Жаңалықтар

Ақылы автотұрақ халықтың қалтасына түсетін жоба ма...

ашық дереккөзі

Ақылы автотұрақ халықтың қалтасына түсетін жоба ма...

Нұр-Сұлтан қаласында ақылы тұрақ­тар төңірегінде үлкен дау туды. Халық екі жыл бойы тегін автокөлік тұрағы үшін бе­керден-бекер ақша төлеп келген. Ақылы көлік қою орындарынан зә­ре­зап болған қала тұрғындары тіпті өз үйлерінің маңында тұрған көлік үшін де ақы төлеудің ақылға сыймайтынын айтып шағымданған. Барлығы осыдан бас­талды. Одан кейін әкімдік «Нұржол» бу­ль­варынан басқа жердегі паркоматтардың заң­сыз жұмыс істеп тұрғаны туралы мә­лім­деме жасады. Ал мердігер компания бол­са мемлекеттік органдар инвес­торлардың заңды мүдделеріне кедергі келтіріп жүргенін алға тартып, әкімдіктің мәлімдемесін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, ақылы тұрақтан түскен жалпы құны 600 млн теңге қаражат әкімдікке аударылған. Ал әкімдік оны жоққа шы­ғарып отыр. Солайша дау тізгіні сот органдарына тапсырылатын болды. Екі жыл бойы тұрақ үшін қалтасынан жырып қаншама қаражат төлеген халық бұл оқиғаға аң-таң. Бәріміз таңғалдық. Екі аттасаң менмұндалап тұрған пар­комат­тарды әкімдіктің екі жыл бойы бай­қамауы қаншалықты қисынды? Ал мер­дігер компанияға мұндай «көзсіз ба­тырлық» қайдан келді? Айналып келгенде бұл дауда жеңілген, желінген тағы қара­пайым халық болмақ па? Неге бізде бар­лығы айналып келгенде халықтың қал­тасын саууға келіп тіреледі?

«Қала бюджетіне 500 миллион теңгеге кіріс құйдық»

«Астана көлік тұрағы кеңістігі­нің» мәлімдемесінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жа­салған келісімді бұзуға ешқандай ес­керту немесе шағым түспеген. Ком­пания өз міндеттерін толық орын­дағанын айтады. Мәселенің мән-жайын білу үшін ком­панияға тікелей хабарластық. «Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында Нұр-Сұлтан қалалық полиция де­партаменті Әкімшілік полиция бас­қармасына жіберілген құқықбұзу­шылық саны 11 мыңды құрады. Тө­лем­дер мен айыппұлдардан түскен ақшалай қаражат жол-көлік инф­рақұрылымын дамыту бойынша қала бағдарламаларын қаржыландыру үшін қала бюджетіне түседі. Ақылы тұрақтар жүйесі толығымен 1,2 млрд тең­геден асатын сомаға тартылған жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. 2020 жылы жобаны кеңейтуге жұмсалған инвестициялар 600 млн теңгеден асып, қала бюджеті­нің жүктелімін төмендетуге мүмкін­дік берді. Біздің компаниямыз жер телімдерінің меншік иесі емес. Олар Нұр-Сұлтан қаласының көше мен жол желісінің бөлігіне жатады. Жоба­да бюджеттік қаражат жоқ», – дейді «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Чингиз Досыбаев. Компания директоры осы мәселеге қатысты мәлімдемесін бейнеүндеу түрінде сайтқа орналастырған екен. Одан бөлек, компанияның ресми мә­лімдемесінде «Қазіргі сәтте Нұр­жол бульварында 487 тұрақ орны то­лық жұмыс істеуде. Есіл, Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр аудандарында 5 мың тұрақ орны іске қосылуға дайын. Оларды іске қосу мерзімі қала әкімдігіне байланысты. Ақылы жүйе­ні іске қосу мерзіміне жақын халық ара­сында ақпарат тарату жұмыстары жүргізіледі. Аталған тұрақ аймақта­рын іске қосқан кезде қаладағы ақылы тұрақтардың саны 10 есе артады. Ақылы режимге өту туралы ақ­парат БАҚ, astanapark.kz сайтында және Facebook және Instagram ком­па­нияларының ресми парақша­ларында жарияланады», – деген ақпарат бар. Іске қосылмаған паркоматтардан ақша жиналғанын өздері де мойындап тұр ма, дәл осы тұсы түсініксіз. Онымен қоса, Компания сайтында (astanapark.kz) «Егер, сіз кө­лікті тұраққа қойған аймақ 11*, 2*, 3** нөмірлеуден басталса ақылы тұрақ тест режимінде жұмыс істейді деген ­сөз. Бұл учаскелерде төлем алын­байды, әкімшілендіру жүргі­зілмейді. 10* * нөмірінен басталатын тұрақ аймақтары штаттық режимде жұмыс істейді, төлем сағатына 100 тг», – деген ескертпені кездестіресіз. «Ақылы автотұраққа жақын орналасқан үйлердің тұрғындары үшін үйдің жанында ақылы авто­тұрақты пайдаланудың жеңілдетіл­ген шарттарын ұсынатын резиденттік келісім бар. Сіз құжаттар тізімін және сайтта рәсімдеу жөніндегі нұс­қау­лықты astanapark.kz сайттағы «Резиденттер» бөлімінде таба аласыз», – деп сайтта тағы да жазылған. «Нұржол» бульварынан басқа аумақта ақылы автотұрақ болмаса, онда үй­дің жанындағы ақылы автотұрақ­ты жеңілдетілген шартпен пайдалану қайдан шыққан әңгіме екені тағы ұғынықсыз. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бюд­жетке ақша тек «Нұржол» буль­варын­дағы автотұрақтардан түске­нін айтады. Осыған қатысты заңгер Талант Рама­зановтың пікірін білген едік. «Бұл мәселеге қатысты даудың шет-жағасын естідім, біраз ақпарат көзінен оқыдым. Біз қазір мәселенің тек беткі жағын ғана білеміз, ал астарынан бейхабармыз. Әкімдік пен мердігер арасында нақты қандай келісімшарт жасалғаны да беймәлім. Қазір бірдеңе айту тек бос сөз бен бұлдыр болжам болады. Мәселе тек сотта ғана шешіледі. Халыққа ақша­ның қайтарылу-қайтарылмауы да сол кезде ғана анықталады», – дейді заңгер.

