Сіз кімсіз, Джо мырза?

Сіз кімсіз, Джо мырза?

Сіз кімсіз,  Джо мырза?
ашық дереккөзі
Өткен апта әлем назары жаппай АҚШ-қа ауды. Жай күндері де Америкаға қарап елеңдеп отыратын жаһан елдері сайлау кезінде америкалық БАҚ-қа телміруді тіпті жиілетті. Онысы түсінікті. Алдағы 4 жылда АҚШ-тың тізгінін ұстайтын адам – әлемнің тамырын да ұстаушы, жаһанның болашағына тікелей де, жанама да ықпал етуші. Сондықтан жеңіс Байденге бұйыра ма, әлде Трамп тағында қала ма деген сауалдың көпті мазалағаны заңдылық. Жауабы өткен сенбіде белгілі болды. Байденді қолдаушылардың Вашингтон көшелерін шулатып, Трамп жақтастарына мұрын шүйіре қарайтыны да сол күн.

Пенсильвания сыйлаған жеңіс

78 жасында Ақ үй төріне жайға­са­тын Джо Байден АҚШ тарихына ең егде президент ретінде енді. Сондай-ақ ол – соңғы 28 жылда мемлекет басшысын та­ғынан тайдырған алғашқы кандидат. 1992 жылғы сайлауда Билл Клинтон елді басқарып отырған үлкен Джоржд Бушты жеңгелі бері президенттер екі мерзім билік құрып, бастаған істерін соңына дейін жеткізетін. Клинтон да, кіші Буш пен Обама да сөйтті. Ал әлемге пайдасынан гөрі кесірі көп тиген, жаһандық сауда соғысының бастамашысы болған Трампқа АҚШ халқы екінші мүмкіндік бергісі келмеді. Десе де, оны қолдағандар қатары аз деу­ге келмес. Сенбіге дейін екі үміт­кер­дің дауыс санында үлкен айырмашылық бол­ған жоқ. Әр штаттың нәтижесі жа­рия­лан­ған сайын біресе Байден, біресе Трамп басым түсіп, республикашылдар күйрей жеңіледі деген болжам расталмады. Тек 7 қарашада Пенсильвания шта­тында дауыс санау аяқталғанда сай­лаушылар алқасының шешуші 20 дауысын иеленген Джо Байден қарсыласынан бұрын межелі 270 дауыс­ты жинап, жеңіске жеткенін сүйін­шіледі. Сайлау қорытындысы бұрмалан­ды деп бұлқан-тал­қан болған Дональд Трамп демократ­тар­дың жеңісін мойын­дамаса да, әлем елдері сол күні-ақ АҚШ-тың 46-шы президенті – Джо Байденді су жаңа қызметімен жарыса құт­тықтап жатты. Құрама штаттардың президенті жал­пыхалықтық дауыс беру арқылы емес, сайлау алқасының электоралды дауысымен сайланады. Үміткер сайлау алқа­сын­дағы 538 дауыстың кемінде 270-ін жинауы тиіс. Бір штаттың электоралды дауыс саны сол штат халқының көлеміне байланысты анық­талған конгрестегі өкіл санына тең. Мы­салы, халық тығыз қоныстанған Техас шта­тының конгресте 38 өкілі бар. Бұл Техас штаты 38 электоралды дауысқа ие дегенді біл­діреді. Ал халқы аз Оңтүстік және Сол­түс­тік Дакота штаттарының конгресте үш-үштен өкілі бар. Тиісінше бұл штаттар 3 электоралды дауысқа ғана ие. 48 штатта сайлаушылардың жартысынан көбінің дауысына ие болған үміт­кер штаттың барлық электоралды дауы­сын иеленеді. Мәселен, Калифорния шта­тында сайлаушылар дауысының 50 пайызынан артық жинаған кандидат 55 дауыс алады. АҚШ-та дауыс берудің екі әдісі бар: сай­лау күні сайлау учаскесіне келу арқылы не­месе пошта бюллетенін пайдалану арқы­лы таңдау жасауға болады. Алайда әр штат­тың ережесі әртүрлі. Барлық штат пошта арқылы дауыс беруге рұқсат бергенімен, көп бөлігінде сайлау күні неліктен учаскеге ке­ліп дауыс бере алмау себебін көрсету талап етіледі. Кей штаттар кесірлі кеселдің таралуына байланысты пошта бюллетеньдерін қолдануды жөн көрген.

