Қалила Омаров: Бізге ұлттың жанын түсінетін киногерлер жетіспейді

Қалила Омаров: Бізге ұлттың жанын түсінетін киногерлер жетіспейді

Қалила Омаров: Бізге ұлттың жанын түсінетін киногерлер жетіспейді
ашық дереккөзі
Қалила Омаров − белгілі режиссер, отандық кино шебері. Қазақ руханиятына қатысты 40-тан аса деректі фильмнің авторы. Қазақ тарихының маңызды оқиғалары мен ұлы тұлғаларға арналған деректі кинолардың тұтас бір галереясын жасаған өнер иесі әрдайым ұлт, мемлекет мүддесі тұрғысынан ой толғап, батыл пікір білдіріп келеді. Режиссермен әңгімеміздің негізгі өзегі ұлттық кино өнеріне қатысты бірқатар маңызды жайларды сараптауға арналды. − Қалила Нематұлы, әңгімемізді өзіңіз тер төгіп жүрген саланың мән-ма­ғынасына үңілуден бастасақ. Қазақ ки­носының миссиясы не болуы керек? − Қазақ ұлты Еуразияның төрінде ор­на­лас­қан, о шеті мен бұ шетіне жеткенше құс қа­натын талдырар аса үлкен жердің иесі бол­ғанымен, ұлт ретінде саны аз халықтың бірі. Содан болар, әлі күнге біздің мәдениетіміз бен тарихымыз әлемдік мәдениет тарихынан өз орнын алған жоқ. Оған кеңестік кезде талпыныстар жасалғанымен ол сол кездегі идеологияның шеңберінен шыға алмады. Ки­но саласынан мысал келтірсек, атақты «Қыз Жібек» фильмі қазақты кино арқылы әлемге танытудың алғашқы жобасы болды. Оны әлемнің жүз шақты елі өздерінде көрсетуге сатып алды деп айтылады, дегенмен жалқы күйінде қалды. Оның үстіне ол кинода көрсетілетін қазақтар − баяғы, рулық-патриархалдық кезеңнің халқы еді.  Енді бүгінгі дәуірде ол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік болса да, қазақты танытатын деңгейде, өзге жұрттың бәрін қызыға тамашалатып қоятын фильм болмай жатыр. Есесіне, британдық актер-продюсер Саша Барон Коэннің қазақ елі туралы ойдан шығарылған «Борат: даңқты Қазақстан халқының игілігі үшін америкалық мәде­ниетті зерттеу» деген фильмі әлемде аса танымал болды. Танымалдығы сонша, 18 миллион доллар қаржыға түсіріліп 260 миллион доллардан аса табыс тапты. Осылайша, ұлттық киномыз әлемге шығуға жол іздеп жүргенде қазаққа қатысы жоқ қайдағы бір режиссердің фильмі әлемге қазақты мазақ образбен «танытты» да тастады. Ал біз АҚШ-тан, Ресейден мамандар шақырып, мил­лиондаған доллар шығын қылып жасаған «Көшпенділеріміз» «Бораттың» шаңын да көрмей қалды. Демек, о бастан  қазақтай ұлы халықты дүниежүзіне бар болмысымен таныту миссиясы мойнына жүктелген ұлттық киномыз ол міндетін әлі орындай алған жоқ. − Қалай десек те, қазақ киносы деген киноның бары рас, бірақ оның адымын аштырмай, аяғына тұсау болып жатқан не нәрсе? − Мемлекет тарапынан сұраныс, халық тарапынан қызығушылық болмаса, ұлттық киноны кім жасайды? Қазақ киносының дамуы дегенде, кеңестік кезеңді еске алмай тұрмаймыз ғой. Өйткені қазақ киносының іргетасы сол кезде қаланды. Шәкен Айманов бастаған қазақтың алғашқы режиссерлері қалыптастырған кеңестік қазақ киносының дәуірі болды, одан кейін қазақ киносында өздерін «Жаңа толқын» деп атаған оқыған, сауатты режиссерлер келді. Бұлар кәдімгідей қазақтың