Қапшағайлықтар екі аптадан бері жылусыз отыр
Қапшағайлықтар екі аптадан бері жылусыз отыр
Қапшағайда екі аптадан бері жылусыз отырған тұрғындардың мәселесін шешуге қала әкімі кірісті.
Қапшағай қаласы әкімдігінің ресми мәліметінше, шаһардағы үшінші шағынауданында орналасқан №1 тұрғын үй бүгінде жылу жүйесіне қосылмаған. Соған сәйкес өңір әкімі Нұрлан Құматаев пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, жергілікті полиция бөлімдері мен «Қапшағай жылу», «Қапшағай Су Арнасы» мекемелерінің басшылары аталған ықшам ауданына барып, мәселенің мән-жайын анықтады.
Аталмыш үй тұрғындарының сөзіне қарағанда, мұнда орналасқан «Грот» кафе иесі ауыз су мен жылу жүйелерін толықтай жауып тастап, соның салдарынан халық екі апта көлемінде жылу мен суға зар болып келеді. Осылаша көпшілік наразылығын тудырған тамақтану орнының иесі бұл жиында төбе көрсетпей, ғимарат есігіне қара құлып салып, келмеске кеткенге ұқсайды.
Өз кезігінде қала басшысы өзімен бірге келген жауапты сала азаматтарына бұл проблеманы дереу шешіп, жақын күндерде халықты су және жылумен қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты «Қапшағай жылу», «Қапшағай Су Арнасының» мекемелерінің мамандары келіп, жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға қажеттінің бәрін қалпына келтіретін болады.