Қарызын қарызбен жапқан халық банкті байытып отыр
Қарызын қарызбен жапқан халық банкті байытып отыр
Өткен аптада Kaspi.kz қосымшасындағы ақау қазақстандықтарды біраз дүрліктірді. Жиған-тергенін Kaspi Bank-ке сеніп тапсырған ел тұрғындары ертеңіне алаңдап, елең-алаң күйге түсті. Желіде «Банк жүйесіне кибершабуыл жасалды» деп даурыққан халық барымыздан айырылдық деп топшылады. Ішкен-жегенін, тіпті таксиінің ақшасын Kaspi.kz арқылы төлеп үйренген жұрт бір сәтке тіршілігі тоқтап қалғандай күй кешті. Сарапшылардың пікірінше, халық бұл оқиғадан сабақ алып, қаржысын жаппай бір қаржы институтында ұстау қауіпті екенін ұғуы тиіс. Осы орайда, Қазақстандағы банктердің қайсына сенім артуға болады, қайсы халықтың қалтасын қақпайды, елдің жиғанына қайсы жауапкершілікпен қарайды деген сауалдар туындайды. Жауап іздеп көрдік...
Халықтың банкіне айналған Kaspi
Қазір елімізде Kaspi Gold картасын қолданбайтын, Kaspi.kz қосымшасы арқылы төлем жасамайтын адам кемде-кем. Көктемде Kaspi.kz қосымшасын қолданушылар саны 7 миллионға жетсе, бүгінде 8 миллионға жетеғабыл. Біздің емес, Bloomberg-тің дерегі бұл. «Қазақстан экономикасы мұнай бағасының құлдырауы мен коронавирустың таралуына байланысты енгізілген локдауннан зардап шеккеніне қарамастан, 2020 жылдың бірінші жартысында Kaspi-дің таза табысы 50 пайызға артты. Ал банктің мобильді қосымшасын пайдаланушылар қатары өткен жылы 72 пайызға өсті. Айына 7,8 миллионға жуық қолданушы есепшоттарды төлеп, несие рәсімдеп, жеке қаржысын басқару құралдарын пайдалана алады», – деп жазды агенттік. Өткен аптада Лондон биржасына акциялары шығарылғаннан кейін Kaspi.kz-тің атағы да, табысы да еселене түсті. Forbes-тің хабарлауынша, компания акциялары бастапқыда 38 доллардан сатылып, кейіннен 46,9 долларға көтерілген. Небары бір күн ішінде 4,4 миллион акция сатылған. «Kaspi.kz тәулігіне орта есеппен 3,8 миллион акциясын сататын ресейлік «Яндекстен» де асып түсті. Бұл үлкендігі жөнінен 2020 жылғы екінші IPO және жалпы Еуропа бойынша төртінші IPO», – деп жазды Forbes. Бұл жетістіктен кейін Kaspi.kz Қазақстандағы ең қымбат бұқаралық компанияға айналды, ал компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе әлемдік миллиардерлердің элиталық клубына енді. Кимге компания акцияларының 32 пайызы тиесілі болса, Ломтадзе 26 пайызына иелік ететін. Демек, Bloomberg-тің миллиардерлер индексі бойынша IPO 33,75 доллар тұратын болса, олардың дәулеті 1,9 және 1,8 миллиард долларға жетті. Биржада бағы жанбай тұрып-ақ Kaspi еліміздегі ең табысты банктердің бірі болды. 2019 жылы банктің кірісі 156,7 млрд теңгеге жетсе, жеке капиталының көлемі 235,1 млрд теңгеге дейін өсті. Ал банк активтері 2 трлн 76 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Kaspi Қазақстандағы ең ірі 30 салық төлеушінің қатарына еніп, мемлекеттік қазынаға 41 млрд теңге құйды. Бұл жетістіктерінен кейін Forbes жариялаған отандық банктердің биылғы рейтингінде Kaspi-дің топ жарғанына ешкім таңғала қоймады. Басылым сарапшыларының пікірінше, бұл банк өз активтері мен жеке капиталын пайдалану жөнінен тиімділігін көрсетті. 