Бөгеттес септік

Бөгеттес септік

Бөгеттес септік
ашық дереккөзі
Редакциядан: Қазіргі таңда ана тіліміздің өзіндік емле-ережелеріне сай жазылған, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» мәтінді тауып оқудың өзі бір ғанибетке айналып бара жатыр. Кеңселік материалдардан бастап дәстүрлі БАҚ беттерінде де кездесетін қазақы ұғыммен қабыспайтын, сірескен, таптаурын, жасанды сөз бен сөйлемнен көз сүрінеді. Осы орайда белгілі аудармашы, тіл маманы Назгүл Қожабектің көптен бері ана тіліміздің шұбарлануына қарсы жұмыс істеп жүргенін білеміз. Біз Назгүлдің қазақ тілінің заңдылық­тарына қарсы мәтіндерді талдап, дұрыс нұсқасын ұсынып отырған жазбаларын «Калькасыз қазақ тілі» айдарымен газет бетінде тұрақты жариялап тұруды жөн санадық. Кейінгі кезде қазақ тіліндегі көмектес септік орыс тілінің «творительный паде­жі­нің» калькасына айналып кеткені сонша, ол септіктің қазақ тіліндегі негізгі қызметі ұмытылып, «нақты ережесі жоқ қой» деген стереотип қалыптаса бастады. Қазір қазақ тіліне осы септік кәдімгідей бөгет жасап отыр. Қазақ тілінде әр септіктің ережесі бар. Сол ережеге сәйкес көмектес септікте тұр­ған сөз іс-әрекетті орындаудың құрал-ас­па­бын, кеңістігі мен уақытын, астасу-ұш­тасуын және бірлесе істелген әрекет болса – екінші субъектіні білдіреді. Яғни, әрекет субъекті де, әрекет объекті де көмектес септігінде тұруы мүмкін емес. Осыдан келіп, калькаланған қазақ тілінде мынадай қате тіркестер пайда болды: МұныМЕН не істеймін? – Что с этим делать? – дұрысы – Мұны не істеймін. НеМЕН құрбан ете аласыз? – Чем можете пожертвовать? – дұрысы – Нені құрбан ете аласыз? СеніМЕН не болды? – Что с тобой? – дұрысы – Саған не болды? КомпьютерМЕН пайдалану (қолдану) – Пользоваться компьютером. – дұрысы – Компьютерді пайдалану. ЖаңалықтарМЕН таныстыру. – Знакомить с новостями. – дұрысы – Жаңалық­тар­ды таныстыру. Өйткені, сіз жаңалық­тар­мен мені таныстырмайсыз, маған жаңа­лықтарды таныстырасыз. ЗаңМЕН тыйым салынған. – Запрещено за­коном. – дұрысы – Заңда тыйым салын­ған. СеніМЕН бәрі дұрыс па? – С тобой все в порядке? – дұрысы – дұрысы жоқ, өйткені қа­зақ тілінде жағдай сұрауда басқаша формулировка қолданылады. Орнымен ауысты. – Поменялись местами. – дұрысы – Орын ауыстырды. Тағы бір мысал – Осы ойМЕН келісем. Ке­лісу деген әрекеттің объектісі қазақ тілінде барыс септігінде тұрады, ал сол ойды айтқан субъект – көмектес септігінде: сізбен келісем және осы ойҒА келісем. Үйреншікті болып кеткен, қазақТЫҚ тілді жақтаушылардың айтуынша, «сіңісіп« кеткен қателер – «үкіметПЕН бекітілген«, «менімен айтылған« сынды тіркестер. Бұлар жөнінде көп айтылып та, жазылып та жүр. Сонда да, медиадағы материалдар мен әлеу­меттік желілерден байқаған қателерімді тізе кетейін. Анықтама ХҚКО-мен берілмейді Анықтаманы ХҚКО береді Құқық Ата Заңмен берілмейді Құқықты Ата заң береді Әлдене менімен жасалмайды Әлденені мен жасаймын Ән әншімен айтылмайды әнді әнші айтады Ақынмен шығарылған өлең болмайды Ақын шығарған өлең болады Жазушымен жазылған роман болмайды Романды