Қазақ анимациясына мемлекеттік қолдау керек
Қазақ анимациясына мемлекеттік қолдау керек
Биыл елімізде ÁMEN Animation film festival халықаралық деңгейде тұңғыш рет онлайн форматта өтті. OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының ұйымдастыруымен екінші рет өткен анимациялық фильмдер кинофестивалі биыл халықаралық деңгейге көтеріліп, шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Татарстан және Башқұртстан елдерінің өкілдері қатысты.
Шара барысында «Қазақ анимациясының ретроспективасы» бағдарламасы негізінде 16 фильм көрсетіліп, жас режиссер Қасиет Сақиолланың «Махамбет» мультфильмі тұңғыш рет халықаралық деңгейде көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар түркиялық режиссер-аниматор Исмаил Фиданның «Рафадан Тайфа жер асты хикаялары» атты анимациялық фильмінің Қазақстандағы тұсаукесері өтті. Биыл фестивальге 6 елден 25 анимациялық жұмыс ұсынылса, оның 22-сі студенттік жұмыс, қалған 9-ы комикс.
Фестивальдің ашылуына орай отандық мультипликация саласына жауапты құрылымдар мен анимация мамандарының және шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Қазақ анимациясының көкейкесті мәселелері» және «Түркітілдес елдердің анимациялық киноөнерінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда қазақ анимациясының соңғы 30 жылдағы іргелі, кешенді мәселелері талқыланды. Фестивальдің мақсаты – ұлттық анимацияны дамыту, жас дарындарды қолдау, түркі елдерінің анимациясына назар аудару және анимация саласындағы өзекті мәселелердің оң шешімін іздеу.
Тарихқа шегініс жасасақ, ең алғаш 1967 жылы Әмен Қайдаров халық ертегісінің желісі бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш мультипликациялық фильмді түсірді. Аталған фильм 1968 жылы Санкт-Петербор қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде, кейін 1975 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде жүлдегер атанды. Қазақтың тұңғыш туындысын әлемнің 48 елінің көрермені тамашалады. Содан бергі 53 жыл ішінде түсірілген анимациялық өнімдер саны аз емес. Алайда заман талабына сай, шетелдік экрандардан көрініп жүрген қазақ тіліндегі анимациялық өнімдердің аздығы жиі айтылады.
Әмен Қайдаровтің ізбасары, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жәкен Дәненов Қазақстан аумағында хабар тарататын шетелдік балалар арналарының өнімдерін қазақ тіліне аудару жайлы ұсыныс білдірді.
– Анимацияның тілі шықпаған бала үшін де маңызы зор. Телеарналарда толық анимациялық фильмдер көрсететін қолжетімді 10 шақты арна бар. Көп бөлігі орыстілді өнімдерді ұсынады. Бүгінде ата-анасы қазақша сөйлейтін отбасында орысша сөйлейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. Өйткені баланың тілін телевизия тілі жеңіп кетеді. Мемлекеттің болашағын, ұлттың тілін ойласақ, арналар қазақша сөйлеуі керек. Жақсы дамып келе жатқан қазақ анимациясын мемлекет өз қолына алып, көбірек көңіл аударғаны дұрыс, – деді қазақ анимациясының ақсақалы Жәкен Дәненов.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» анимациясынан басталған қазақ мультипликациясына биыл 53 жыл. Ал әлемде тұңғыш анимацияның пайда болғанына 150 жылға жақындады. Әлем және қазақ мультипликациясының дамуындағы 90 жылдық айырмашылық мемлекеттің анимация саласын қолдауы қажет екенін көрсетеді.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов өз кезегінде қазақ анимациясын қолдаудың маңызына тоқталды. Болат Әнапияұлының айтуынша, мемлекет неғұрлым үлкейген сайын, сол мемлекетте тұратын адамдар соғұрлым кішірейе береді. Яғни мемлекеттің аталған салаға қаржы бөлуімен мәселе түбегейлі шешілмейді. Анимация саласын алға жылжыту үшін қаржылық қолдаудан бұрын алдымен тиісті заңдар мен қажет жеңілдіктер механизмі іске асуы тиіс.
