Қарызын қарызбен жапқан халық банкті байытып отыр

Қарызын қарызбен жапқан халық банкті байытып отыр

Қарызын қарызбен жапқан халық банкті байытып отыр
ашық дереккөзі
Өткен аптада  Kaspi.kz қосым­шасындағы ақау қазақстан­дықтарды біраз дүрліктірді. Жиған-тергенін Kaspi Bank-ке сеніп тапсырған ел тұрғындары ер­теңіне алаңдап, елең-алаң күйге түсті. Желіде «Банк жүйе­сіне кибершабуыл жасалды» деп даурыққан халық барымыздан айырылдық деп топшылады. Ішкен-жегенін, тіпті таксиінің ақшасын Kaspi.kz арқылы төлеп үйренген жұрт бір сәтке тіршілігі тоқтап қалғандай күй кешті. Сарапшылардың пікірінше, халық бұл оқиғадан сабақ алып, қаржысын жаппай бір қаржы институтында ұстау қауіпті екенін ұғуы тиіс. Осы орайда, Қазақстандағы банктердің қайсына сенім артуға болады, қайсы ха­лық­тың қалтасын қақ­пайды, елдің жиғанына қайсы жауапкершілікпен қарайды деген сауалдар туындайды. Жауап іздеп көрдік...

 Халықтың банкіне айналған Kaspi

Қазір елімізде Kaspi Gold картасын қолданбайтын, Kaspi.kz қосым­шасы арқылы төлем жасамайтын адам кем­де-кем. Көктемде Kaspi.kz қосымшасын қолданушылар саны 7 миллионға жетсе, бүгінде 8 миллионға жетеғабыл. Біздің емес, Bloomberg-тің дерегі бұл. «Қазақстан экономикасы мұнай бағасының құл­дырауы мен коронавирустың таралуына байланысты енгізілген локдауннан зардап шеккеніне қарамастан, 2020 жылдың бірінші жартысында Kaspi-дің таза табысы 50 пайызға артты. Ал банктің мобильді қосымшасын пайдаланушылар қатары өткен жылы 72 пайызға өсті. Айына 7,8 мил­лионға жуық қолданушы есепшоттарды төлеп, несие рәсімдеп, жеке қаржысын басқару құралдарын пайдалана алады», – деп жазды агенттік. Өткен аптада Лондон биржасына акциялары шығарылғаннан кейін Kaspi.kz-тің атағы да, табысы да еселене түсті. Forbes-тің хабарлауынша, компания акциялары бастапқыда 38 доллардан сатылып, кейіннен 46,9 долларға көтерілген. Небары бір күн ішінде 4,4 миллион акция сатылған. «Kaspi.kz тәулігіне орта есеппен 3,8 миллион акциясын сататын ресейлік «Яндекстен» де асып түсті. Бұл үлкендігі жө­нінен 2020 жылғы екінші IPO және жалпы Еуропа бойынша төртінші IPO», – деп жазды Forbes. Бұл жетістіктен кейін Kaspi.kz Қа­зақ­стандағы ең қымбат бұқара­лық ком­панияға айналды, ал компанияның ди­ректорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе әлемдік миллиардерлердің элиталық клу­бына енді. Кимге компания акциялары­ның 32 пайызы тиесілі болса, Ломтадзе 26 пайызына иелік ететін. Демек, Bloomberg-тің миллиардерлер индексі бойынша IPO 33,75 доллар тұратын болса, олардың дәу­леті 1,9 және 1,8 миллиард долларға жет­ті. Биржада бағы жанбай тұрып-ақ Kaspi еліміздегі ең табысты банк­тердің бірі болды. 2019 жылы банктің кірісі 156,7 млрд теңгеге жетсе, жеке ка­пи­талының кө­лемі 235,1 млрд теңгеге дейін өсті. Ал банк активтері 2 трлн 76 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың қоры­тын­дысы бойынша Kaspi Қазақстандағы ең ірі 30 салық төлеушінің қатарына еніп, мемле­кеттік қазынаға 41 млрд теңге құйды. Бұл жетістіктерінен кейін Forbes жа­риялаған отандық банктердің биыл­ғы рейтингінде Kaspi-дің топ жарға­ны­на ешкім таңғала қоймады. Басылым са­рапшыларының пікірінше, бұл банк өз активтері мен жеке капиталын пайдалану жөнінен тиімділігін көрсетті. 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында Kaspi.kz плат­формасы арқылы Қазақстанның 54 қа­ласының тұрғындары 69 млрд теңгеге 900 мыңнан аса тапсырыс жасаған. Осыдан кейін Kaspi-дің аз уақыт ішінде ха­лық­тың банкіне айналғанын мойындамау мүм­кін емес. Десе де, өткен аптада елді алаң­датқан ақау тек бір қаржы инсти­ту­тының қызметіне иек арту, бір ғана банк­тің картасын қолдану дұрыс емесін ұқ­тыр­ғандай. Сондықтан көппен бірге біз де елі­міздегі банктердің рейтингіне көз салып, табыстысы қайсы, сенімдісі қайсы  – зерттеуге кірістік.

