Қазақ анимациясына мемлекеттік қолдау керек

Қазақ анимациясына мемлекеттік қолдау керек

Қазақ анимациясына мемлекеттік қолдау керек
ашық дереккөзі
Биыл елімізде ÁMEN Animation film festival халықаралық дең­гей­де тұңғыш рет онлайн форматта өтті. OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының ұйымдастыруымен екінші рет өткен анимациялық фильмдер кинофестивалі биыл халықаралық деңгейге көтеріліп, шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Татарстан және Башқұртстан елдерінің өкілдері қатысты. Шара барысында «Қазақ ани­мациясының ретроспективасы» бағдарламасы негізінде 16 фильм көр­сетіліп, жас режиссер Қасиет Са­қиол­ланың «Махамбет» мультфильмі тұң­ғыш рет халықаралық деңгейде көп­шілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар түркиялық режиссер-аниматор Исмаил Фиданның «Рафадан Тайфа жер асты хикаялары» атты анима­ция­лық фильмінің Қазақстандағы тұсау­кесері өтті. Биыл фестивальге 6 елден 25 анимациялық жұмыс ұсынылса, оның 22-сі студенттік жұмыс, қалған 9-ы комикс. Фестивальдің ашылуына орай отан­дық мультипликация сала­сына жауапты құрылымдар мен анимация мамандарының және шетелдік сарап­шылардың қатысуымен «Қазақ ани­мациясының көкейкесті мәселе­лері» және «Түркітілдес елдердің ани­мациялық киноөнерінің бүгіні мен ер­теңі» та­қыры­бында онлайн дөңгелек үстел ұйым­дас­тырылды. Онда қазақ ани­мациясының соңғы 30 жылдағы ір­гелі, кешенді мәсе­ле­лері талқыланды. Фес­тивальдің мақ­саты – ұлттық анимацияны дамыту, жас дарындарды қолдау, түркі елдерінің ани­мациясына на­зар аудару және анимация саласын­дағы өзекті мәселелердің оң шешімін іздеу. Тарихқа шегініс жасасақ, ең ал­ғаш 1967 жылы Әмен Қай­даров ха­лық ертегісінің желісі бойынша Ш.Ай­манов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Қарлығаштың құй­рығы неге айыр?» атты тұңғыш муль­тип­ликациялық фильмді түсірді. Атал­ған фильм 1968 жылы Санкт-Петербор қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде, кейін 1975 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық муль­типликациялық фильмдер фестивалінде жүлдегер атанды. Қазақтың тұңғыш туындысын әлемнің 48 елінің көрермені тамашалады. Содан бергі 53 жыл ішінде түсірілген анимациялық өнім­дер саны аз емес. Алай­да заман тала­бына сай, шетелдік экран­дардан көрі­ніп жүрген қазақ тіліндегі ани­мациялық өнімдердің аздығы жиі айтылады.  Әмен Қайдаровтің ізбасары, Қа­зақ­станның Еңбек сіңірген қай­раткері Жәкен Дәненов Қазақстан аума­ғында хабар тарататын шетелдік балалар арналарының өнімдерін қазақ тіліне аудару жайлы ұсыныс білдірді. – Анимацияның тілі шықпаған бала үшін де маңызы зор. Телеарналарда то­лық анимациялық фильмдер көрсететін қолжетімді 10 шақты арна бар. Көп бө­лігі орыстілді өнімдерді ұсынады. Бүгінде ата-анасы қазақша сөйлейтін отбасында орысша сөйлейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. Өйткені баланың тілін телевизия тілі жеңіп кетеді. Мемлекеттің болаша­ғын, ұлттың тілін ойласақ, арналар қа­зақ­ша сөйлеуі керек. Жақсы дамып келе жатқан қазақ анимациясын мемлекет өз қолына алып, көбірек көңіл аударғаны дұрыс, – деді қазақ анимациясының ақ­сақалы Жәкен Дәненов. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» анимациясынан басталған қазақ мультипликациясына биыл 53 жыл. Ал әлем­де тұңғыш анимацияның пайда болға­нына 150 жылға жақындады. Әлем және қазақ мультипликациясының дамуын­дағы 90 жылдық айырмашылық мемле­кеттің анимация саласын қолдауы қажет екенін көрсетеді. Ақпарат және қоғамдық даму  ви­це-министрі Болат Тілепов өз ке­зегінде  қазақ анимациясын қолдаудың маңызына тоқталды. Болат Әнапияұлы­ның айтуынша, мемлекет неғұрлым үл­кейген сайын, сол мемлекетте тұратын адамдар соғұрлым кішірейе береді.  