінде демеуші де табылмай, ақы­рында мұхит асып, Америкадан демеуші тауып, сол жерде қабілетін дамытуға мәж­бүр болады. Ал мұны дер кезінде түсінбеген қалталы адамдар қолдау білдірмегеніне бармағын тістеп, өкініп қалады.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