Жаңалықтар

Ләззәт Әбдіреева, «NS» радиосының дикторы: Тіліміздің әсем әуезі – мақтанышымыз

ашық дереккөзі

Ләззәт Әбдіреева, «NS» радиосының дикторы: Тіліміздің әсем әуезі – мақтанышымыз

Елімізде ақпарат тарататын санаулы радиолардың бірі – «NS» Ұлттық радио желісі. 1995 жылдан бастап қызмет атқаратын коммерциялық радиоға биыл 20 жыл толды. Қазақстандық ақпарат кеңістігінде айшықты орны бар радио желісінің жаңалықтар бөлімінің жетекшісі белгілі журналист, диктор Ләззәт Әбдіреевамен әңгімелесудің сәті түскен еді. – «NS» радиосының қазақтілді бағдарламалар қызметінің шығармашылық әлеуеті жайлы айтып берсеңіз. – Біз өзіміздің бар күшімізді салып бағудамыз. Радиода ақпарат таратудың қандай тәсілдері бар, соның барлығын да қолданып, ақпаратық кеңістіктегі бәсекелестік көшінен қалмай келеміз деп ойлаймын. Мен бұл радиоға 2010 жылы келдім. Ол кезде қазақша жаңалықтардан басқа өзге ештеңе жоқ болатын. Қазақ редакциясы деген аты ғана бар. Жаңалықтар қызметі жалаң ақпарат тарататын. Бұл үрдіс қазіргі біраз радиолардың дағдысына айналды. Жасыратыны жоқ, коммерциялық радиоларда мемлекеттік радиоларға қарағанда ұтымсыз тұстар көбірек болды. Өйткені біздегі жаңалықтар қызметінде тікелей эфирге оқиға орнынан ақпарат тарату, пікірлер беру деген болған жоқ. Содан алдымызға жаңалықтар қызметін түрлендіруіміз керек деген мақсат қойдық. Мәселен, жалаң ақпараттан гөрі болған оқиғаға, мәселеге байланысты, жаңалыққа тікелей қатысты адамдардың пікірлерін қосып беруді жүзеге асырдық. Міне, 5 жылдай болды, «NS» радиосының жаңалықтар қызметінде арнайы репортаждар, яғни оқиғаға байланысты толықтырып айту, мәселенің шешімін ашып жеткізу деген дүниелерді қостық. Әрине, біз жаңалықтар қызметімен шектеліп қалмадық. Радио желісіндегі қазақтілді хабарлар қатарын көбейту мақсатында бірнеше бағдарламалар аштық. Соның бірі – «Үнпарақ». Бұл – бүгінгі күннің ерекше тұстары. Айтулы, таңдаулы оқиғаларды іріктеп алып, арнайы түйіндеп хабар таратып отырамыз. Онан соң «Афиша» деген хабар аштық. Онда театр, кино саласындағы жаңалықтарды қамтимыз. Қазір эфирдегі уақыттың тығыздығына байланысты «Афишаны» жаз мезгіліндегі демалыс уақыттарында шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал соңғы кездері баспасөзге шолу хабары шықты. Онда қазақ баспасөзіндегі таңдаулы екі басылымға арнап ««Айқын» мен «Түркістан» сөйлейді» атты бағдарлама жасадық. Бұл радио қазақ баспасөзіндегі журналистердің сараптамалық мақалалары мен проблемалық тақырыптарға арналған материалдары жайлы қысқаша шолу жасап, хабардар етуді көздейді. «Топжарған» атты радиохабарымыз бар. Бұл – әлемдік және қазақ музыка өнерінде тарихқа айналған шығармалар жайлы, әйгілі өнерпаздардың өмірі мен шығармашылығына арналған Ардақ Ділдабекқызының журналистік зерттеуі негізінде шығатын бағдарлама. Біздің еліміздегі радиоларда музыка жайлы орыс тіліндегі бағдарламалар өте көп, ал қазақ тілінде шығатындары аздау. Сондықтан, бір сағаттық бағдарлама сол «әттеген-айдың» орнын толтырады деп сенеміз. Спорт жаңалықтарына ден қоя бастадық. Бұл салаға арнап «Нысана» деген бағдарлама дайындап шығарғанымызды айту керек. Бағдарлама авторы Жанат Берікқызы. «Нысанада» жалаң ақпараттық сарынды бұзып, спортшылардың, бапкерлердің сұхбаттарын ұсынуды жүзеге асыра бастадық. Бүгінде «MuzLife» деген телеарнамен бірлесіп «MuzNews « деген бағдарлама дайындап шығарып жүрміз. Бұнда да шетелдегі танымал музыка өнері жұлдыздарымен қатар қазақстандық артистердің