Яғни мемлекеттің аталған салаға қаржы бөлуі­мен мәселе түбегейлі шешілмейді. Ани­мация саласын алға жылжыту үшін қар­жылық қолдаудан бұрын алдымен тиісті заңдар мен қажет жеңілдіктер ме­ханизмі іске асуы тиіс. – Анимация дегеніміз – шығармашы­лық өнім. Бұл ретте оның бәсекеге қа­білетті болуы өте маңызды. Бүгінгі күн ба­лалардың 98 пайызы десем қателес­пейтін шығармын, шетелдік өнімді қарайды. Сондықтан анимацияның тілі бала тілінің орысша шығуына әсер етіп отыр. Осы орайда салдармен емес, себеппен күресуіміз қажет екеніні түсінейік. Балаларымызды қазақ анимациясын іздейтін дәрежеге жеткізуіміз керек. Те­леарналардың барлығын толықтай қа­зақ­ша сөйлету мәселесін 5-6 жылда то­лығымен шешуге болады. Әрине, бұл рет­те интернеттің күшін де ұмытпауы­мыз керек. Біздің елдің 70 пайызы интернетті тұрақты қолданады. Министрлік осы бағытта бірқатар шаруаларды іс­ке асыруды жоспарлап отыр. Ең маңыздысы – тіл мәселесі болғандықтан аудиториясы үлкен шетелдік танымал арналардан қазақша мульфильмдерді көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ондай өнімдерге сапалық жағынан қойылатын талап та жоғары болғандықтан отандық шығармашылық топтар бәсекеге қабілет­ті болуы керек. Оған біздің елімізде мүм­кіндік көп, – деді Болат Тілепов. Бұрынғының балаларын ата-әжелер ертегімен, аңызбен елітіп, қия­лын қанаттандыратын. Қазір ертегі айтып отыратын әжелер азайды. Ал бү­гінгінің баласы анимациялық фильмдерге құмар, олар әлемді визуалды қабыл­дағанды жақсы көреді. Жиында сөз алған «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова өз сөзінде аталған бағдарламаның анимациямен ұштасатын бөлімі болуы керегін, мемлекеттік және жеке меншік серіктестікке құрылған арнайы  бағдарлама  қабылдай­тын уақыт келгенін, сол себепті анимацияны дамыту бойынша арнайы жол кар­тасы дайындалатынын жеткізді. Balapan арнасы секілді тағы бір арна болса деген ұсынысын да айтты. Жалпы, Balapan телернасы соң­ғы 10 жылда 74 анимациялық  фильм шығарған екен. Бұл дегеніміз 18 мың минуттан артық өнім. Ең үлкен локомотив саналатын Balapan телеарнасы сияқты анимация саласында жұмыс істеген құрылым осыған дейін болмады. Олай деуімізге негіз бар. Balapan арнасы отан­дық нарықтағы анимациялық жоба­лардың 90 пайызға жуығын өндіреді. Телеарнаның бас продюсері Сан­дуғаш Баймаханқызы балалар арнасының мультипликация саласын  дамытуға қосып жатқан үлесі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар қазақ тіліндегі анимациялық контенттің санын арт­тырып, тапсырыс көздерін көбейту мә­се­лесін алға тартты. – Balapan телеарнасы ең алғаш ашыл­ған 2010 жылы 1 ғана анимациялық жобаны іске асырса, биыл жан-жақты қол­даудың нәтижесінде бас-аяғы 30 жо­баны іске асырмақ. Бүгінде эфир көр­сеткішінің 80 пайызы анимациялардан тұрады. Отандық анимация жанрының нарықтағы сұранысының өсуіне және  дербес жұмыс істейтін компаниялар са­ны­ның  көбеюіне бірден-бір себепкер – біз­дің арна. Balapan телеарнасының бір­неше туындысы АҚШ, Испания, Кана­да, Латын Америкасына сатылды. Яғни біздің жобалар енді ағылшын, испан ті­лінде сөйлейтін шетелдегі балаларға көр­сетілетін болады. Мұндай тапсырысты көбейту арқылы сапаға қол жеткізуге болады, – деді бас продюсер. Сандуғаш Баймаханқызының айтуынша, Balapan телеарнасының ау­диториясы – 8 жасқа дейінгі балалар. Ал елімізде осы жас аралығындағы балалар саны 3,5 миллонға жуық. Ал 3,5 мил­лион баланы бір ғана Balapan те­леарнасының анимациялық жобаларымен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сон­дықтан балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше арна ашу өзекті дейді маман. Ал Ұлттық киноны қолдау мем­ле­кет­тік орталығы басқарма тө­­ра­­ға­сы­ның