Төлеген Айбергеновтің кітабы қарақалпақ тілінде жарық көрді

Төлеген Айбергеновтің кітабы қарақалпақ тілінде жарық көрді

Төлеген Айбергеновтің кітабы қарақалпақ тілінде жарық көрді
ашық дереккөзі
Қазақ поэзиясының асқақ рухты өкілі Төлеген Айбергенов – өткен ғасырдың 60-жылдарындағы қазақ жырының ренессансы дәуірінде жарқырай көрінген ерекше таланттардың бірі. Аз ғана ғұмырында «Арман сапары», «Өмірге саяхат», «Құмдағы мұнаралар» (қайтыс болғаннан кейін жарық көрді) атты жыр жинақтарын жазып, қысқа ғұмырында ұлттық поэзиямыздың шамшырағына айналған санаулы ақындардың қатарына қосылды. Ақын дүние салғаннан бері оның кітаптары ана тілінде жиырмаға жуық қайта басылым көрді. Сол сияқты, өлеңдері орыс тіліне аударылып, жеке кітап болып басылып шықты. Сондай-ақ, бірқатар шығармалары украин, монғол тілдеріне де тәржімаланып, жарыққа шыққан еді. Енді міне, ақынның туған жері Қарақалпақстанда да оның лирикалық шығармалары жеке кітап болып, баспа жүзін көріп отыр. Осы жылдың қазанында «Әрман булағы» деген атпен Нөкіс қаласындағы «Билим» баспасынан қарақалпақ тілінде шыққан бұл кітаптың көлемі екі жарым баспа табақ. Таралымы 1025 дана. Кітапты аударғандар – қарақалпақ елінің белгілі қаламгерлері, ақын Кеңесбай Реймов пен сатирик жазушы Мұратбай Нызанов. Кітаптың алғысөзі ретінде ақын туындылары туралы Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайдың пікірі берілсе, соңғы сөз ретінде белгілі қарақалпақ қаламгерлері, Өзбекстан қаһармандары – ақын Ибайым Юсуповтың «Әрман булағы», прозаик Төлепберген Қайыпбергеновтің «Қарақалпақ елінің жыршысы еді» деген мақалалары берілген.