Ақша кімнің қалтасында?

Жалпы, ақылы тұрақ таңғы 8-ден кеш­кі 20:00-ге дейін сағатына – 100 теңге. Ақы көлікті тұраққа қойған сәттен бастап алғашқы отыз минут ішін­де төленуі тиіс. Демалыс және мереке күндерінде тұраққа көлікті қал­дыру тегін. 2020 жылы дұрыс тұраққа қойыл­мағаны үшін айыппұл бекітіл­ген айыппұл мөлшері (дәлірек айт­қан­да, көлік құралдарын тоқтату не­месе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) – 3-15 МПР аралығында. Яғни 7 575-37 875 теңге. Ақылы тұрақ тө­леуден жалтарғаны үшін айыппұл – 3 АЕК (7953 теңге) және қайталанған жағдайда 5 АЕК (13255 теңге). 7 күн ішінде төлеген жағдайда айыппұл сомасын 50 пайызға төмендетуге бо­лады. Ақылы көлік орындарын фото­бейнебақылау орнатылған арнайы ұтқыр топ қадағалайды. Төлем жаса­мағандар туралы фактілер әкімшілік полициясына жіберіледі. Заңсыз жұмыс істеп келген ақы­лы тұрақтардың да айыппұлы ха­лыққа қаланың әр ауданындағы по­ли­циядан келіп отырған. Паркомат заңсыз жұмыс істесе хабарлама қа­лай полициядан келуі мүмкін екені де түсініксіз. Осы сұрақтың жауабын біл­мекке полиция басқармасына екі күн қатарынан бірнеше мәрте ха­барластық, бірақ жауап ала алмадық.

Дамыған елдердегі көлік тұрақтары қандай?

Біз дәстүрлі көлік тұрағын қол­да­нысқа енгізе алмай жүргенімізде, да­мыған елдер оның тиімсіз екенін ал­ға тартып, қарапайым көлік тұ­рақ­тарын баяғыда-ақ тарих қойнауына жіберген. АҚШ-та 1920 жылы әлемдегі ең ал­ғашқы механикалық көлік тұрағы жа­салды. Бұл оқиға жаңа үлгідегі тұ­рақтардың жасалуына түрткі болды. Солайша өткен ғасырдың 60-жылдары стереоскопиялық автотұрақ (stereoscopic parking) жасалып, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерде қол­данысқа енді. Стереоскопиялық жә­не зерделі автотұрақ көп орын ал­майды. Ал сыйымдылығы, керісінше жоғары. Стереоскопиялық авто­тұрақтың игі­лігін көріп отырған елдің бірі – Қы­тай. Олар сол арқылы 700 мыңнан ас­­там автокөліктің мәселесі ше­шіл­ген.