орынбасары Айдар Асқар­ұлы кино орталықтың қаржыландыруымен жү­зеге асырылған анимациялық жо­ба­ларға тоқталып, отандық мультипликатор мамандарға  ризашылығын жеті­кіз­ді. Сондай-ақ Ш. Айманов атындағы «Қа­­зақфильм» АҚ» анимациялық студия­сының басшысы Адай Әбділда анимация са­ласында білім гранттарын көбейту жә­не жас мамандардың әлемдік  озық ани­мациялық студияларда кәсіби тағы­лымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік  жасау жайында сөз қозғады. Бұдан бөлек, Қазақстандық ани­ма­ция­лық киностудиялар қауымдас­тығының басшысы Жәнібек Оразалы мем­лекетке қарасты анимациялық орта­лық құру жайлы тілегін білдірсе,  Dala animatoin анимациялық студиясының директоры, режиссер-аниматор Дильшат Рахматуллин балаларға арналған контент жасайтын жеке студияларды техникалық модернизациядан өткізу үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлу тәжірибесін ұсынды. «САҚ» киносту­дия­сының директоры, продюсер Нұриддин Паттеев  отандық анимациялық өнім­дердің қаржыландыруын жүйелеу және төлем тарификациясын реттеу мәселесін алға тартты.  Ал Аnyz film анимациялық сту­диясының директоры, режиссер-аниматор Тұрдыбек Майдан  отандық то­лықметражды анимациялық фильмдер­дің прокаттық көрсетілімін ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. ÁMEN Animation film festival аясында елі­міздегі өзекті мәселелерден өзге түр­кі­тілдес елдердің анимациялық ки­ноөнерінің бүгіні мен ертеңін де тал­қылады. Халықаралық сарапшылар бас қосқан алаңда биыл 40-тан астам жұмыс ұсы­нылып, 37 фильм іріктеуден өтті. Бай­қауға отандық және шетелдік кино са­ласының  білікті мамандары, ани­ма­ция­лық кино режиссерлері төрелік етіп, 9 номинация бойынша жүлделер та­ғайындады. Байқауға төрелік еткен қа­зылар алқасының құрамы  елге белгілі өте білікті мамандардан және әлемдік дең­гейдегі анимация шеберлерінен жа­сақталды. Фестивальдің екінші күнінде Түр­кияның ең ірі анимациялық сту­диясы ISF SТUDIOS   компаниясының ди­ректоры, режиссер Исмаил Фидан түркі елдеріне ортақ анимациялық одақ құру, мультипликатор мамандарды даярлайтын халықаралық академия ашу және анимация өндірісін қаржыландыру бағдар­ламасын жасау мәселесін көтерді. Сондай-ақ түркі әлемінің  тарихы мен аңыз­дарын  әлемге паш ететін, бірлескен ани­мациялық фильмдер өндіруді ұсын­ды. Өзбекстандық режиссер-аниматор Дмитрий Власов түркиялық әріп­тесінің пікірін қолдап,  алдағы уа­қытта коммерциялық жобалармен қа­тар авторлық фильмдерге де көңіл бөлу кере­гін  айтып өтті. Сондай-ақ Өзбек­станда мем­­лекеттік анимациялық студия құрыл­­ғанын, сонымен қатар жеке сту­­диялар­ды дамытуға да күш салынып жат­қанын қуанышпен хабарлады. Дөңгелек үстел барысында Баш­құр­тстан  мемлекетінің өкілі,  сценарист әрі режиссер Анна Мальгинова балаларға арналған анимациялық фильмдердің  сапасын арттыру  жайлы сөз қозғап, бірлескен жобалар жасау мүм­кіндігі туралы ойын білдірді. Қазақ анимациялық киностудиялар қауымдастығының директоры, анимациялық кино режиссері Жәні­бек Нұрбекұлы түркітілдес елдердің  дос­ты­ғын нығайтуда  анимациялық кино өнерінің маңызы зор екенін айтты. Осы ретте әл-Фараби, Әмір Темір сынды түркі халықтарына ортақ тұлғалар жайлы  анимациялық альманах жасау идеясын ұсынып, бауырлас мемлекеттер ара­сында шығармашылық байланысты ны­ғайтуға шақырды. Әмен кинофестивалінің президенті Мақпал Жұмабай алдағы уа­қыт­та ай­тыл­ған ұсыныстар мен мәсе­ле­лер бойын­­ша бірлесе  жұмыс істеуге дайын еке­нін жеткізді. Фестивальдің ал­да тұр­ған ендігі мақсаттарының бірі – ірі халықаралық кинофестивальдармен әріптестік байланыс орнату, меморандумдарға қол қоюу, сол арқылы еліміздегі сапалы жұмыс­тарды және Әменнің жүлдегерлерін шет­елге таныстыру.