Дауыс санау неліктен ұзаққа созылды?

Бұл сайлауда дауыстарды санау бұ­рын­ғыға қарағанда ұзаққа созылуы мүм­кін екені алдын ала хабарланды. Бұған мер­зімінен бұрын дауыс берушілердің ре­кордтық көрсеткішке жетуі себеп. Кейбір штат­тарда бюллетеньдер салынған конверт­терді соңғы дауыс беру күніне дейін ашуға тыйым салынады. Ал кейбірінде конверттер кешігіп жеткізілген. Оларды санауға сайлау комиссияларының уақыты жетпей, дауыс беру нәтижесі кешіктірілді. АҚШ-та әр жылдары демократтарға да, рес­публикашылдарға да қатар қолдау көр­сететін «құбылмалы» штаттар бар. Кан­ди­дат­тардың сайлау штабы бар күшін әдетте осын­дай штаттарға жұмылдырады. Ал тұ­рақ­ты түрде бір партияны таңдайтын штат­тарға аса көңіл бөлінбейді. 2016 жылғы сай­лау нәтижесі бойынша Аризона, Флорида, Айова, Мичиган, Солтүстік Каролина, Огайо, Пенсильвания, Висконсин, Колорадо, Мэн, Миннесота, Невада, Нью-Гемпшир және Вирджиния штаттары «құбылмалы» са­налды. Олардың барлығы 171 дауысқа ие. Биылғы сайлауда республикашыл До­нальд Трамп Флорида, Огайо, Айова штаттарында жеңсе, демократ Джо Байден Мэн, Нью-Гемпшир, Миннесота, Пенсильвания, Вирджиния, Колорадо, Висконсин, Мичиган сайлаушыларының қолдауына ие болды. Пенсильваниядағы жеңісінен соң  америкалықтарға алғысын білдірген Джо Байден Twitter-де: «Америка, ұлы мем­лекетіміздің басшысы ретінде таңда­ған­дарыңыз мен үшін мәртебе. Алда қиын жұ­мыс тұр, бірақ мен маған не басқаға дауыс бергеніне қарамастан барлық амери­ка­лықтың президенті болуға уәде беремін. Ма­ған артқан сенімдеріңізді ақтаймын», – деп жазды. АҚШ-тағы сайлаудың қорытындысы жай­лы пікір білдірген халықаралық сарап­шы­лар Байденнің жеңісін әлсіз, сенімсіз жеңіс деп бағалады. Олардың пікірінше, Де­мократиялық партияның кандидаты көп­ті ұйытып, дауыс берушілерді жаңа идея­лар, жарқын бастамалар төңірегінде топ­тастыра алмады. Тіпті, сайлаушы де­мократтардың өзі Байденге шын ықыласпен емес, Трампты тақтан көргісі келмегендіктен ғана дауыс бергендерін мойындады. Жаңа президент америкалықтардың бәріне бірдей ұнай қоймағанымен, оның сенімді серігі – жаңа вице-президент Ка­мала Харрисқа іші жылығандар көп. Де­мократтардың жеңісі жарияланғаннан кейін ел алдына шығып сөз сөйлеген Харрис ханым президент кеңсесіндегі алғашқы әйел болғанымен, соңғысы болмайтынын зор сеніммен айтты. Камала Харрис – вице-пре­зидент лауазымындағы алғашқы әйел ғана емес, алғашқы қара нәсілді және Оң­түстік Азия тумасы екенін де айтпай кетуге болмас.

Байден байыпты саясат жүргізе ала ма?