– Анимация дегеніміз – шығармашылық өнім. Бұл ретте оның бәсекеге қабілетті болуы өте маңызды. Бүгінгі күн балалардың 98 пайызы десем қателеспейтін шығармын, шетелдік өнімді қарайды. Сондықтан анимацияның тілі бала тілінің орысша шығуына әсер етіп отыр. Осы орайда салдармен емес, себеппен күресуіміз қажет екеніні түсінейік. Балаларымызды қазақ анимациясын іздейтін дәрежеге жеткізуіміз керек. Телеарналардың барлығын толықтай қазақша сөйлету мәселесін 5-6 жылда толығымен шешуге болады. Әрине, бұл ретте интернеттің күшін де ұмытпауымыз керек. Біздің елдің 70 пайызы интернетті тұрақты қолданады. Министрлік осы бағытта бірқатар шаруаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Ең маңыздысы – тіл мәселесі болғандықтан аудиториясы үлкен шетелдік танымал арналардан қазақша мульфильмдерді көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ондай өнімдерге сапалық жағынан қойылатын талап та жоғары болғандықтан отандық шығармашылық топтар бәсекеге қабілетті болуы керек. Оған біздің елімізде мүмкіндік көп, – деді Болат Тілепов.
Бұрынғының балаларын ата-әжелер ертегімен, аңызбен елітіп, қиялын қанаттандыратын. Қазір ертегі айтып отыратын әжелер азайды. Ал бүгінгінің баласы анимациялық фильмдерге құмар, олар әлемді визуалды қабылдағанды жақсы көреді. Жиында сөз алған «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова өз сөзінде аталған бағдарламаның анимациямен ұштасатын бөлімі болуы керегін, мемлекеттік және жеке меншік серіктестікке құрылған арнайы бағдарлама қабылдайтын уақыт келгенін, сол себепті анимацияны дамыту бойынша арнайы жол картасы дайындалатынын жеткізді. Balapan арнасы секілді тағы бір арна болса деген ұсынысын да айтты.
Жалпы, Balapan телернасы соңғы 10 жылда 74 анимациялық фильм шығарған екен. Бұл дегеніміз 18 мың минуттан артық өнім. Ең үлкен локомотив саналатын Balapan телеарнасы сияқты анимация саласында жұмыс істеген құрылым осыған дейін болмады. Олай деуімізге негіз бар. Balapan арнасы отандық нарықтағы анимациялық жобалардың 90 пайызға жуығын өндіреді.
Телеарнаның бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы балалар арнасының мультипликация саласын дамытуға қосып жатқан үлесі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар қазақ тіліндегі анимациялық контенттің санын арттырып, тапсырыс көздерін көбейту мәселесін алға тартты.
– Balapan телеарнасы ең алғаш ашылған 2010 жылы 1 ғана анимациялық жобаны іске асырса, биыл жан-жақты қолдаудың нәтижесінде бас-аяғы 30 жобаны іске асырмақ. Бүгінде эфир көрсеткішінің 80 пайызы анимациялардан тұрады. Отандық анимация жанрының нарықтағы сұранысының өсуіне және дербес жұмыс істейтін компаниялар санының көбеюіне бірден-бір себепкер – біздің арна. Balapan телеарнасының бірнеше туындысы АҚШ, Испания, Канада, Латын Америкасына сатылды. Яғни біздің жобалар енді ағылшын, испан тілінде сөйлейтін шетелдегі балаларға көрсетілетін болады. Мұндай тапсырысты көбейту арқылы сапаға қол жеткізуге болады, – деді бас продюсер.
Сандуғаш Баймаханқызының айтуынша, Balapan телеарнасының аудиториясы – 8 жасқа дейінгі балалар. Ал елімізде осы жас аралығындағы балалар саны 3,5 миллонға жуық. Ал 3,5 миллион баланы бір ғана Balapan телеарнасының анимациялық жобаларымен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше арна ашу өзекті дейді маман.