 Еліміздегі банктер рейтингі

Forbes.kz дерегіне сүйенсек, Қазақ­стандағы банк секторының биылғы ең үлкен жетістігі – таза пайда 26 пайызға ұлғайып, 169,5 млрд теңгеге көбеюі. Ал банк­тердің таза табысы 811,9 млрд теңге болды. Соның ішінде Халық банк (314,9 млрд), Kaspi Bank (175,1 млрд), Сбербанк Қазақстан (67,9 млрд), ForteBank (38,2 млрд) және Jysan Bank (35,2 млрд) алғашқы бестікке енді.  Есесіне Азия Кредит Банк, Capital Bank Kazakhstan және Пәкістан Ұлттық банкінің Қазақстандағы бөлім­шесінің шығыны пайдасынан асып кетіп, минусқа түсіп кетті. Сондай-ақ басылым мәліметінше, былтыр екінші деңгейлі банктердің бер­ген несиесі 7,1 пайызға өсіп, 14,7 трлн тең­геге жеткен. Соның ішінде Тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкінің берген қарызы 400,4 млрд теңгеге көбейсе, Халық банк портфелі 291 млрд теңгеге, Kaspi Bank-тікі 266 млрд теңгеге ұлғайды. 27 банктің ішінде 20 банктің қарыз портфелі ұлғайған. Халық банкі әлі де бірін­ші орнын сақтап тұр. Бұл банктің 4,2 трлн теңге қарыз беріпті. Пайызбен есептегенде Қазақстандағы Қытай банкінің қарыз портфелі 1,7 есе өсіп, 11,4 млрд тең­ге­ге жетті. Ұлттық банк дерегі бойынша, банк секторының капиталы былтыр 21 пайыз өсіп, 3,6 трлн теңгеге жетті. 27 банк­тің ішінде 10 банктің капиталы 100 млрд теңгеден асқан. Ал депозит нарығына тоқталар болсақ, көрсеткіш 5,5 пайызға  өсіп, 17,9 трлн теңгеге жетті. Көш басында – Халық банк. Депозиттің 36 пайызы осы банкке тиесілі. Өсу қарқыны бойынша Kaspi Bank (405,6 млрд теңге), Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (237 млрд теңге) және ForteBank  (195,6 млрд теңге) алда тұр.

Қарызды қайта  қаржыландыру: қай банк қайырымды?

