Қазақстан жасөспірімдер құрамасы – Президент Кубогінің иегерлері
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы – Президент Кубогінің иегерлері
Ойынға тоқталсақ. Футболдан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогының финалында Қазақстан мен Тәжікстан құрамалары кездесті.
Шымкент қаласынының Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен ойын есепті Қазақстан жасөспірімдер құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет ашты. Ол бірінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда мергендік танытты. Сонымен қатар, бірінші таймның ортасында Денис Красноперов тепкен доп қақпа торынан табылған еді. Алайда, төрешілер қазақстандық шабуылшының ойыннан тыс қалғанын бірден аңғарды.
Екінші таймда есе қайтаруға тырысқан Тәжікстан құрамасының бас бапкері Зайниддин Рахимов бірнеше футболшы алмастырды. Нәтижесінде Вахдат Ханоновтың алыстан бағыттаған соққысы қақпа торынан табылды.
Алайда, ойынның тең аяқталуына келіспеген Жасұлан Қайыркенов кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда Қазақстан құрамасын алға шығарды. Қорытынды есеп - 2:1.
Осылайша, аптаға жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде екінші орынды Тәжікстанның аяқдопшылары алса, жүлделі үшінші орын ирандық футболшылардың еншісіне бұйырды.
Халықаралық турнирдің жүлде қоры 15 мың АҚШ доллары болатын. Жеңімпаз командаларды марапаттау кезінде 3-орын алған командаға 3 мың АҚШ доллары берілсе, 2-орын иегерлеріне 5 мың АҚШ доллары, ал турнир жеңімпазы – қазақстандық құрамаға 7 мың АҚШ долларының сертификаты табыс етілді.
Елбасы Кубогін сарапқа салған бәсекеде айрықша көзге түскен ойыншылар да сый-құрметтен шет қалмады. «Үздік ойыншы» аталымын Қазақстан құрамасының капитаны Д.Кашкен алса, «Үздік шабуылшы» атағы әзербайжандық Хагани Садықовқа бұйырды. «Үздік шабуылшы» номинациясы отандық футболшы Еркебұлан Сейдахметке берілсе, «Үздік жартылай қорғаушы» аталымы Тәжікстан командасының аяқдопшысы Шахром Самиевке тиесілі болды. «Үздік қорғаушы» есімі ирандық Тоха Шариатиге бұйырып, албандық Илья Синани турнирдің «Үздік қақпашысы» атанды.