Байланысыңа басқа елдің билігі жүрмеуі керек
Байланысыңа басқа елдің билігі жүрмеуі керек
Бүгінде әлемді ұялы байланыссыз елестету қиын. Әлемді алақанында ұстап, миллиардтаған адамдарды бір-бірімен қалаған кезінде байланыстырып тұрған ұялы телефон байланысы күн өткен сайын жетіліп бара жатқан ғажап құбылыс. «Айшылық алыс жолдан жылдам хабар алғызған» ақпараттық технологияның бұл жетістігі адам еңбегін жеңілдетуде теңдессіз қажеттілік тудырды.
Өткен ғасырдың соңында, дәлірек айтсақ 1998 жылы елімізде Қазақстанның алғашқы ұялы байланыс операторы GSM Қазақстан құрылды. GSM-900 стандарты бойынша жұмыс істейтін бұл компания содан бері ел нарығында Kcell және Actіv сауда белгілерімен жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ бүгінде Bеelіne, Тele2, Altel секілді ұялы байланыс жүйелері қызмет көрсетеді.
Бұл байланыс жүйелері елімізден тысқары жерлерде де роуминг қызметін көрсетеді, яғни көптеген елге барғанда қазақстандық ұялы операторлардың қызметін шетелдік байланыс қызметіне қосу арқылы да пайдалана беруге болады. Дегенмен соңғы кезде әлемде бұл ұтқыр байланыс төңірегінде мемлекеттер арасында туып жатқан қолайсыздықтар аз емес. Соның бірі − бір елдің ұялы байланысының сигналдары екінші бір елдің аумағына тарап, соның себебінен жергілікті ұялы байланыстың жұмысына кедергі келтіруі.
Мәселен, сіз пойыз не автобуспен сапарға шығып, Алматы облысынан өтіп, Жамбыл облысының Қордай ауданы аумағына кірген кезіңізде ұялы телефоныңызға «Қырғызстанға хош келдіңіз. Роумингке қосылып, сапалы байланыс қызметін пайдаланыңыз» деген смс-хат келеді. Таңғаларлығы, сіз Қазақстан Республикасының жерінде жүрсіз, ал сізге қырғыз жеріне келгеніңізді ескертіп, сол елдің роуминг байланысына қосылу мүмкіндігіңіз бар екенін хабарлайды.
Несін жасырамыз, Жамбыл облысының Қордай секілді Қырғыз Республикасымен шекаралас өзге де аудандарында қазақстандық ұялы байланыс қызметі әлсіздеу. Соның себебінен телефоныңыздағы еліміздің байланыс операторлары жоғалып, оның орнын қырғыз елінің «Мегаком» секілді ұялы байланыстары иелеп кетеді. Оны байқамай, ел ішіндегі абонентке қоңырау шалсаңыз немесе ұялы телефоныңызға бірлік салсаңыз ақшаңыз жоқ болып кетеді. Содан зардап шеккен жұрт телефонындағы байланыс операторын іздеуді «автоматты қосылыстан» ажыратып, «қолмен орнату» қызметіне туралап жүреді. Тіпті, біраз адам «түбінде қырғыздың ұялы байланысы жақсы істеп тұр ғой» деп, телефондарына Қырғызс Республикасы операторларының сим-картасын орнатып, сол елдің ұялы байланыстарының қызметін пайдаланады. Ал бұл өзге елдің қазынасына ақша құю деген сөз.
Түркістан облысының Сарыағаш қаласы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына таяқ тастам жерде тұр. Содан мұндағы жұрт та өзбекстандық ұялы байланыс желілері сигналынан аз зиян көрмейді. Мәселен, Сарығаш қаласында қазақстандық Tele2 ұялы байланысын пайдалану қиын. Себебі оған көрші елдің ұялы операторларының сигналдары кедергі келтіреді...
Бұл мәселе көп жылдардан бері ел арасында әңгіме болып жүрсе де, еліміздің Парламентінде шешілуі тиіс мәселе екені кейінгі кезде ғана айтыла бастады. Осыдан біраз бұрын депутаттар бұл мәселені көтеріп, тиісті орындарға депутаттық сауал жолдаған еді. Онда Қазақстанның шекаралас аймақтарында туындайтын ұялы байланыс мәселесін шешу сұралған-ды. Мысалы, онда Шығыс Қазақстан облысының Үржар аймағындағы жағдай айтылып, сол аймаққа барған адамдардың телефондарына «Қытайға қош келдіңіз. Роумингтің қолайлы тарифтерін қолданыңыз» деген хабарлама келетіні көрсетілген болатын. Сондай-ақ мұндай жағдайдың еліміздің Ресеймен және Өзбекстанмен шекаралас аймақтарында да бар екеніне дәлелдер келтірілген.
Бұл мәселеге орай қойылған депутаттық сауалға жауап берген Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның Қытайға, Ресейге және Өзбекстанға шекаралас аудандардағы ұялы байланыстың рұқсат етілген деңгейінен асып кетуіне байланысты қарсылықтарын жолдайтынын мәлімдеді.
«Қазақстан және өзге елдер мүше болып отырған Халықаралық телекоммуникация одағының қолданыстағы актілеріне сәйкес, шетелдік операторлар өздерінің шекаралас аудандарындағы тарату бекеттерінің сигнал тарату қарқындылығын төмендету үшін белгілі бір шаралар қабылдауы керек.
Шетелдік байланыс операторларының радио сигналдарының рұқсат етілген деңгейде таралуын шешу, әсіресе, шекаралас аймақтардағы жиілікті тағайындау кезінде халықаралық жиілікті үйлестіру қажет. Қазақстанның шекаралас аймақтарындағы радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру бойынша істелетін жұмыс Қазақстанның «Байланыс туралы» заңына және Халықаралық телекоммуникация одағының радио ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады. Сондықтан Қазақстанның шекаралас облыстарындағы Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, және Өзбекстан
Республикасының ұялы байланыс, теледидар, радио хабарларын тарату сигналдарының рұқсат етілген деңгейлерінен асып кетуіне байланысты жоғарыда көрсетілген қажетті шараларды қабылдау үшін оларға қарсылық білдіріледі», − деді Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, шетелдік ұялы байланыс операторының сигналы Қазақстан шекарасына дейінгі 3-тен 90 шақырымға дейінгі аралықта өшірілуі тиіс және ол халықаралық келісімдермен реттелуі керек екен.
Қалай дегенде де бір елдің аумағында екінші елдің байланыс құралдарының, радио-телевидениесінің сигналдары емін-
еркін тарап жатуы елдің егемендігіне нұқсан келтіретін жайт.
Одан мемлекет тұрғындары зардап шекпеуі керек.