Біз қай жерде қате жібердік?
Біз қай жерде қате жібердік?
Әлемге жайылған пандемия қалыпты өмір салтымызға біршама өзгеріс әкелді. Үй жағдайында оқшауланған жандардың бәрі берекелі күн кешті дей алмаймыз. Карантин жағдайы айрандай ұйыған талай отбасының шырқын бұзды. Елімізде карантин жағдайына байланысты ажырасқандар санының артуымен қатар кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы суицид те екі есе артқан.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларына алаңдаушылық білдірген еді. «Балалар мен жасөспірімдер ортасындағы суицид жағдайлары – бәріміз үшін қасірет. «Балалар неге ондай қадамға барады?» деген сұрақ бойынша бәріміз ойлануымыз керек. Өмірлік нақты нұсқамаларды қалыптастыру – айналып келгенде тәрбие беру процесі сапасының түпкі талабы болуға тиіс», – деп атап өткен болатын.
Жақында Мәжіліс депутаты Артур Платонов та жасөспірімдер арасында суицид жасаушылар санының артқанын айтып дабыл қақты. Депутаттың айтуынша, тек қаңтар-сәуір айында 114 бала суицид жасауға әрекеттеніп, 46 оқиғаның соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Аталған жағдай бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Қостанай облыстары көш бастап тұр. Алайда депутат өзі келтірген деректің шынайылығына күмәнмен қарайды. Өйткені баласы суицид жасаған немесе жасауға талпынған ата-ананың барлығы бірдей бұл туралы полицияға хабар бермейді, білікті мамандардың көмегіне жүгінбейді. Бұдан бөлек, біздің қоғамда өз-өзіне қол салғандар мен соған әрекеттенгендерді айыптау басым.
Әлем бойынша Қазақстан – көп суицид жасалатын елдердің бірі. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы келтірген дерек бойынша, суицид жасаушылар арасында Қазақстан бірнеше жыл қатарынан алғашқы ондықта тұр. 2018 жылы елімізде өлімнің кең тараған жеті себебінің бірі осы суицид болған. Ал жасөспірімдер арасында ұлдарға қарағанда қыздар жиі өзіне қол жұмсайды екен. Суицидтің себептері және алдын алу туралы сарапшы мамандардан сұрап көрген едік.
Алмагүл АЛДАБЕРГЕНОВА, Балаларды оңалту ұлттық орталығының психологы:
Бала қолдан жасап алатын пластилин емес
– Балалар мен жасөспірімдердің суицид жасауының бірінші себебі – ата-анасының вербалды, эмоциялық қарым-қатынасының жетіспеуі. Ата-ана баланы таңнан кешке дейін көрмесе де, оған уақытын бөлмесе де материалдық жағынан қамтамасыз етсем жеткілікті деп ойлайды. Өздері балаларым қатарынан қалмасын, таршылық көрмесін, мен көрмегенді көріп, мен жемегенді жесін деп үй бетін көрмей жұмыс істеуге дайын. Балам жақсы киінсе, мықты мектепте үздік оқушы болса, қымбат киінсе, қолында соңғы үлгідегі смартфоны болса, барлық қажеттілігін қамтамасыз еткенім деу қате. Баланың ішкі жан дүниесіндегі орны үңірейген эмоциялық бос қуысты ата-ананың махаббаты, түсіністігі, көңіл аударуы ғана толтыра алады. Балаға «Мен сенімен біргемін», «Балам, қандай әрекет жасасаң да сені түсінемін, менің бар екенімді ұмытпа» деген сөздер жетіспейді. Мұндай сөзді естімеген бала мені түсінетін адам жоқ деп түйін жасайды да суицидке барады. Жасөспірімдерден «Ненің өзгергенін қалайсың?» деп сұрасаң, «Мені ешкім түсінбейді. Сырымды анама айтқым келеді, бірақ бәрібір түсінбейтінін білемін» дейді. «Балам ашуланшақ болып кетті» деп шағымданатын ата-аналар баласын сол мінезбен өмір бойы қалып кететіндей қабылдайды. Барлығымыз өтпелі кезеңнен өттік. Балаға да бұл кезеңде мінезінің өзгергені өзіне ұнамайды, өзін түсіне алмайды. Осыны сабырмен айтып жеткізсеңіз, бала өзін түсінетін адам бар екенін білсе, тіл табысу да жеңілдейді. Баланың қалауының бәрін орындаудың екінші жағы бар. Бала қалағаны тез орындалса, оның армандау процесі қысқамерзімді болады. Өзі қалаған нәрсе тез орындалса, сол нәрсенің қадірін сезбейді, материалдық қажеттіліктің астарында ата-ананың қажырлы еңбегі мен уақыты жатқанын білмейді. Егер түсінетін болса, баланың жүйке жүйесі бірқалыпты дамиды. Осы ретте баланың психикасына кері әсер етуде гаджеттер мен смартфондардың рөлі зор екенін айта кеткеніміз жөн. Смартфон пайда болғалы балалардың да қызығушылығы өзгерді. Гаджеттердің пайдасы жоқ демеймін, бірақ баланың жүйкесінің тезірек тозуына, жұқаруына бірден-бір себепкер. Бүгінгі ата-ана баланы тұрмыстық жағдайда еңбекке баулуды да ұмыт қалдырып жатыр. Балаңызға 2-3 жасынан бастап дүкеннен азық-түлік алып келгенде «Маған көмектесіп жіберші» деп пакетіңіздің бір бұрышын ұстата қойыңыз. Үй жинап жүрсеңіз, баланың қолына шүберек ұстата қойыңыз, тамақ жасап жатсаңыз бір затты алып келуге жұмсай салыңыз. Баланы 6-7 жасында өзгертпейсіз, оны еңбекке баулу кішкентайынан басталады. Осы арқылы бір оқпен бірнеше қоянды атуға болады. Ең бірінші баланы еңбекке баулисыз, сізге көмектесу арқылы өзін қорған, қамқоршы, қажет сезінеді, жәрдемдесу арқылы оның еңбекке деген қызығушылығы одан ары артады. Баланы қандай да бір үйірмелерге тықпалай бергеннен жан-жақты дамытып, еңбекке баулып, ақыл-ойына, қабілеті мен қабылдауына әсер еткен жөн. Баламен дұрыс қарым-қатынасты әр отбасы әрқалай түсінеді. Бастысы, ата-анасы, ата-әжесі баланың жеке тұлға екенін ұмытпаса, сонда мәселе де азаяды. Балаға кішкентайынан олай жасама, бұлай істеме, төкпе, шашпа, онымен дос болма, сабақты жақсы оқы, екілік алма деп тыйым салмаңыз. Үлкендер баланы өзіне қалай ыңғайлы, солай жасап алғысы келеді. Бала қолдан жасап алатын пластилин емес. Балаңыздың мінезін, темпераментін қалай бар солай қабылдасаңыз, ата-анаға да, балаға да өмір сүру жеңілдейді. Әр баланың жеке аймағы болса, оны жеке тұлға екенін ұмытпасаңыз, пікірімен санассаңыз, дұрыс қарым-қатынас орнайды.