Ендігі маңызды сауал – Байден мен Харрис тандемі АҚШ-тың әлеммен қа­тынасын қалай өзгертеді? Жаһандағы ең қуат­ты армияның жаңа басшысынан не күтуге болады? Саясаттанушылардың сөзінше, Байден әкімшілігі қос партияның да қан­шама онжылдықтар бойы жалаулатып жүрген халықаралық альянстар арасындағы жауапкершілікті әділетті бөлу жөніндегі ұран­дарын жалғастырады. Халықаралық саяси сарапшы, «Ашық әлем: XXI ғасыр ор­деніне байқауда Америка қалай жеңіске жете алады?» атты кітаптың авторларының бірі Ребекка Лиснердің пікіріне сүйенсек, АҚШ дәстүрлі одақтарға мүшелігін жал­ғас­тырады және «қырғи қабақ соғыстың қа­сіретін еске түсіруді қойып, XXI ғасыр қауіп­сіздігіне қатер төндіретін фактор­лар­дың бәрімен күре­суге жол ашатын халық­аралық құрал­дар­ға айналдыру үшін» оларды модер­ни­зациялауға тырысуы мүмкін. 2020 жылдың басында Foreign Affairs жур­налында жарияланған ма­қа­ла­сын­да Джо Байден өз президенттігінің ал­ғашқы жылында демократиялық мемлекеттер саммитін өткізу жоспары жайлы айт­қан. Лиснердің айтуынша, сыртқы саясатта де­мократтың дербестігі Трампқа қарағанда айтарлықтай төмен болады және АҚШ-тың сыртқы саясатында өз орнын  бекітіп үлгерген «демократиялық одақтастары мен серіктестеріне» иек артады. Демократтардың сайлауалды бағ­дар­ламасында климаттық өзгерістерге қатысты нақты шаралар көрсетілген. Осы бағыттағы алғашқы қадам ретінде Байден Париж келісіміне мүмкіндігінше тезірек қай­та қосылуға сөз берген.  2050 жылға дейін АҚШ-тың ауаға шығаратын көміртек кө­лемін азайту үшін ол 2 трлн доллар бөлу­ге дайын екенін айтты. Сарапшылар Ақ үй­дің жаңа басшысы сөзінде тұрып, Оба­маның қоршаған ортаны қорғау сала­сын­дағы оң бастамаларын жалғастырады деген сенімде. Осы орайда Джо Байден Барак Обама тұсында АҚШ вице-президенті бол­ғанын оқырман есіне сала кетейік. АҚШ-тың сауда саясаты жөніндегі сарапшы Эдвард Олденнің пікірінше, Бай­ден­нің жеңісі АҚШ пен Еуроодақ арасындағы қа­рым-қатынасты өзгерткенімен, сауда со­ғы­сының тоқтауы екіталай. Ақ үйдің жаңа басшысына сандық салық салу мәсе­лесін шешуге тура келеді. Өйткені респуб­ликашылдарға қарағанда демократтар Google мен Facebook секілді алпауыттарға көбірек тәуелді. «Boeing пен Airbus арасындағы жанжал тоқ­тамайды. Джо Байденнің сайлауалды бағ­дарламасына қарасаңыз, ол «АҚШ тауар­ларын сатып ал» саясатының басқын­шы­лы­ғын арттырмақ. Меніңше, Байден тұсында Құрама штаттар ішкі саясатқа көбірек көңіл бөледі», – дейді Эдвард Олден.