Дағдарыс кезінде банк сенімді борышкерлерді тартқысы келсе, қа­рыз алушылар арзан несие алуды ойлайтыны белгілі. Осы ретте банктердің қай­сысы қарызды қайта құрылымдайтынын және пайызы қанша екенін білу маңызды. Ranking.kz дерегінше, карантин ке­зінде еліміздегі банктер несие беруді азайтқан: Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің қарыз порфелі бір айда 0,9 пайызға қысқарып, биылғы шілде айының қорытындысы бойынша 14,85 трлн теңгені құрапты. Дегенмен былтырмен салыстыр­ған бұл көрсеткіш 8,3 пайызға артық. Несие беру көрсеткіші төмендеуімен қатар, төлем мерзімі кешіктірілген қа­рыздар қатары өскен. Айталық, банктер­дің несие портфеліндегі уақытында төлен­беген қарыз көлемі бір айдың ішінде – 9,6 пайызға, бір жылда 13 пайызға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрап отыр.  Яғни, уақытында төленбей, кешіктірілген борыш көлемі қарыз портфелінің 14,4 пайызына жеткен. Бұл көрсеткіш былтыр 13,8 пайыз болған еді. Несие беру қарқынының төмендеуі мен проблемалық қарыз көлемінің арту ықтималдығы жоғарылаған сайын, банктер сенімді борышкер тартуға талпынады. Ал халықтың кәсібі тоқтап, табысы азайып тұрған шақта, несие алғысы келе­тіндер пайыздың төмен болғанын қалай­тыны сөзсіз. Осы орайда ең танымал несие түрі – тұтынушылық қарызды қайта қар­жы­ландыру бойынша банктер не ұсынып отырғанын бағамдап көрелік. Елдегі ең ірі деген оншақты банктің ара­сында тек төрт банк қана кепілсіз несиені қайта құрылымдау туралы ақ­паратты ресми сайттарына жариялапты: ForteBank, Еуразиялық Банк, АТФ Банк жә­не Банк ЦентрКредит. Осылардың ішінде ең төмен жылдық сыйақы мөлшер­ле­месін ForteBank ұсынып отыр: 7,3 пайыз­дан басталады. ForteBank-тен кейін Еуразиялық Банк­тің шарттары құлаққа қоным­ды: оның жылдық тиімді сыйақы мөл­шер­ле­месі 13,8 пайыздан басталады. АТФБанк қайта қаржыландыратын қарыздың ЖТСМ-і 28,4 пайыздан басталса, ЦентрКредит Банктікі 37,86 пайыздан асып жығылады. Қайта қаржыландырылатын қарыз­дың ең жоғары сомасын ForteBank ұсынып отыр, бұл банкте 7 млн теңгеге дейін­гі қарызды қайта құрылымдауға болады. Ал қалған 3 банк клиенттерге 5 млн теңгеге дейін қарыз беруге дайын.  Айта ке­терлігі, елдегі екінші деңгейлі 27 банктің ішінде 17-сі жеке тұлғаларға кепілсіз несие бере береді екен.

 Клиенттерімен  жиі соттасатын  банктер

Қарыз демекші, берешегін дер кезінде қайтармаған клиенттерімен жиі сот­тасатын банктер­дің де рейтингі жа­сал­ған екен. @Risk­TakersKZ мәліметтеріне сүйенсек, бұл рейтингте де Kaspi Bank көш бас­тап тұр. 2019 жылдың соңындағы дерек бойын­ша, бұл банк клиенттерімен 15 559 рет соттасқан. Ал  2-орынға жайғасқан ЦентрКредит Банкі өз борышкерлерімен 10 418 рет соттасыпты. Бұл банк кезінде шағын және орта бизнес өкіл­деріне несиені жақсы қар­қынмен берді. Өкінішке қарай, түрлі себептермен көптеген бизнес өкілдері несиелерін қайтармай, банктің ба­лансын біраз нашарлатқан болатын. Тіп­ті, ЦентрКредит 2017-2018 жылдары Ұлттық Банктің қаржы ұйым­дарын оңалту бағ­дар­ламасына қа­тысуға мәжбүр болды және соның арқа­сында нарықтағы өз үле­сін сақтап қалды. 3-орында – ForteBank. Альянс банктің мұрагері болғандықтан, ForteBank-ке қатысты сот процесінің көптігіне таң­ғалуға болмас. Сотта банктің қатысуымен 9 894 іс қаралған. Қазір қаржылық институт шағын және орта бизнес өкілдеріне де, же­ке тұлғаларға да көптеп несие бере бас­та­ды. Демек, болашақта да сотқа ша­ғым­дану азаймауы мүмкін. Халық банкі 4-орыннан көрінді. Казком қосылғалы бері клиенттер са­ны жөнінен елдегі ең алпауыт банктің тек 7 786 сот процесіне қатысы бар екен. Мұн­дай үлкен банк үшін бұл көрсеткішті көп дей алмаймыз. Не банк сотқа жеткіз­бей мәселелерін шешеді, не болмаса клиент­терінің барлығы қарызын уақы­тында қайтарып отырады деп топшылайды сарапшылар. 5-орында – Сбербанк.  Ресейдегі алпауыттың еншілес банкі сотта 4 955 процеске қатысқан. @RiskTakersKZ жазуын­ша, соттасу индикаторы банктегі тәуе­келдерді басқару сапасы туралы то­лыққанды мағлұмат бере алмайды. Бірақ бұл көрсеткіш үлкен талдаудың бір бөлігі болу­ға жарайды. Сәйкесінше, ең аз сот­тасқан банктің тәуекелдерді басқару жүйе­сі мығымдау.