де жеке өмірі мен шығармашылығындағы жетістіктерді сараптап, тыңдармандарымызға ұсынып келеміз. Бұл бағдарламаны жастар көп тыңдайды. «Алып қала алаулары» деген радиохабарымыз бар. Бұл – әрбір сәрсенбі күні тікелей эфирге шығатын бір сағаттық бағдарлама. Қазақстандық эстрада жұлдыздары, дәстүрлі өнердің жанашырлары, қоғам және өнер қайраткерлерінің өнегелі істеріне арналады. «NS» радиосының жаңалықтар қызметі таңғы 7-ден бастап эфирге шығады. Біз жаңалықтарды әр сағаттың соңғы 55-минутынан бастап эфирге шығарамыз. Яғни, жаңалықтарды өзге радиолардан бес минут бұрын таратамыз. Жаңалықтар қызметін үш адам дайындап эфирге шығарады. Сондай-ақ, бұрын «NS» радиосында батыстың, ресейлік музыка әуендері жиі эфирге шығатын. Қазақ әндері форматқа сай келмейді деп көбіне сырылып қалатын. Қазір ұлттық ән өнеріміздің таңдаулы туындылары эфирге жиі шыға бастады. Ұлттық радиолардың рейтингін ұстап тұрған қазақтың әсем әуендері екені жасырын емес. Енді, «NS» радиосы да қазақ әндерінің жаршысына айналды. Бұдан бөлек радиодағы осыған дейін орысша болып келген барлық аңдатпа сөздер, қысқа хабарламаларды түгелдей қазақшаладық. Біз «NS» радиосында жаңалықтар қызметі болғанымызбен барлық шығармашылық жұмыстарға араласамыз. Мәселен, қазақтың ұлттық төл мерекесі Наурызға байланысты қазақ және орыс тілдерінде арнайы хабар дайындап қойдық, мереке күндері эфирден тыңдай аласыздар. Бұны да өзіміздің ерік-жігерімізбен екі тілде Наруыз туралы аңыздар, ұлттық ойындар туралы өзге де ұлт өкілдері білсін деген ниетпен дайындадық. Қазіргі тыңдармандар қысқа әрі ұғынықты ақпараттарды тыңдауды қалайды. Сондықтан біздің басты ерекшелігіміз шапшаңдық талабына сай, толыққанды ықшам ақпарат тарату. – Дикторлық өте нәзік өнердің бірі. Бүгінгі қазақ дикторларына қойылатын талап қандай? – Мен арнайы бір дикторлықтың оқуын бітірген жоқпын. Негізінде дикторлыққа өнер академиясында дайындайтынын білемін. Онда театр актерлеріне арналған сабақ жүреді. Қазіргі теле-радиожурналистика саласында «Н» мен «Ң» әрпін айырып, дыбыстай алмайтын «дикторлар» мен журналистер пайда болды. Одан кейін жасанды дауыстар көбейіп кетті. Бұрынғы радио дикторларының деңгейін әлсіретіп алдық. Әрине, бұрынғы дикторларға журналистер арнайы мәтіндер дайындап, олар әдемілеп оқып беретін еді. Ал қазіргі талап басқа. Мен де Қазақ радиосында қызмет атқарып, сондағы дикторлық мектептің тәржірибесінен өттім. Сол жылдары радионы басқарған Нұрлан Өнербаевтың ұйымдастыруымен Әнуар Байжанбаев атындағы үлкен конкурс өтті. Екі ай бойы біздің эфирдегі жұмысымызды қазылар алқасы қадағалады. Сол конкурста бас жүлдені жеңіп алдым. Қазіргі дикторлық өнердегі бір «әттегенайы», жас дикторлар мәтінді тек қана оқып береді, ал бұрынғы талантты дикторлар оқыған дүниесін тыңдаушыға жеткізетін еді. Қазіргі дикторлардың біразын тыңдағың келмейді. Бұл болашақ радиожурналистер үшін ең үлкен түйткілге айналды. Жас мамандарды қалай дайындап жатқандығын білмедім. Тек қана, Сауық апай Жақанова, Аманжол ағаларымыз сабақ беріп, шәкірт тәрбиелей алады деп ойлаймын. Бұл салада майталман болған олардан басқа ешкім байқалмайды... Тағы бір айта кетер жайт классикалық радио мен коммерциялық радиода қызмет істеудің өзіндік айырмашылықтары бар. Жас мамандарға осы жағын да үйретіп, тәжірибеден өтуге көптеп жіберсе деймін. Мен жастайымнан теле-радиодағы дикторларды тыңдап өстім. Олардың сөйлегені, оқығандарына қарап еліктеп, бой түзедім. Менің ұстазым – Фарида