Апаттық жағдайда тұрған 126 мұнай ұңғымасы жабылады
Апаттық жағдайда тұрған 126 мұнай ұңғымасы жабылады
Қазақстанда 2019 жылға дейін Каспий теңізінің астында қалуы ықтимал апаттық жағдайдағы 126 мұнай және газ кеніштері жабылатын болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
«ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 21 мамырда бекітілген №526 қауылысымен бекітілген, «ҚР-ның 2015-2019 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасына» сәйкес, ең алдымен Каспий теңізінің астында қалуы мүмкін оқшаулау және жою бойынша жедел шараларды талап ететін, құрлықтағы өте жоғары апаттық жағдайда тұрған мұнай және газ ұңғымаларын жою және консервациялау көзделген.
2010 жылы ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің жүргізген зерттеулердің нәтижесі бойынша, Каспий теңізінің астында қалуы ықтимал апаттық жағдайдағы 126 мұнай және газ кеніштері жабылатын болады», – делінген хабарламада.
Жоспар бойынша, 2015 жылы 10 ұңғыма, 2016 жылы - 20, 2017 жылы 30, 2018 жылы 40, 2019 жылы – 26 ұңғыма оқшаулануы тиіс.
Бұның алдында, 2004-2009 жылдары Каспий теңізінің су басқан жерлерінде орналасқан 47 мұнай ұңғымасы жабылған. Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы ҚР ҚОҚМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Әлиев Каспий қайраңынан 1 900 мұнай және газ ұңғымалары табылғандығын хабарлаған болатын. Олардың жартысы апаттық жағдайы қауіпті санатта болған. Ең алдымен солар жабылып, оқшауланды. Мемлекет оларды консервациялау және жою бойынша барлық жұмыстарды жүргізді. Бірінші мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде 99 ұңғыма жойылды.