Сенатордан президентке дейін

Әдетте АҚШ-та президент сайлауы мен ұлықтау рәсімі арасында шамамен 75 күн өтеді. Орнын босататын прези­дент­тің әкімшілігі жаңа басшылыққа бар­лық құжаттарды тапсырады, халықаралық саясат пен ұлттық қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер жайлы құлақтандырады. Сон­дай-ақ өтпелі кезең жаңа сайланған пре­зидентке кадрлық шешім қабылдауға мүм­кіндік береді. Байден мен оның командасы атқарушы билікке мемлекеттік хатшы­лар мен Қорғаныс министрлерін қосқанда ша­мамен 7 мыңға жуық шенеунікті та­ғайын­дауы тиіс. Ұлықтау рәсімі 2021 жылдың 20 қаң­тарына белгіленген. Джо Байден мен Камала Харрис ел алдында ант қабылдап, қызметтеріне ресми түрде кіріседі. Жаңа президент оған дейін қол қусырып отырмасы анық. Байден мемлекет басшысы ре­тінде жаңа шешімдерін жариялап та үлгерді. Олардың ең алғашқысы – бүкіл АҚШ аумағында міндетті маскалық режим енгізу. Сайлауалды бағдарламасында індетпен күрес­ті жиі қаузаған демократтың бұл қада­мына ешкім таңғала қойған жоқ. Өйткені ол ел алдына шыққанда америкалықтарға үнемі вирус қаупін ескертіп, індеттен көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтуды ұмытпайтын.  Бүгінде АҚШ-та коронавирус құрбандарының саны 225 мыңнан ал, кесірлі кеселді жұқтырғандар саны 10 миллионнан асып жығылғанын ескерсек, бұл індет Бай­денді біраз титықтырар түрі бар. Коро­на­­вируспен күресуге енжарлық танытып, өзі ауырғаннан кейін «бұл вирустан қор­қу­дың қажеті жоқ» деп мәлімдеген Трамп­тың нем­құрайлығы алпауыт елді аурудың оша­ғына айналдырды. Трамп сияқты емес, Байден жақынын жоғалтудың не екенін біледі. Өз от­ба­сындағы трагедияның кесірінен ол саяси ман­сабын бір емес, екі мәрте аяқтауға бекін­генін біреу білсе, біреу білмес. Алғаш рет 1972 жылы Сиракуз университеті заң фа­куль­тетінің түлегі – 29 жастағы Байден рес­публикашыл Джеймс Калебпен бақ сынасып, Делавэр штаты атынан сенатор болу­ға ниеттенеді. Сайлауалды үгіт-насихат бюджетінің тым аздығына қарамастан, ол сай­лауда жеңіске жетті. Алайда бірнеше ап­тадан кейін жас саясаткердің өмірін тү­бегейлі өзгерткен қайғылы оқиға болды: оның әйелі Нелия мен бір жасар қызы Наоми жол апатынан көз жұмды, ал ұлдары Бо мен Хантер ауыр жарақаттанды. Бастап­қыда Байден сенаторлықтан бас тартпақ болады, алайда достарының үгіттеуімен райынан қайтады. Ақырында ол ұлдары емделіп жатқан ауруханада ант қабылдауға мәжбүр болған. Бір айналдырса шыр айналдыратын тағ­дыр Байденді 2015 жылы тағы сынады. Обама әкімшілігінде вице-президент қызметін атқарып жүрген демократ табысы төмен миллиондаған отбасының ме­дициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне кепілдік беретін заң жобасын дайындап жатқан кезі болатын. Дәл сол уақытта Бай­деннің үлкен ұлы Бо мидың қатерлі ісігінен көз жұмды. 2016 жылы президент сайлауына қатысуға ниеттеніп жүрген Джо Байден осы оқиғадан соң мақсатын кейінге шегерді. Араға төрт жыл салып, президент болу­ға шын бекінген демократ ақы­ры арманына жетті. Демократиялық партия жас кандидаттардан гөрі тәжірибелі саясаткерге сенім артқаны таңданыс тудыра қой­мады дейді Миссури университетінің профессоры Митчелл МакКинни. Ғалымның пі­кірінше, Байден – сергек ойлайтын, бас­таған ісін соңына дейін жеткізетін, қоғамға жаны ашитын саясаткер. Қысқа қайырғанда, Трампқа кереғар тұлға. Қарсыласын «Жайбасар Джо» деп мұқат­қан Дональд мырза енді қаласа да, қаламаса да, оған өз орнын босатып береді. Әлем та­ни­тын Трамп «тосынсыйсыз» кетпесі анық. Саясаттанушылар сайқымазақ сая­сат­кердің спектаклі әлі аяқталмағанына сенім­ді. Алайда енді оның маңызы бола қоймас.