Түркиядағы зілзала құрбандарының саны 115 адамға жетті
Түркиядағы зілзала құрбандарының саны 115 адамға жетті
Измирдегі жер сілкінісі салдарынан қираған ғимараттардың бәрінде іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Зілзала құрбандарының саны 115 адамға жетті. Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы (AFAD) мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.
Басқарма дерегінше, 30 қазандағы жер сілкінісінен кейін жалпы саны 2846 афтершок тіркелген. Оның ішінде 46 жағдайда жерасты дүмпуінің магнитудасы 4 балдан асқан.
Апат салдарынан 115 адам қаза болып, 1 035 адам жарақат алған. Оның шінде 1 011 тұрғын медициналық көмек көрсетіліп, қажетті ем-шараны алған соң үйіне жіберілген. 23 адам емделуде.
Еске сала кетсек, 30 қазанда Түркияның батысында 6,6 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен 14.51 кезінде Измир провинциясы Сеферхисар ауданындағы Эгей теңізінің жағалауында тіркелген. Зілзала ошағы - 16,5 шақырым тереңдікте.
Бұған дейін құтқарушылар Измир қаласында қирандылардың астында үш күн жатқан жатқан 3 жасар бүлдіршінді құтқарғанын хабарлағанбыз. Элиф Перинчек – Түркияның батысында болған зілзаладан соң құтқарушылар аман алып шыққан 106-шы тұрғын.