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында Kaspi.kz платформасы арқылы Қазақстанның 54 қаласының тұрғындары 69 млрд теңгеге 900 мыңнан аса тапсырыс жасаған. Осыдан кейін Kaspi-дің аз уақыт ішінде халықтың банкіне айналғанын мойындамау мүмкін емес. Десе де, өткен аптада елді алаңдатқан ақау тек бір қаржы институтының қызметіне иек арту, бір ғана банктің картасын қолдану дұрыс емесін ұқтырғандай. Сондықтан көппен бірге біз де еліміздегі банктердің рейтингіне көз салып, табыстысы қайсы, сенімдісі қайсы – зерттеуге кірістік.Еліміздегі банктер рейтингі
Forbes.kz дерегіне сүйенсек, Қазақстандағы банк секторының биылғы ең үлкен жетістігі – таза пайда 26 пайызға ұлғайып, 169,5 млрд теңгеге көбеюі. Ал банктердің таза табысы 811,9 млрд теңге болды. Соның ішінде Халық банк (314,9 млрд), Kaspi Bank (175,1 млрд), Сбербанк Қазақстан (67,9 млрд), ForteBank (38,2 млрд) және Jysan Bank (35,2 млрд) алғашқы бестікке енді. Есесіне Азия Кредит Банк, Capital Bank Kazakhstan және Пәкістан Ұлттық банкінің Қазақстандағы бөлімшесінің шығыны пайдасынан асып кетіп, минусқа түсіп кетті. Сондай-ақ басылым мәліметінше, былтыр екінші деңгейлі банктердің берген несиесі 7,1 пайызға өсіп, 14,7 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің берген қарызы 400,4 млрд теңгеге көбейсе, Халық банк портфелі 291 млрд теңгеге, Kaspi Bank-тікі 266 млрд теңгеге ұлғайды. 27 банктің ішінде 20 банктің қарыз портфелі ұлғайған. Халық банкі әлі де бірінші орнын сақтап тұр. Бұл банктің 4,2 трлн теңге қарыз беріпті. Пайызбен есептегенде Қазақстандағы Қытай банкінің қарыз портфелі 1,7 есе өсіп, 11,4 млрд теңгеге жетті. Ұлттық банк дерегі бойынша, банк секторының капиталы былтыр 21 пайыз өсіп, 3,6 трлн теңгеге жетті. 27 банктің ішінде 10 банктің капиталы 100 млрд теңгеден асқан. Ал депозит нарығына тоқталар болсақ, көрсеткіш 5,5 пайызға өсіп, 17,9 трлн теңгеге жетті. Көш басында – Халық банк. Депозиттің 36 пайызы осы банкке тиесілі. Өсу қарқыны бойынша Kaspi Bank (405,6 млрд теңге), Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (237 млрд теңге) және ForteBank (195,6 млрд теңге) алда тұр.Қарызды қайта қаржыландыру: қай банк қайырымды?
Дағдарыс кезінде банк сенімді борышкерлерді тартқысы келсе, қарыз алушылар арзан несие алуды ойлайтыны белгілі. Осы ретте банктердің қайсысы қарызды қайта құрылымдайтынын және пайызы қанша екенін білу маңызды. Ranking.kz дерегінше, карантин кезінде еліміздегі банктер несие беруді азайтқан: Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің қарыз порфелі бір айда 0,9 пайызға қысқарып, биылғы шілде айының қорытындысы бойынша 14,85 трлн теңгені құрапты. Дегенмен былтырмен салыстырған бұл көрсеткіш 8,3 пайызға артық. Несие беру көрсеткіші төмендеуімен қатар, төлем мерзімі кешіктірілген қарыздар қатары өскен. Айталық, банктердің несие портфеліндегі уақытында төленбеген қарыз көлемі бір айдың ішінде – 9,6 пайызға, бір жылда 13 пайызға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрап отыр. Яғни, уақытында төленбей, кешіктірілген борыш көлемі қарыз портфелінің 14,4 пайызына жеткен. Бұл көрсеткіш былтыр 13,8 пайыз болған еді. Несие беру қарқынының төмендеуі мен