Алматы мейрамханаларының жұмыс уақыты қысқарды
Алматы мейрамханаларының жұмыс уақыты қысқарды
Алматыда мейрамханалардың жұмыс уақыты бір сағатқа қысқарды. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
«Қазір қалада ауру жұқтыру дерегі көбейіп жатыр. Осыған байланысты біз мейрамханалардың жұмыс уақытын қысқарту туралы шешім қабылдадық. Алдыңғы қаулыға өзгерту енгіздік. Мейрамханалардың жұмыс уақытын 1 сағатқа шегердік. Бұл сақтық шараларын күшейту үшін. Сонымен қатар, бұл тұрғындардың қоғамдық орындарға аз баруы үшін жасалып отыр», – дейді бас санитар.
Еске сала кетсек, Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы бойынша жасы 65-тен асқан Алматы тұрғындарына үлкен қажеттілік болмаса үйлерінен шығуға тыйым салынды.
Бұдан бөлек,2020-2021 оқу жылының екінші тоқсанынан бастап оқушылар саны 300 балаға дейінгі мектептердің жұмысын дәстүрлі форматқа көшіруге рұқсат етілді. Ал сыныптағы оқушылардың саны 15-тен аспауы тиіс.
Сонымен қатар, қала мектептерінде ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат берілді.
Айта кетейік, өткен тәулікте Алматыда 14 адамнан коронавирус анықталып, қалада індет жұқтырғандардың жалпы саны 14 990-ға жетті. Пандемия басталғалы індеттен 290 науқас көз жұмды.