ішкі жан-дүниесіне үңілген кинолар жасады. Бірақ олар  түсірген киноларда адамдар арасындағы қарым-қатынастағы азғындықтар көрініс берді. Ол кинолар ұлт рухының асқақтығын көрсеткен немесе қазақты мадақтаған кинолар емес-ті. Бірақ бір қызығы, сол кинолар әлемдік фестивальдерде жүлделі орындарға қол жеткізіп жататын. Демек, олар ұлтты жақсы жағынан танытпаған, қазақи болмысты әділдікпен көрсетпеген деп санаймын. Ал қазақты шын жүректен жақсы көріп түсірген киноларда кәсібилік тұрғыдан бірдеңе жетіспейтін сияқты. Мәселен, ұлттық тұрғыдан алғанда Сламбек Тәуекелов, Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсыновтың кинолары етек-жеңі жинақы, моралдық тұрғыдан өте мәдениетті туындылар. Ал бізге сондай кино керек пе? Досхан ағаның «Біржан салы», «Құнанбайы» өте жақсы кинолар, бірақ онда бәрі рет-ретімен жасалған, ешқандай шу тудыратын, киноны көрерменнің жадына шегелеп жіберетін оқиға не кейіпкерлер көрінбейді. Ұлт­тық киноның осалдығы осында. Әйт­песе, Д.Жолжақсыновтың өмірлік тәжірибесі мол, суреткерлік қасиеті зор кісі ғой. Кинорежиссураның қатал заңы бар, онда бәрі қолмен қойғандай − ешқандай ауыт­қушы­лығы жоқ, қалыпты тіршілікті аяқас­тынан бұра тартып, көрерменін таңғал­дыратын не шошытатын жайлар болмаса, кино жұртты қызықтыра бермейді. Әскери устав сияқты қалыпты, қатып қалған тәртіп­тілік киноға мүлде жат! Аса тәртіпті, мәде­ниетті Жолжақсыновтың киносын жұрт қайталап көре бермесе, әрдайым кинодағы өмірдің «тыныштығын бұзып тұратын», былайша айтқанда, «хулигандық» мінезі бар Тимур Бекмәмбетовтің киноларын күллі әлем жиі тамашалайтынының себебі сол. Сондықтан ұлттық кино осындай кәсібилік шарттарымен ымыраға келіп, синтез жасамаса, онда даму болады деп айту қиын. Мә­селен, біз іздеп отырған «тентек мінез» Ермек Тұрсыновтың «Келін» деген фильмінде бар. Ондағы шу тудырған кейбір сценалар таза ойдан шығарылмаған, өмірде болған не болатын оқиғалардың елесі. − Бүгінгі қазақ киносы нені көрсетуі керек деп ойлайсыз? − Шын мәнінде, бүгінгі қазақ өмірінен кино түсіріп елдің назарын аударамын дейтін адам болса, қоғамда, адамдар арасында түр­лі идеяның сұмдық қақтығыстары жүріп жатыр. Саяси немесе діни көзқарастары жөнінен бөлініп алған адамдарды көргеніңде жаның түршігеді. Олардың бәрі біртұтас нағыз қазақи идеяның қарсыластары деуге де болады. Бейнелеп айтқанда, мен бүгінгі қазақты (ұлттық идеологияны десеңіз болады) үлкен бір атан түйе секілді елестетемін. Ол түйені жыққысы келіп, жан-жағынан қаумалаған қасқыр, түлкі, шиібөрілердің бірі атанның тірсегіне жабысса, бірі желкесінен тістеп, бірі алқымынан алып тұр. Содан кейде атанның тізесі бүгіліп кетіп қайта тұрады, кейде жұлқынып әлгілерді лақтырып тас­тағысы келеді, жаны қажып кеткенде сай-сүйегіңді сырқыратып боздайды. Осы арпалыс оны ұлт ретінде сақтап қалуға жеткізе ме, жеткізбей ме? Оны болжаудың өзі қиынға айналып бара жатқандай. Егер сол атанның көзіне қарай алатын адам болса, одан терең қасіретті, көзге жас алдырар мұңды көрер еді. Оның