Шәріпова. Бірақ ол кісіні өмірде кезіктіріп, өзінен тікелей дәріс алған емеспін. Тек сол кісінің сөйлегенін, радиодан, телеарнадан, фильмдердегі дубляждарынан даусын тыңдап жүріп, соған ұқсауға ұмтылдым. Тіптен Фарида Шәріпованың даусына пародия жасай аламын. Ол кісі өмірден өтті, менің өкінішім ол кісіге барып «мен сіздің шәкіртіңізбін» деп айта алмадым. Менің жаттығуым таңнан кешке дейін мәтін оқу болатын. «Хабар» арнасында жүргенде көптеген фильмдерге дубляж жасадым. Журналистикадағы еңбек жолымды спорт газетінен бастағанмын. Телеарнаға алғаш келуіме досым, белгілі тележурналист Бибігүл Жексенбайдың ықпалы болды. Оның аталған арнаға журналист болып енді кірген кезі еді. Бізді телеарнаға шақырып, режиссердің алдында мәтін оқып көруімізге мүмкіндік тудырды. Содан режиссерлерге мәтін оқығаным ұнаса керек, сол кезден бастап тележурналист болып қызмет атқарып, кейін радиода диктор болып жұмыс істеп келемін. Бір қызығы, дауысымды сақтау үшін ешқандай да күтім жасап көрмеппін. Кейбір дикторлар арнайы күтім жасап, баптап отырады. Әрине, ол кәсіби тұрғыдан дұрыс. Бірақ табиғи таза дауысты Алланың өзі береді. – Радиожурналистиканың ақпарат таратумен қатар ағартушылық қызметі де ерекше мәнге ие. Мәселен, кезінде аға буын радионы тыңдау арқылы сөйлеу мәдениетін, дыбыстау әуездерін үйренді. Бірақ бүгінгі буын батыстық стильде, ұлттық әуезге жат мәнерде сөйлейтін әдет қалыптастыра бастаған сияқты. Бұның себебі не деп ойлайсыз? – Осының бәрі ұлттық радиоларды тыңдауға құлықсыздықтан туындап отыр. «Н» мен «Ң» әріптерін дыбыстай алмайтын жастар көп. Бұл кекештік немесе мылқаулықтан емес. Таза дыбыстап жаттыға алмағандықтан. Мектепте мұғалімдер үйретеді. Оқытады. Бірақ әдемі әуез балада өсе келе қалыптасады. Яғни бұл кәдімгі дауыс. Бірақ біздегі жастар тұнық дауыста, таза қазақша үнмен, мәнермен оқылған дүниелерді көп тыңдамағандықтан, шетелдік мәнерге еліктейді, тіпті, өздерінше бір жағымсыз мәнер тауып сөйлеуді шығарған. Бұл – ұлттық сөйлеу мәдениетіміздегі әуезділікке, әдемі үн мәнеріне төнген қатер. Бұны көпшілігіміз байқай бермейміз. Назар салмаймыз. Сондықтан әрбір ата-ана өсіп келе жатқан жеткіншектің таза сөйлеу мәдениетін қалыптастыруына көңіл аударуы тиіс. Бұның көрнекі құралы, тікелей тәжірибе мектебі, үлгісі – радионы көп тыңдату керек. Тіптен, алтын қордағы дүниелерді алып, тіл байлығымыздың құнарына, сөйлеу мәнеріміздің сонау бір саф алтындай таза шағымен қауыштыруға әрекет жасалуы тиіс деп білемін. Сондай-ақ, қазіргі радиожурналистерді қазақша білсе, жаза алса болды жұмысқа қабылдайды. Бұрынғы радиодағы даусына қарап қызметке таңдап алу қағидасын ешкім ескермейтін сияқты. Көбісін тыңдап жүрсіздер, қазақша мәтіндерді дұрыс оқи алмай, төл әріптерімізді дыбыстай алмай жатады. Сондықтан сөйлеу мәдениеті тек әдемі көркем сөздерді құрастыру емес, әуезді, әдемі сөйлеуді де талап етеді. Айтқан сөзі ұғылмайтын, міңгірлеп сөйлейтін адамдар қатары расында да көбейіп кетті. Бара-бара сақау, кекеш, әуезсіз ұлтқа айналмасақ болғаны. Бүгінде дәстүрлі әнді тыңдамайтын, насихатына көңіл бөлмейтін болдық. Бұл да біздің әдемі әуезіміздің музыкалық нұсқасы. Ал қарапайым адамдар үшін әдемі, ұғынықты сөйлей білу қашанда қажет. Диктор болып ешкім тумайды. Барлық адамға диктор болу да міндет емес. Біздің ұлттық ерекшелігіміз – тіліміз болса, сол тіліміздің артықшылығы әдемі әуезінде, мәнерлі сөйлеуінде емес пе? Дауысымыз таза, үніміз жарқын шықсын. – Әңгімеңізге рахмет.