Ақылы автотұрақ халықтың қалтасына түсетін жоба ма...

Ақылы автотұрақ халықтың қалтасына түсетін жоба ма...

Ақылы автотұрақ халықтың қалтасына түсетін жоба ма...
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтан қаласында ақылы тұрақ­тар төңірегінде үлкен дау туды. Халық екі жыл бойы тегін автокөлік тұрағы үшін бе­керден-бекер ақша төлеп келген. Ақылы көлік қою орындарынан зә­ре­зап болған қала тұрғындары тіпті өз үйлерінің маңында тұрған көлік үшін де ақы төлеудің ақылға сыймайтынын айтып шағымданған. Барлығы осыдан бас­талды. Одан кейін әкімдік «Нұржол» бу­ль­варынан басқа жердегі паркоматтардың заң­сыз жұмыс істеп тұрғаны туралы мә­лім­деме жасады. Ал мердігер компания бол­са мемлекеттік органдар инвес­торлардың заңды мүдделеріне кедергі келтіріп жүргенін алға тартып, әкімдіктің мәлімдемесін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, ақылы тұрақтан түскен жалпы құны 600 млн теңге қаражат әкімдікке аударылған. Ал әкімдік оны жоққа шы­ғарып отыр. Солайша дау тізгіні сот органдарына тапсырылатын болды. Екі жыл бойы тұрақ үшін қалтасынан жырып қаншама қаражат төлеген халық бұл оқиғаға аң-таң. Бәріміз таңғалдық. Екі аттасаң менмұндалап тұрған пар­комат­тарды әкімдіктің екі жыл бойы бай­қамауы қаншалықты қисынды? Ал мер­дігер компанияға мұндай «көзсіз ба­тырлық» қайдан келді? Айналып келгенде бұл дауда жеңілген, желінген тағы қара­пайым халық болмақ па? Неге бізде бар­лығы айналып келгенде халықтың қал­тасын саууға келіп тіреледі?  width= Көлік көп – тұрақ жоқ Қазір қалада көлік нөпірі қалың. Сәй­кесінше қозғалыс қиын, тұрақ та тапшы. Статистика комитетінің 2019 жы­лғы 1 тамыздағы деректері бойын­ша Нұр-Сұлтан қаласында 264 969 жеңіл автокөлік тіркеліпті. Бір тұр­ғынға шаққандағы көлік саны 4,2-ге тең. Ал биыл пандемияға қарамастан көлік саудасы бұрынғыдан да қы­за түскен. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақ­стан­­ның автомобиль саласы кәсі­п­орындары ода­ғының мәліметінше, осы жылдың ал­ғашқы 6 айында 35 мың жаңа көлік сатылыпты. Бұл өт­кен жылғы көрсеткішпен салыс­тыр­ғанда 13 пайызға жоғары. Ал автотұрақ тапшылығы бұдан бұрын да сезіле бастаған. 2015 жылы осы мәселеге байланысты Сенат пен Мә­жіліс депутаттары арасында дау туын­даған. Көлік қоятын орынның ау­мағы, үлгісі мен ақы төлеудің әдісі құ­жат жүзінде бекітілмегенін алға тарт­қан Мәжіліс депутаттары Сенат­тықтарды сынаған. Ал 2016 жылғы 27 сәуірде ақылы ав­тотұрақтар жүйесін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қа­был­даныпты. 