жанайқайын естір еді. Өкініштісі сол, бізде ұлттың басындағы үлкен қасіретті көре алатын, көріп қана қоймай жұртқа айтып бере алатын киногерлер өте аз. Барларының кино түсіруге мүмкіндігі (қаржысы) жоқ. Ал бүгінгі киноға келіп жатқан жастар арасында ұлттың қасіретін түсінбек түгілі, ұлттың өзі туралы түсінігі жоқтары өте көп. Сондықтан олар «Қызғылт қоян туралы ертегі» секілді фильмдер түсіреді. Рөлдерде қазақтар ойнаса да, кейіпкерлерінің аты Джека, Джайбархан, Джоник, Чукот секілді болып, қазақ өміріне түк қатысы жоқ, америкалық түсінікпен түсірілген бірдеңе болып шығады. Неге? Өйткені олардың таным-түсінігі, көрген-біл­гені сол. Бірақ әйтеуір қазақ елінің ақшасына түсірілуі үшін кейіпкерлеріне қазақтың тақиясын не шапанын кигізіп қояды да, міне, қазақтар туралы фильм ғой дейді. Ал енді тек мемлекеттің сұранысына орай кино түсіріп отырған режиссерлер де бар. Әрине, бұл салада тапсырыс орындай­тын­дардың ақшасы да, марапаты да түгел, бірақ одан ұлттық киноға не қайыр бар? Ұлттық кино – ұлттық идеология. Кино, шын мәнінде, қандай да бір идеологияның құралы болғанда сұрапыл күшке ие болады. Мысалы, 1957 жылы түсірілген Юлий Райз­ман­ның «Коммунист» деген фильмі Кубада көрсетілген кезде революционер кубалық­тар­дың сұмдық реакциясын оятқан. Кино­ның басты кейіпкерін (коммунисті) бандиттер азаптап жататын тұсқа келгенде қызуқан­ды көреремендер экрандағы бандиттерді қаруымен атып, киноэкранның дал-дұлын шы­ғарған екен. Сол сияқты, «Қыз Жібек» филь­мі шыққаннан кейін Бекежанның рө­лінде аса танымал болып кеткен Асанәлі Әші­мов вокзалда отырған кезінде аталған фи­льмді көрген кемпірлер оның бетіне түкіріп кеткен көрінеді. Бұл − көрермендерге күшті әсер етудің дәлелі. Міне, киномыз осын­дай құдіретке жеткен кезде ғана ұлттық кино болар еді. – Кино не теледидар арқылы біздің мүд­демізге жат идеологиялық экспансия қалай жасалуы мүмкін? − Әрине, бүгінгі америкалық не еу­ропа­лық түрлі кинолар арқылы халықтың санасына неше түрлі идеологиялардың сыналап кіріп жатқаны соншалықты құпия емес. Киноның еліктіргіш күші адам ойын сан-саққа жүгіртіп, талғамын бұзуы не қызығу­шылығын өзгертуі әп-сәтте. Сондықтан әр нәрсенің астарына үңіле отырып, зиянды мен зиянсызды айыра білген дұрыс. Мен кезінде «Хабар» агенттігінде дубляж­дың режиссері болып жұмыс істедім. Ол кезде басшымыз Рерих деген кісі. Соған мен бір жоба алып барғам. Мақсат – анау атақты Эрмитаждан бастап талай жерде қазақтың тарихына қатысты жәдігерлер тұр, солардың әрқайсысы туралы 10 минуттан кино түсіру. Өйткені Санкт-Петербордағы Кунсткамерада Кенесарының басы (ол кезде түсіруге мүм­кіндік бар еді), Омбыда қылышы тұрды, тағы бір жерлерде Абылайханның заттары бар дегендей. Ол тұста бір бағдарламаны түсіруге 5 мың доллар берілетін. Ал мен сол бір бағ­дарламаға берілетін қаржыға он минуттық бір фильм түсіруге ұсыныс жасадым. Ол деген қазақтың жоғын жоқтау, барын түгелдеу ғой. Сонда маған Рерихтың: «Қалила, бізге ондай керек емес! Сендер анау бағдарламаны тү­сіріп жатырсыңдар