проблемалық қарыз көлемінің арту ықтималдығы жоғарылаған сайын, банктер сенімді борышкер тартуға талпынады. Ал халықтың кәсібі тоқтап, табысы азайып тұрған шақта, несие алғысы келетіндер пайыздың төмен болғанын қалайтыны сөзсіз. Осы орайда ең танымал несие түрі – тұтынушылық қарызды қайта қаржыландыру бойынша банктер не ұсынып отырғанын бағамдап көрелік. Елдегі ең ірі деген оншақты банктің арасында тек төрт банк қана кепілсіз несиені қайта құрылымдау туралы ақпаратты ресми сайттарына жариялапты: ForteBank, Еуразиялық Банк, АТФ Банк және Банк ЦентрКредит. Осылардың ішінде ең төмен жылдық сыйақы мөлшерлемесін ForteBank ұсынып отыр: 7,3 пайыздан басталады. ForteBank-тен кейін Еуразиялық Банктің шарттары құлаққа қонымды: оның жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 13,8 пайыздан басталады. АТФБанк қайта қаржыландыратын қарыздың ЖТСМ-і 28,4 пайыздан басталса, ЦентрКредит Банктікі 37,86 пайыздан асып жығылады. Қайта қаржыландырылатын қарыздың ең жоғары сомасын ForteBank ұсынып отыр, бұл банкте 7 млн теңгеге дейінгі қарызды қайта құрылымдауға болады. Ал қалған 3 банк клиенттерге 5 млн теңгеге дейін қарыз беруге дайын. Айта кетерлігі, елдегі екінші деңгейлі 27 банктің ішінде 17-сі жеке тұлғаларға кепілсіз несие бере береді екен.Клиенттерімен жиі соттасатын банктер
Қарыз демекші, берешегін дер кезінде қайтармаған клиенттерімен жиі соттасатын банктердің де рейтингі жасалған екен. @RiskTakersKZ мәліметтеріне сүйенсек, бұл рейтингте де Kaspi Bank көш бастап тұр. 2019 жылдың соңындағы дерек бойынша, бұл банк клиенттерімен 15 559 рет соттасқан. Ал 2-орынға жайғасқан ЦентрКредит Банкі өз борышкерлерімен 10 418 рет соттасыпты. Бұл банк кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне несиені жақсы қарқынмен берді. Өкінішке қарай, түрлі себептермен көптеген бизнес өкілдері несиелерін қайтармай, банктің балансын біраз нашарлатқан болатын. Тіпті, ЦентрКредит 2017-2018 жылдары Ұлттық Банктің қаржы ұйымдарын оңалту бағдарламасына қатысуға мәжбүр болды және соның арқасында нарықтағы өз үлесін сақтап қалды. 3-орында – ForteBank. Альянс банктің мұрагері болғандықтан, ForteBank-ке қатысты сот процесінің көптігіне таңғалуға болмас. Сотта банктің қатысуымен 9 894 іс қаралған. Қазір қаржылық институт шағын және орта бизнес өкілдеріне де, жеке тұлғаларға да көптеп несие бере бастады. Демек, болашақта да сотқа шағымдану азаймауы мүмкін. Халық банкі 4-орыннан көрінді. Казком қосылғалы бері клиенттер саны жөнінен елдегі ең алпауыт банктің тек 7 786 сот процесіне қатысы бар екен. Мұндай үлкен банк үшін бұл көрсеткішті көп дей алмаймыз. Не банк сотқа жеткізбей мәселелерін шешеді, не болмаса клиенттерінің барлығы қарызын уақытында қайтарып отырады деп топшылайды сарапшылар. 5-орында – Сбербанк. Ресейдегі алпауыттың еншілес банкі сотта 4 955 процеске қатысқан. @RiskTakersKZ жазуынша, соттасу индикаторы банктегі тәуекелдерді басқару сапасы туралы толыққанды мағлұмат бере алмайды. Бірақ бұл көрсеткіш үлкен талдаудың бір бөлігі болуға жарайды. Сәйкесінше, ең аз соттасқан банктің тәуекелдерді басқару жүйесі мығымдау.Қаржыны қайда сақтаған тиімді?