2019 жылғы 8 қазанда қа­ладағы басты-басты деген орын­дарға көлік тұрағы мен паркоматтар қою­ға бағытталған шаралар бекі­тіл­ген екен. 2018 жылғы 15 қаңтардан бастап ақылы автотұрақтар өз жұ­мы­сын бастаған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-мен бірлесіп, «Аста­на­ның ақылы автотұрақ кеңістігін құру және пайдалану» жобасын жү­зеге асырмақ ниетте болған. Бұл жо­ба мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік негізде қолға алыныпты. Осы­ған орай Көлік және жол-көлік инф­­рақұрылымын дамыту басқар­масы мен «Астананың көлік тұрағы кеңіс­тігі» ЖШС арнайы шарт жасас­қан. Жоба 20 жылға жоспарланған, 1,2 млрд теңге инвестиция салынған, қаржыландыруға жекеменшік мекеме жауапты. Ал 2019 жылғы қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы көлік тұрағына қатысты қиындықтарды реттеуді тапсырып, мә­селенің шешімі әлі күнге дейін та­былмағанына таңданған. «Елорданы автотұрақтар және пар­коматтармен қамтамасыз ету мә­селелеріне жеке тоқталғым келеді. Осыған қатысты Елбасы да тапсырма берген болатын, бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Автотұрақ алаңдары тек бульвар маңында ғана бар. Мә­селені шешу неліктен кешіктіріліп жа­тыр, объективті қиындықтар неде – түсініксіз», – деп атап өткен еді Президент. 2016 жылғы 27 сәуірде өткен кеңес­те Елбасы ақылы көлік тұрағы жүйе­сін ұйымдастыру бойынша нақ­ты міндет қойған. Қазір «Нұржол» бульварында 487 кө­лікке арналған ақылы тұрақ жұ­мыс істеп тұрғанын, алдағы уақытта тағы 5 мың көлікке арналған ақылы тұ­рақ ашу және мұндай ақылы тұрақ­тар санын 10 мың орынға жеткізу көзделіп отырғанын «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» мәлімдеген еді. Одан жыл басынан бері бюджетке 22 млн теңгеге жуық пайда түскені де айтылды. Қала әкімі Алтай Көлгінов те бел­гілер жаппай орнатылғанымен, бүкіл қала бойынша ақы жинау жүйесі әзірге іске қосылмағанын айтқан. «Тек «Нұржол» бульварындағы те­лімде ғана ақылы автотұрақ істеп тұр. Ақылы автотұрақтан және са­лынған айыппұлдан түскен қаражат ас­тананың жол-көлік инфрақұры­лы­мын дамытуға жұмсалады. Атап айт­қанда, жол белгілерін, жол таңба­ларын жаңғыртуға, автобус аялдамаларын ұстап тұруға, бағдар­шам­дар мен жолдарды жөндеуге шығын­да­лады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының  әкімі Алтай Көлгінов. Бірақ қала тұрғындары бульвар маңында ғана емес, қаланың басқа ау­дандарындағы аймақтарда, мектеп, тіп­ті өз үйлерінің маңына көлік қою үшін ақша төлейтіндерін айтып на­разылық білдірген. Халықтың ша­ғымына мұндай ақылы тұрақтардың күн өткен сайын көбейгені себеп бо­­лыпты. Көбі күнде көлігін қоятын орын­ның ақылы болып кеткенін бай­қамай, айыппұлын да төлеп үл­герген.

Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі

29 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қала­сы Бауыржан Момышұлы даңғы­лын­дағы «Восток» тұрғын үй кешені тұр­­­ғындары үйдің жерасты авто­тұра­ғы жоқ екенін, ал бір жарым ай бұ­рын аулаларында ақылы авто­тұ­рақ­тың белгісі пайда болғанын айтып шағымданған. Тұрғындар ұжым­дық арызды әкімдікке емес, бірден Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жол­­дапты. Айтуларынша, бұған дейін олар әкімдікке жүгінген, бірақ нә­­тиже болмаған. Нұр-Сұлтан қаласы жол-көлік бас­­қармасының бөлім басшысы Рус­лан Әбдуалиев бұл мекенжайда ақы­лы автотұрақ ашу жоспар­лан­ғанын, алайда бұған қатысты қаулы күшіне енбегенін айтқан. «Қаулы шықпай, белгіленген орын­дар ақылы болмайды. Аулаларға ор­наластырылған ақылы автотұрақ­тар әзірше қызмет көрсетіп жатқан жоқ», – деді бөлім басшысы. Артынша келісімшарт міндеттемелерін орындамағаны және талаптарды елемегені үшін Нұр-Сұлтан әкім­дігі «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен келісімшартты бұзу туралы сотқа арыз берді. Айтуларынша, се­­ріктестікке бірнеше рет хабарлама жі­берілген, бірақ өтініш еленбепті. Көлік және жол-көлік инфра­құры­лы­мын дамыту басқармасының бөлім басшысы Марат Есеркепов Нұр-Сұлтан тұрғындары үшін «Нұр­жол» бульварынан басқа, қалалық кө­ше мен жол желісі бойында орна­тылған «Астананың көлік тұрағы кеңіс­тігі» ЖШС-нің автотұрақтары үшін төлем жасаудың қажеті жоқ екенін, ал бұдан бұрын төленген қаражатты қайтару туралы кейінірек хабарланатынын мәлімдеді. Қаншама уақыт бойы тұрған пар­ко­маттар қалай әкімдік назарынан тыс қалуы мүмкін деп ойларсыз, бірақ бұл мәселе ақылы тұрақтың тек тест режимінде ғана жұмыс істеу керектігімен түсіндіріліп отыр. Яғни тұраққа ақы төлеудің қажеті болма­ған. Бірақ «заңсыз» жұмыс істеген паркоматтар ақша қабылдап, чек шы­ғарып, тіпті төлемегендерге айып­пұл да артылған. «Қазіргі уақытта біз мемлекеттік кірістер департаментінің шешімін кү­тіп отырмыз, жауап алғаннан кейін төлем қарастырылмаған тұрақ орындары үшін алынған қаражатты қайтару механизмі туралы қосымша ақпарат бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланады. Паркоматтарды пайдалануға рұқсат алынба­ғандықтан, қалалық бюджетке қара­жат түспеген, ал іс жүзінде адамдар се­ріктестіктің рұқсат етілмеген пар­коматтарына ақша төлеген кезде, ақша серіктестіктің өзіне аударыл­ған», – деп түсіндірді Марат Есеркепов. Жалпы, әкімдік тек жер телімін ғана белгілеп береді, ал қалғаны «Ас­та­наның көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС құзырында деген жауап алдық. Ал «Астана көлік тұрағы кеңіс­тігі» әкімдіктің бұл шағымымен мүлде келіспейді. Мердігер компания барлығын келісімшарт бойынша атқарғандарына сенімді. Онымен қоса ақылы автотұрақтардың ақша­сы тұрғындарға қайтарылмайтынын мәлімдеді.  width=

«Қала бюджетіне 500 миллион теңгеге кіріс құйдық»