ғой? Соны жалғастыра бер. Екі-үш адамды әкел де, сөйлете бер. Тек олар ұлттық мүддені қозғамасын. Ананы-мы­наны айтып, елді қызықтырып отырса болды. Біз сол үшін ғана ақша төлейміз», – дегені есімде. Бұл – бізде қазақи мүдденің жыртысын жыртуға рұқсат жоқ, ұнамаса кете бер деген сөз ғой! Сосын мына жағдай есімде қалыпты: 1996-2000 жылдар аралығында «Перекресток» атты алғашқы қазақстандық-бри­тан­дық сериалы (465 бөлімді) түсіріліп, көр­сетілгенін білетін шығарсың. Оны түсірерде еуропалық мамандар келіп, сериалдың сценарийін жасап, түсірудің тәсілін үйреткен. Сериалда қазақтың небір белгілі әртістері ойнады. Кейін соны қазақшаға аударып («Тоғысқан тағдырлар») көрсететін болып, тәржімесін мен жасағам. Басында қызығып аударған мен, кейін ала оның не туралы екенін, оқиғаларының қалай жалғасып жатқанын, не айтпақшы екенін айыра алмай қызық болғам. Кейін біраз уақыт өткенде бір жер­де сол сериалдың сценарисімен бірге дастарқандас болып, сериалдың сюжеті туралы әңгімелескенімізде, оларға сценарийді әдейі солай жазуға талап қойылғанын білдім. Яғни, сценаристерге сериалда қазақтардың ерекшеліктері (діни, ұлттық) көрсетілмеуі, тапсырылған екен. Оның дүбәра бірдеңе болып шығуының себебі де сол екен. Демек, шетелдің үйретуімен не демеушілік етуімен жасалған нәрселерде белгілі бір мақсат болатыны анық. Олар ешқашан сенің идеологияң үшін қызмет етпейді. Керісінше, өзінің идеологиясын тықпалауы әбден мүмкін. – Негізгі тер төгіп жүрген салаңыз – деректі фильм жанры. Бұл жолдағы еңбегіңіз қалай бағаланды, орындалмай қалған арман-мақсаттарыңыз бар ма? Бейнелеп айтқанда, көркем фильм өгіз болғанда, деректі фильм деген бұзау ғой. Көркем фильмнің мүмкіндігі мол, онда қиял­ға ерік беріп, еркін сілтей беруге болса, деректі кинода бәрі нақты, шындықты қиялмен әсірелей алмайсың, бәрі нақты, дәлелді болуы тиіс. Кинода деректі туынды жасауға көп адам бара бермейді, өйткені оның түгелге жуығы тапсырыспен жасалады. Сондықтан бұл жанрды дамытуға, түрлі ізденістерге баруға қаржы тапшылығы қолбайлау болады. Бірақ өнерде түрлі таңғалдырар жағдайлар бола береді ғой. Әлі есімде, Храпунов Алматыда әкім болып тұрған кезде (өткен ғасырдың 90-жылдары) бір режиссер қазақ қызы сол кездегі қазақтардың аштан өліп жатқанын дәлелдеп деректі фильм түсіріпті. Ол тұс – халықтың нан табуы қиын, ұнның қат кезі еді. Әрине, режиссер адам өзінің киносына материалды қайдан алуды біледі ғой, әлгі қыз аурухана архивтерінен сол тұста қайтыс болған адамдарға қатысты «аштан өлген» деп  жазылған диагноздарды жинап алған. Сондай-ақ болған жағдайды білетін адамдарды сөйлеткен көрінеді. Киноны теледидардан көрсетті ме немесе тұсаукесері бол­ды ма, анық білмеймін. Тек ол туралы Хра­пуновтың бір сұхбатынан айтқаны бар. Онда ол әлгі режиссер қызға мемлекеттің абы­ройын төгіп, жала жаптың дегендей нара­зылығын білдірген. Қазір сол қыздың аты есімде жоқ, қайда екенін де білмеймін. Бірақ қаршадай қыздың анадай ерлігіне тәнтімін! Міне, деректі фильмнің құдіреті! Ал бүгінде