жазушы жазады Сайлаушымен берілген дауыс болмайды Дауысты сайлаушы береді Суретшімен салынған сурет болмайды Суретті суретші салады Анамен туылған бала болмайды Бала анадан туады Орыс тіліндегі творительный падеждің калькалануы салдарынан болған, қазақ ті­лінің табиғатына қайшы үлкен қате: «жаңа­лықпен бөлісу», ойымен бөлісу, тағы сол сияқты кете беретін бөлісулер. Несі қате: орыс тіліндегі «поделиться (кем? чем?) новостью/мыслями» дегеннен калька. Әсіресе бұл калька әлеуметтік желі­лердегі «share» категориясы пайда болуымен өршіп кетті. Бұл жерде екі қате бар.
  1. Қазақ тілінде көмектес септік қандай бір әрекеттің объектісі болатын есім сөз не етістікке жалғанбайды. Көмектес септік тек әрекетті жасайтын адамның қолындағы құралды, сол әрекетті жасау амалын, тәсілін не сол әрекетті ортақ жасайтын екінші адам­ды білдіру үшін қолданылады. Мұны тек­серу үшін «Жаңалығыммен кіммен бө­лісемін?» деп сұрақ қойса жеткілікті. «Мен сеніМЕН жаңалығымМЕН бөлісемін». Қатарынан екі көмектес септік жалғауы тұрғаны нонсенс көрінбей ме? Демек біреуі болмауы керек деген сөз. «Бөлісу» деген әре­кеттің объектісі болатын сөз тек ТАБЫС сеп­тігінде тұрады: «Жар төсегін бөліскен», «Ой(ды) бөлісейік», тағы с.с.
  2. БӨЛІС етістігі – ортақ етісте тұр. Демек, ол бір адам тарапынан жасалатын әре­кетті емес, кем дегенде екі адам ортақ жа­сайтын әрекетті білдіреді. Яғни, бір адам өз тарапынан ол әрекетті жеке-дара жасай алмайды. Оған ортақ болатын адам керек. «Жиналғандар ой бөлісті».
Ал «поделиться» сөзінің қазақ тіліндегі ба­ламаларына келсек: Поделился куском хлеба. – Нанын бөліп берді. Поделился мыслями. – Ойын ортаға салды. Поделился новостью. – Жаңалықты жар салды (айтты, жариялады, тағы с.с.) Бөлісу дегеннің өзі – бірнәрсеге ортақ болу. Біреуді бірнәрсеге ортақ қылу да емес. Екі (үш, төрт, көп) жақтан келіп бір нәрсеге ортақтасу. Қазақ «Тамақты бөлісіп жейді, жұмыс­ты бөлісіп істейді», бірақ тамақПЕН, жұ­мысПЕН бөліспейді. «ЖаңалықПЕН бөлісу» дегенді жазғыңыз келгенде өзіңізден «жаңалықПЕН НЕНІ бөлісем?» деп сұраңызшы, сонда бәрі орнына тұра қалады. Көмектес септік орыс тілінен калькаланып қате қолданылуына тағы бір мысал – «ал­мас» етістігімен байланысты. Орыс ті­лін­дегі «обменяться (Кем? Чем?) информацией, данными, номерами» деп келетін тіркестер қазақ тіліне «ақпаратПЕН алмасу», «деректерМЕН алмасу» болып калькаланып жүр. Алмасу етістігі де, бөлісу сияқты, ортақ орын­далатын әрекетті білдіреді. Бұл ретте де көмектес септік тек сол әрекетті ортақ істейтін әрекет субъектісін білдіретін сөзге жалғанады. Ал алмасу әрекеті қатысты бола­тын, яғни әрекет субъектісін білдіретін сөз тек табыс септігінде тұрады, оның өзінде та­быс септігінің жалғауы жасырын тұрады. «Ақ­парат алмасу», «дерек алмасу», «телефон ал­масу». Көмектес септіктің қате қолданылуы тағы бір қатемен «қол ұстасып» жүреді: ырық­­сыз етістің орынды-орынсыз қолда­нылуы. Ол да қазақ тіліне орыс тілінен ка­ль­каланып келіп, тілдің табиғатына, құры­лымына кесірін тигізіп отыр...

Назгүл ҚОЖАБЕК