«Астана көлік тұрағы кеңістігі­нің» мәлімдемесінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жа­салған келісімді бұзуға ешқандай ес­керту немесе шағым түспеген. Ком­пания өз міндеттерін толық орын­дағанын айтады. Мәселенің мән-жайын білу үшін ком­панияға тікелей хабарластық. «Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында Нұр-Сұлтан қалалық полиция де­партаменті Әкімшілік полиция бас­қармасына жіберілген құқықбұзу­шылық саны 11 мыңды құрады. Тө­лем­дер мен айыппұлдардан түскен ақшалай қаражат жол-көлік инф­рақұрылымын дамыту бойынша қала бағдарламаларын қаржыландыру үшін қала бюджетіне түседі. Ақылы тұрақтар жүйесі толығымен 1,2 млрд тең­геден асатын сомаға тартылған жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. 2020 жылы жобаны кеңейтуге жұмсалған инвестициялар 600 млн теңгеден асып, қала бюджеті­нің жүктелімін төмендетуге мүмкін­дік берді. Біздің компаниямыз жер телімдерінің меншік иесі емес. Олар Нұр-Сұлтан қаласының көше мен жол желісінің бөлігіне жатады. Жоба­да бюджеттік қаражат жоқ», – дейді «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Чингиз Досыбаев. Компания директоры осы мәселеге қатысты мәлімдемесін бейнеүндеу түрінде сайтқа орналастырған екен. Одан бөлек, компанияның ресми мә­лімдемесінде «Қазіргі сәтте Нұр­жол бульварында 487 тұрақ орны то­лық жұмыс істеуде. Есіл, Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр аудандарында 5 мың тұрақ орны іске қосылуға дайын. Оларды іске қосу мерзімі қала әкімдігіне байланысты. Ақылы жүйе­ні іске қосу мерзіміне жақын халық ара­сында ақпарат тарату жұмыстары жүргізіледі. Аталған тұрақ аймақта­рын іске қосқан кезде қаладағы ақылы тұрақтардың саны 10 есе артады. Ақылы режимге өту туралы ақ­парат БАҚ, astanapark.kz сайтында және Facebook және Instagram ком­па­нияларының ресми парақша­ларында жарияланады», – деген ақпарат бар. Іске қосылмаған паркоматтардан ақша жиналғанын өздері де мойындап тұр ма, дәл осы тұсы түсініксіз. Онымен қоса, Компания сайтында (astanapark.kz) «Егер, сіз кө­лікті тұраққа қойған аймақ 11*, 2*, 3** нөмірлеуден басталса ақылы тұрақ тест режимінде жұмыс істейді деген ­сөз. Бұл учаскелерде төлем алын­байды, әкімшілендіру жүргі­зілмейді. 10* * нөмірінен басталатын тұрақ аймақтары штаттық режимде жұмыс істейді, төлем сағатына 100 тг», – деген ескертпені кездестіресіз. «Ақылы автотұраққа жақын орналасқан үйлердің тұрғындары үшін үйдің жанында ақылы авто­тұрақты пайдаланудың жеңілдетіл­ген шарттарын ұсынатын резиденттік келісім бар. Сіз құжаттар тізімін және сайтта рәсімдеу жөніндегі нұс­қау­лықты astanapark.kz сайттағы «Резиденттер» бөлімінде таба аласыз», – деп сайтта тағы да жазылған. «Нұржол» бульварынан басқа аумақта ақылы автотұрақ болмаса, онда үй­дің жанындағы ақылы автотұрақ­ты жеңілдетілген шартпен пайдалану қайдан шыққан әңгіме екені тағы ұғынықсыз. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бюд­жетке ақша тек «Нұржол» буль­варын­дағы автотұрақтардан түске­нін айтады. Осыған қатысты заңгер Талант Рама­зановтың пікірін білген едік. «Бұл мәселеге қатысты даудың шет-жағасын естідім, біраз ақпарат көзінен оқыдым. Біз қазір мәселенің тек беткі жағын ғана білеміз, ал астарынан бейхабармыз. Әкімдік пен мердігер арасында нақты қандай келісімшарт жасалғаны да беймәлім. Қазір бірдеңе айту тек бос сөз бен бұлдыр болжам болады. Мәселе тек сотта ғана шешіледі. Халыққа ақша­ның қайтарылу-қайтарылмауы да сол кезде ғана анықталады», – дейді заңгер.

Ақша кімнің қалтасында?