Ал Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айдар Асқарұлы кино орталықтың қаржыландыруымен жүзеге асырылған анимациялық жобаларға тоқталып, отандық мультипликатор мамандарға ризашылығын жетікізді. Сондай-ақ Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ» анимациялық студиясының басшысы Адай Әбділда анимация саласында білім гранттарын көбейту және жас мамандардың әлемдік озық анимациялық студияларда кәсіби тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау жайында сөз қозғады.
Бұдан бөлек, Қазақстандық анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы Жәнібек Оразалы мемлекетке қарасты анимациялық орталық құру жайлы тілегін білдірсе, Dala animatoin анимациялық студиясының директоры, режиссер-аниматор Дильшат Рахматуллин балаларға арналған контент жасайтын жеке студияларды техникалық модернизациядан өткізу үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлу тәжірибесін ұсынды. «САҚ» киностудиясының директоры, продюсер Нұриддин Паттеев отандық анимациялық өнімдердің қаржыландыруын жүйелеу және төлем тарификациясын реттеу мәселесін алға тартты. Ал Аnyz film анимациялық студиясының директоры, режиссер-аниматор Тұрдыбек Майдан отандық толықметражды анимациялық фильмдердің прокаттық көрсетілімін ұйымдастыру мәселесіне тоқталды.
ÁMEN Animation film festival аясында еліміздегі өзекті мәселелерден өзге түркітілдес елдердің анимациялық киноөнерінің бүгіні мен ертеңін де талқылады. Халықаралық сарапшылар бас қосқан алаңда биыл 40-тан астам жұмыс ұсынылып, 37 фильм іріктеуден өтті. Байқауға отандық және шетелдік кино саласының білікті мамандары, анимациялық кино режиссерлері төрелік етіп, 9 номинация бойынша жүлделер тағайындады. Байқауға төрелік еткен қазылар алқасының құрамы елге белгілі өте білікті мамандардан және әлемдік деңгейдегі анимация шеберлерінен жасақталды.
Фестивальдің екінші күнінде Түркияның ең ірі анимациялық студиясы ISF SТUDIOS компаниясының директоры, режиссер Исмаил Фидан түркі елдеріне ортақ анимациялық одақ құру, мультипликатор мамандарды даярлайтын халықаралық академия ашу және анимация өндірісін қаржыландыру бағдарламасын жасау мәселесін көтерді. Сондай-ақ түркі әлемінің тарихы мен аңыздарын әлемге паш ететін, бірлескен анимациялық фильмдер өндіруді ұсынды.
Өзбекстандық режиссер-аниматор Дмитрий Власов түркиялық әріптесінің пікірін қолдап, алдағы уақытта коммерциялық жобалармен қатар авторлық фильмдерге де көңіл бөлу керегін айтып өтті. Сондай-ақ Өзбекстанда мемлекеттік анимациялық студия құрылғанын, сонымен қатар жеке студияларды дамытуға да күш салынып жатқанын қуанышпен хабарлады.
Дөңгелек үстел барысында Башқұртстан мемлекетінің өкілі, сценарист әрі режиссер Анна Мальгинова балаларға арналған анимациялық фильмдердің сапасын арттыру жайлы сөз қозғап, бірлескен жобалар жасау мүмкіндігі туралы ойын білдірді.
Қазақ анимациялық киностудиялар қауымдастығының директоры, анимациялық кино режиссері Жәнібек Нұрбекұлы түркітілдес елдердің достығын нығайтуда анимациялық кино өнерінің маңызы зор екенін айтты. Осы ретте әл-Фараби, Әмір Темір сынды түркі халықтарына ортақ тұлғалар жайлы анимациялық альманах жасау идеясын ұсынып, бауырлас мемлекеттер арасында шығармашылық байланысты нығайтуға шақырды.
Әмен кинофестивалінің президенті Мақпал Жұмабай алдағы уақытта айтылған ұсыныстар мен мәселелер бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Фестивальдің алда тұрған ендігі мақсаттарының бірі – ірі халықаралық кинофестивальдармен әріптестік байланыс орнату, меморандумдарға қол қоюу, сол арқылы еліміздегі сапалы жұмыстарды және Әменнің жүлдегерлерін шетелге таныстыру.