Жаңалықтар

Түркиядағы зілзала: Қандастардың жағдайы қалай?

ашық дереккөзі

Түркиядағы зілзала: Қандастардың жағдайы қалай?

30 қазан күні Түркия уақытымен сағат 14:51-де Измирдің Сеферихисар ауданынан 17 шақырым қашықтықта 7 балдық жер сілкінісі тіркелді. Зілзала толқыны Түркия мен Грекияның кейбір аймақтарына дейін жетті. Апаттан аса қатты зардап шеккен қала Измир болды. 3 қазан күні Anadolu агенттігі қалада жер сілкінісінен қайтыс болғандар саны 102-ге дейін жеткенін хабарлады. Құтқару жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Осы орайда Измир қаласында тұратын қандастарымыздың жағдайын білу үшін сол жақта тұратын қазақтармен байланысқа шыққан едік. Талха ГЕЗЕР, Стамбұл қаласының тұрғыны:

Стамбұл қаласында да 7,5-8 балдық жер сілкінісі болады деген болжам бар

– Жер сілкінісі кезінде Стамбұл қаласының Кучукчекмидже деген ауданында болдым. Дүмпу Стамбұл мен Бурса қалаларында да сезілді. Из­мир мен Стамбұлдың арасы 300 шақырымдай. Ол кезде мен жұмыста отырғанмын. Біздің офисіміз 30 қабатта. Шамалы ғана сезілді. Мен қан қысымым түсіп, басым айналып кетті ме деп ойлағанмын. Сөйтсем, жер сілкініп жатыр екен. 1 минуттай шайқалдық. Жер сілкінісінен Түркиядағы қазақтар зардап шеккен жоқ: жа­рақат алыпты не қайтыс болыпты я болмаса баспанасы қирапты деген хабарды естімедік. Құлаған үйлердің көбісі 2000 жылдардан бұрын са­лынған үйлер екен. 1999 жылы Стамбұлда 7,8 балдық жойқын зілзала болған. Сол кезде 25-30 мыңдай адам қаза тапқан. Содан кейін үй­лерді салуға байланысты заңдар қабылданып, үй салу кезіндегі талаптар қатаңдана түскен болатын. Одан бұрын салынған үйлер әлі де қауіпті болып тұр. Негізі, Түркияның ба­тысы да, шығысы да, орталығы да сейсмологиялық жағынан қауіпті са­налады. 6,5-8 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Үкімет қолынан кел­генінің бәрін жасап, үйлерді тү­гелдей қатаң талаптарға сай жаңар­туға тырысып жатыр, сонда да үл­геру қиын болып тұр. Алдағы уақытта Стамбұл қала­сында да 7,5-8 балдық жер сілкінісі болады деген болжам бар. Ертең бе, бір айдан кейін бе, жоқ бір жылдан кейін бе, ол да белгісіз. Әрине, апаттан сақтасын, аманшылық болсын, бірақ мұндай жағдайға Стамбұл дайын емес. Түркияға көшіп келемін де­ген ниеті бар адамдар мейілінше жаңа үйден пәтер алуға тырысуы керек.