Жалпы, ақылы тұрақ таңғы 8-ден кеш­кі 20:00-ге дейін сағатына – 100 теңге. Ақы көлікті тұраққа қойған сәттен бастап алғашқы отыз минут ішін­де төленуі тиіс. Демалыс және мереке күндерінде тұраққа көлікті қал­дыру тегін. 2020 жылы дұрыс тұраққа қойыл­мағаны үшін айыппұл бекітіл­ген айыппұл мөлшері (дәлірек айт­қан­да, көлік құралдарын тоқтату не­месе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) – 3-15 МПР аралығында. Яғни 7 575-37 875 теңге. Ақылы тұрақ тө­леуден жалтарғаны үшін айыппұл – 3 АЕК (7953 теңге) және қайталанған жағдайда 5 АЕК (13255 теңге). 7 күн ішінде төлеген жағдайда айыппұл сомасын 50 пайызға төмендетуге бо­лады. Ақылы көлік орындарын фото­бейнебақылау орнатылған арнайы ұтқыр топ қадағалайды. Төлем жаса­мағандар туралы фактілер әкімшілік полициясына жіберіледі. Заңсыз жұмыс істеп келген ақы­лы тұрақтардың да айыппұлы ха­лыққа қаланың әр ауданындағы по­ли­циядан келіп отырған. Паркомат заңсыз жұмыс істесе хабарлама қа­лай полициядан келуі мүмкін екені де түсініксіз. Осы сұрақтың жауабын біл­мекке полиция басқармасына екі күн қатарынан бірнеше мәрте ха­барластық, бірақ жауап ала алмадық.

Дамыған елдердегі көлік тұрақтары қандай?

Біз дәстүрлі көлік тұрағын қол­да­нысқа енгізе алмай жүргенімізде, да­мыған елдер оның тиімсіз екенін ал­ға тартып, қарапайым көлік тұ­рақ­тарын баяғыда-ақ тарих қойнауына жіберген. АҚШ-та 1920 жылы әлемдегі ең ал­ғашқы механикалық көлік тұрағы жа­салды. Бұл оқиға жаңа үлгідегі тұ­рақтардың жасалуына түрткі болды. Солайша өткен ғасырдың 60-жылдары стереоскопиялық автотұрақ (stereoscopic parking) жасалып, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерде қол­данысқа енді. Стереоскопиялық жә­не зерделі автотұрақ көп орын ал­майды. Ал сыйымдылығы, керісінше жоғары. Стереоскопиялық авто­тұрақтың игі­лігін көріп отырған елдің бірі – Қы­тай. Олар сол арқылы 700 мыңнан ас­­там автокөліктің мәселесі ше­шіл­ген.  width= Гер­манияның Вольфсбург қала­сында Volkswagen компаниясының Autostadt технопаркінде 16 қабаттан тұратын 48 метрлік паркинг ғима­рат­тары бар. Әрқайсысына 400 көлік сыяды. Флоридадағы Майами қаласында әлемдегі ең ерекше көлік тұрақтары­ның бірі орын тепкен. Бұл техника­лық ғимарат әйгілі Herzog & de Meuron студиясының жобасы бойынша салынған заманауи сәулет өне­рінің шедеврі саналады. Ал кешенді құруға 70 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Дубайдағы Emirates Financial Towers ғимаратының көлік тұрағы әлем­дегі ең үлкен роботты тұрақ ре­тінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Мұнда бір уақытта 1191 авто­көлік сыяды. Сонымен қатар, тұрақ құны басқаларымен салыстырғанда екі еседей төмен екен. Әлемдегі ең үлкен автотұрақтары бар қалалар тізімінде Мәскеу де бар. Ресей астанасында 3 400 көлікке ар­нал­ған 16 деңгейлі тұрақ бар. Ірі же­расты паркингі «Москва-Сити» мұ­­нараларының аумағында орна­ласқан. 2018 жылы Ташкентте де автомо­бильдерге арналған көп деңгейлі тұрақтар салу үшін 20 перспективалы орын белгіленіпті.

Таяқтың бір ұшы тағы да жаңа тех­нологияны игеруге келіп тіреледі. Екінші жағы, әдеттегідей бөлінген қыруар қаражатты ұқсата білмеуге тиеді. «Өнер-білім бар жұрттар» кө­ліктерді бірінің үстіне бірін қалап жат­­қанда, біздікі, әрине қысы­ла­тын­дай жағдай. Жоғарыда сараптауға тырысқан жаңылтпаш-жұмбақ қалай шешілетіні белгісіз. Бірақ мемлекеттік органдарға да, жеке компания­ларға да сенуден қалып бара жатқан халық қазанға түскеннің қайтып қап­қа түсетінінен үміті аз.