Жаңалықтар

Алматы көшелеріне тағы 1500 камера орнатылады

ашық дереккөзі

Алматы көшелеріне тағы 1500 камера орнатылады

Алматы көшелеріндегі бейнебақылау камераларының қатары тағы 1500 қондырғымен толықпақ. Өйткені бұл құрылғының қырағы көзі полицейлердің жұмысын жеңілдеткен. Мәселен, жыл басынан бері бейнебақылау камералары арқылы анықталған тәртіп бұзушылықтар Алматы қаласының бюджетін 1 млрд. 700 млн. теңгеге арттырды.

Жабдықтар «Автоматтандырылған қауіпсіздік жүйесі» бағдарламасы аясында орнатылмақ. Әзірге құрылғылар қойылатын жер нақтыланбаған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Алматы бойынша 150 бекет ашып, әр қайсысына 15-тен камера орнату жоспарланып отыр. «Бейнекамералар алдымен орталық даңғылдарға, одан кейін қалаға жаңадан қосылған аудан мен көшелерге қойлады. Біразы жол көлік оқиғасы жиі болатын жерлерге орналытады деп жоспарлануда», – деді Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек. Қазіргі таңда қалада 9 мыңнан аса бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Оның бір бөлігі көшедегі жол ережесін бұзғандарды анықтауға бағытталса, біразы жеке аулалар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қадағалау үшін орнатылған. Шенділер алдағы уақытта мегаполистің бүкіл аумағына осы құрылғымен жабдықтауды жоспарлауда. Себебі, осы бейнебақылау камераларының арқасында шаһарда жиі орын алатын қылмыс 15 пайызға, ал жол ережесін бұзатын жүргізушілердің саны 10 пайызға төмендеген. «Өткен жылы осы бейнебақылау арқылы 102 ауыр қылмыс ашылды. Жол ережесін бұзған 29 мың жүргізушіні анықтап, айыппұл салынса, 34 мың азаматқа заң бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Осының барлығы кішкентай қондырғының атқарып отырған жұмысы», – дейді Алматы қалалық ІІД Басқарма басшысы Андрей Квашнин.