мұндай жанрдағы кинолар көбіне танымал адамдарды мадақтау үшін ғана жасалады. Мен 1991 жылы ашаршылық туралы кино түсірдім, 1992 жылы шықты ол. Сол кез­де қазақ телевизиясының директоры Дулат Исабеков Қазақстандағы шетел елшілерін жинап, сол киноны көрсетті. Киноны көргендердің бірі – Германияның еліміз­дегі елшісі оны сатып алып, Еуропада үлкен премьера жасауға ниетті екенін білдірді. Ре­сейдің қазақ халқына жасаған қиянатын әлем­ге паш етеміз деді. Содан соң мен Мір­жақып Дулатовтың сүйегін алып келетін топпен Карелияға кеткем. Келсем, киноның монтажері жылап отыр. Қазақтелефильм сту­диясының директоры Әбжан Жақсыбеков деген бастығым өзі қолына қайшы алып, менің киномдағы балаларды жеген адамдар т.б. қасіретті деректер айтылатын жерлерін бә­рін қиып тастап, әбден күзелген фильмді не­містерге ұсынған ғой, олар оны қабыл­дамаған. Сөйтіп, қазақтарға қызыл империя жасаған геноцид жайында күллі әлем білуге мүмкіндік туып тұрғанда, оны сол халықтың қорқақ ұрпағы бесігінде тұншықтырып тастады. Кейін шетелге өзім шығармаққа талпынып, Қазақстан кинематографистер ода­ғының төрағасы Ораз Рымжановқа бардым. «Мынау менің ашаршылық туралы киномның буклеті, осыны ағылшын тіліне аударып шет­елг­е жіберейін деп жатырмын. Мынаған жа­зуға Дом киноның телефонын берсең... Ана жақтан мені іздесе керек болып қалар», – деп едім, ол менің бетіме қарап тұрып: «Бермеймін! Сен бір шетелге бір шықсаң, ары қарай атақ-даңқың кетеді. Сонан олар сені фестивальден- фестивальге шақыра береді. Ал мен жинап отырған валютаны саған бере алмаймын, ол өзімізге қажет», – деді. Сонда мен таңғалдым, мыналар орыстық мүддеге қайшы келетін идеологияның бәріне қарсы емес пе деп. Еліміздің киносын көтереді, жақ­сы туындыларды әлемге танытуға көмектеседі деген адамдардың сиқы осы болса, кімге өкпелейсің?! 1989 жылы айтыскер ақын, Тәушен Әбуова туралы «Тәушен» деген фильм түсіріп, Мәскеуге апардым. Оны орталық телевидениеден үш рет көрсетті. Одан кейін Мәриям Хакімжанова туралы «Атамекен» деген кино түсіріп, тағы алып бардым. Онда мен Алашорда қайраткерлері туралы Мариям апайға айтқызып, елім, жерім деп шейіт болған азаматтар жайындағы деректерді алғаш рет киноға енгізгем. Оны көрген Останкинодағы телефильмдерді қабылдайтын редакцияның басшылары шошып кетті. «Қалила, мынадай киномен енді келмей-ақ қой, өткізем деп әуре болма» деді. Сөйтіп менің киноларыма ол жақта жол жабылды. Кейін бірнеше рет фестивальдеріне шақырса да бармай қойдым. Жас кезімде, шындықты айтам деп қайнап тұрған кезімде ашылмаған есіктердің тұт­қасын енді ұстамағаным болсын дедім. Шығармашылық қуатым тасыған жалынды шағымда орыс та, қазақ та аяғымнан шал­ды. Атағы аспандап, даңқы дүбірлеп кетеді деп қорықты олар. Бірақ менің түсірген­дерім қара басымның емес, ұлттың қайғысы еді ғой... Солайша тек қазақтың ғана мұңын мұң­дап, жоғын жоқтайтын, қазаққа ғана керек режиссер болып өмір сүріп келе жатырмын. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан

Ахмет ӨМІРЗАҚ,

Алматы қаласы