Меркі тұрғындары жалғызбасты мүгедек анаға асаралатып үй салып берді

Жамбыл облысы Меркі ауданында ауыл тұрғындары жалғызбасты мүгедек анаға асаралатып үй салып берді.

Меркі ауданында «Асарлатып үй салу жобасы» аясында тағы да бір үй иесіне тапсырылды. Бұл жолы Жамбыл ауылдық округінде жалғызбасты, 2-топтағы мүгедек ана Махира Әмірқұлова жоба аясында баспаналы болды. Ауыл тұрғындары жұмыла атсалысқан үй еңсесі биік әрі кең.

Округ әкімі Ербол Байболсынов тамыз айында басталған баспана ауыл тұрғындарының ынтымағы мен ауызбіршілігінің арқасында біткенін жеткізді. Атсалысқандарға алғыс айтты.

Қоныс тойға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманәлиев, ауыл қариялары мен жомарттық жасаған азаматтар ізгі тілектерін айтып, үй иесіне жүрекжарды лебіздерін жаудырды.

Округ әкімі құрылыс жұмыстарына атсалысқан бірқатар азаматтарды материалдық тұрғыда көмек қолын созып, азаматтық танытқаны үшін алғыс хатпен марапаттады. Алқызыл лента қиылып, жаңа баспана иесі Махира Әмірқұловаға үйдің кілті табыс етілді.

«Осы істің ұйымдастырған ауыл әкімдігіне және жұмыла үй салып берген барлық ауылдастарыма алғысымды айтамын. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Мұндай үй салу маған арман еді. Қызым екі баласымен менімен бірге тұрады. Күйеу балам қайтыс болған. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын», – дейді қоныс той иесі.

Айта кетейік, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл өңірінде қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның мақсаты – «Асар» дәстүрін жаңғырту, халықты береке-бірлікке бастау.

Баспанаға мұқтаж отбасы ауыл ақсақалдарының шешімімен анықталады. Жобада басымдық әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға беріледі.

Облыс бойынша барлығы 123 үйдің кілтін табыс ету жоспарланған. Бүгінгі дейін көптің көмегімен салынған осымен 22 үй пайдалануға беріліп отыр. Қалған үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

 

Back to top button