Теңге тиыннан құралады. Жинаған қаражатыңның игілігін көру үшін оны шотта немесе сандықта сақтағаннан гөрі депозитке салған тиімді екені жұртқа аян. Бүгінде еліміздегі банктер депозит ашуға ынталандыратын түрлі бағдарламаларды іске қосқан. Соның арқасында салымшылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, биылғы шілде айының соңында депозит көлемі 4,1 пайызға ұлғайып, 20 685,4 млрд теңгені құрапты. Оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттері – 9982,6 млрд теңге. Салымшылардың басым бөлігі депозитті төл валютамызда ашқанды құп көреді екен. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 5 894,7 млрд теңге болса, шетел валютасында жалпы сомасы 4 087,9 млрд теңге болатын депозит бар. Елімізде 1 трлн теңгеден астам салымы бар үздік төрт банк мыналар: Халық банкі, Сбербанк, Kaspi Bank және ForteBank. Былтыр Kaspi Bank – 405,6 млрд теңге, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – 237 млрд және ForteBank 195,6 млрд теңгенің депозитін ашқан. Қазақстанда түрлі депозиттік бағдарлама ұсынатын екінші деңгейлі банктер қатары аз емес. Оларда сақтау мерзіміне қарай депозит екіге бөлінеді: ұзақ және қысқамерзімді. Қысқа мерзімді депозитке салынған ақшаңызды қалаған уақытта шешіп ала аласыз. Бірақ есебіңізде белгілі бір сомада ақша қалуы керек. Мысалы, минималды сома 1 000 теңге болуы мүмкін. Ұзақмерзімді депозитте депозиттік салым мерзімі аяқталғанша ақшаны шешіп алуға болмайды. Мамандардың айтуынша, депозит ашқанда назар аударатын ең маңызды мәселе – банк ұсынатын жылдық пайыздық мөлшерлеме. Сіздің салған сомаңызға қанша ақша қосылып отыратыны соған байланысты. Айталық, сіз ақша салған банк депозитінің жылдық мөлшерлемесі 10 пайыз болса, онда депозитке салынған әрбір 500 теңгеден жылына 50 теңге пайда көресіз. Банктер ұсынатын пайыздық мөлшерлеме олардың жүргізіп отырған саясатына байланысты әрқалай. Негізінен, Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлемеге байланысты өзгеріп отырады. Еліміздегі пайыздық мөлшерлемесі ең төмен банктер – Bank RBK(8,9%) мен Kaspi Bank (9%). Сбербанк (10,3%) пен ForteBank-тікі (10,4%) де жоғары деуге келмес. Салыстырмалы түрде алғанда 14%-дық өсім ұсынып отырған Хоум Кредит банкі мен Bank Kassa Nova-ның ұсынысы тартымды-ақ. Сарапшының сөзінше, қай банк депозит ашушыларға жоғары пайыз ұсынып отырса, соның тәуекелі жоғары. Яғни, аталған банктің қаржылық жағдайы қиын болып, алдағы уақытта жабылып қалуы мүмкін. Қаражат салмас бұрын, банктердің рейтингіне назар аударуға кеңес береді. Жасыратыны жоқ, елімізде салымшылардың санына қарамастан талай банк құрдымға кеткенін білеміз. Бұл жағдай әлбетте, қарасы қалың көпшіліктің банктерге деген сенімсіздігін тудырады. Сала мамандарының сөзінше, халық депозитте ақша сақтаудың тиімділігімен қоса кемшілігі де барын білуі тиіс. Банк салымшылардың қаржысын өзінде ұстап отырмайды. Оны қайта қаржыландыруға жібереді. Яғни, айналымда жүреді. Банк депозитке салынған сіздің ақшаңызды өзге клиентіне несие ретінде береді. Қынжылтатыны, депозиттің жылдық сыйақысы 10 пайыз болса, несиенің үстемесі 24-28 пайыз. Айырмашылық жер мен көктей. Осыдан-ақ қазақстандықтардың депозиттен көретін пайдасы там-тұм екенін, ал банктер салымшылардың арқасында қалтасын қампайтып отырғанын ұғуға болады. Сарапшылардың пайымдауынша, қазаққа болашақта қор нарығының заңдылықтарын меңгеру маңызды бола түспек. Нарықты бақылай білген адам экономикалық ахуалды түсінеді, сәйкесінше, бос үрейге, уайымға салынбайды. Көршінің сөзіне құлай сеніп, қит етсе, валюта сатып алуға жүгірмейді.