Праймериздің үшінші деңгейі: Ел өңірлерінде 202 партиялық конференция өткізіледі

Бүгін праймериздің келесі деңгейі басталады.10-12 қараша аралығында барлық облыстардағы қалалар мен аудандарда, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында 202 партиялық конференция өткізіледі. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей Facebook парақшасында хабарлады.

«Басты оқиға – облыс мәслихаттары мен Мәжіліс үшін «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне қосылуға үміткер болып отырған 1412 праймериз кандидаты қатысатын пікірсайыс болмақ.

Аудандық (қалалық) конференциялардағы пікірсайыстарға қатысатын кандидаттар тізімі Primaries.kz порталында жарияланды.

7-8 қараша аралығында барлық 4,5 мың бастауыш партия ұйымында жиналыстар өткізілді, нәтижесінде аудандық және қалалық партия конференцияларына 10 мыңнан астам делегат сайланды. Олар пікірсайыс қорытындысы бойынша праймериз үміткерлеріне дауыс бермек. Таңдалған сайлаушы делегаттар – праймеризге кандидат ретінде қатыспаған тұлғалар», – деп жазды партия хатшысы.

Әлібек Әлденейдің айтуынша, 13 қараша күні облыстық конференцияларға қатысуға жолдама алатын аудандық (қалалық) пікірсайыс жеңімпаздарының тізімі бекітілетін облыстық филиалдардың бюролары өткізіледі.

Ал 16-17 қарашада 14 облыстық партия конференциясы өтеді. Онда облыстардан Мәжіліс сайлауына қатысу үшін «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне кіретін праймериз кандидаттары анықталады.

Конференциялардың барлығы әлеуметтік желілерде «Nur Otan» партиясының аймақтық филиалдарының аккаунттарында тікелей эфирде көрсетіледі.

Back to top button