Жаңалықтар

Вакуумды пойызға алғаш рет жолаушылар отырғызылды

ашық дереккөзі

Вакуумды пойызға алғаш рет жолаушылар отырғызылды

Virgin Hyperloop компаниясының инженерлері Hyperloop вакуумды пойызына алғашқы жолаушыларды отырғызып, бесінші транспорт түрі деп аталатын пойызды сынақтан өткізді деп хабарлайды The Verge агенттігі. Лас-Вегас қаласының маңында орналасқан DevLoop полигонында Hyperloop вакуумды пойызына екі жолаушыны, атап айтсақ, Virgin Hyperloop компаниясының техникалық директоры Джош Гигель мен клиенттермен жұмыс жөніндегі директор Сара Лучианды мінгізіп, сынақтан өткізді. Олар мінген капсула 160 км/сағ жылдамдықпен жүріп, келесі аялдамаға жетер кезде жылдамдығын бәсендеткен. Жоба құрастырушылары бұл сынақты көліктің жүру жылдамдығының қаншалықты жоғары екенін тексеру емес, мұның жолаушылар үшін қауіпті емес екеніне көз жеткізу үшін өткізгенін айтады. Қазіргі таңда әлемнің әр бұрышында бұл жобаға қатысты әртүрлі капсулалар әзірлену үстінде. Ал компания инженерлері бұл сынаққа даниялық архитектор Бьярке Ингельс әзірлеп шығарған XP-2 капсуласын қолданған. Десек те, бұл капсула болашақта іске қосылатын Hyperloop капсуласынан екі есе кіші.