 Қаржыны қайда  сақтаған тиімді?

Теңге тиыннан құралады. Жинаған қаражатыңның игілігін көру үшін оны шотта немесе сандықта сақтағаннан гөрі депозитке салған тиімді екені жұртқа аян. Бүгінде еліміздегі банктер депозит ашуға ынталандыратын түрлі бағдар­ла­маларды іске қосқан. Соның арқасында са­­­­лымшылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, биылғы шілде айының соңын­да депозит көлемі 4,1 пайызға ұлғайып, 20 685,4 млрд теңгені құрапты. Оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттері – 9982,6 млрд теңге. Салымшылардың ба­сым бөлігі депозитті төл валютамызда аш­қанды құп көреді екен. Жеке тұлға­лар­дың теңгедегі депозиттері 5 894,7 млрд тең­ге болса, шетел валютасында жалпы со­масы 4 087,9 млрд теңге болатын депозит бар. Елімізде 1 трлн теңгеден астам салымы бар үздік төрт банк мыналар: Ха­лық банкі, Сбербанк, Kaspi Bank және ForteBank. Былтыр Kaspi Bank – 405,6 млрд теңге, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – 237 млрд  және ForteBank  195,6 млрд тең­ге­нің депозитін ашқан. Қазақстанда түрлі депозиттік бағ­дарлама ұсы­натын екінші деңгейлі банктер қа­тары аз емес. Оларда сақтау мерзіміне қарай депозит екіге бөлінеді: ұзақ және қысқамерзімді. Қысқа мерзімді депозитке салынған ақшаңызды қалаған уақытта шешіп ала аласыз. Бірақ есебіңізде бел­гілі бір сомада ақша қалуы керек. Мысалы, минималды сома 1 000 теңге болуы мүмкін. Ұзақмерзімді депозитте депозиттік салым мерзімі аяқталғанша ақшаны ше­шіп алуға болмайды. Мамандардың айтуынша, депозит ашқанда назар аударатын ең маңыз­ды мәселе –  банк ұсынатын жылдық пайыз­дық мөлшерлеме. Сіздің салған со­маңызға қанша ақша қосылып отыратыны соған байланысты. Айталық, сіз ақша сал­ған банк депозитінің жылдық мөлшер­ле­месі 10 пайыз болса, онда депозитке са­лын­ған әрбір 500 теңгеден жылына 50 тең­ге пайда көресіз. Банктер ұсынатын пайыздық мөлшерлеме олардың жүргізіп отырған саясатына байланысты әрқалай. Негізінен, Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлемеге байланысты өзгеріп отырады. Еліміздегі пайыздық мөлшерлемесі ең төмен банктер – Bank RBK(8,9%) мен Kaspi Bank (9%). Сбербанк (10,3%) пен ForteBank-тікі (10,4%) де жоғары деуге келмес. Салыстырмалы түрде алғанда 14%-дық өсім ұсынып отырған Хоум Кредит банкі мен Bank Kassa Nova-ның ұсынысы тартымды-ақ. Сарапшының сөзінше, қай банк депозит ашушыларға жоғары пайыз ұсынып отырса, соның тәуекелі жоғары. Яғни, аталған банктің қаржылық жағдайы қиын болып, алдағы уақытта жабылып қалуы мүмкін. Қаражат салмас бұрын, банктердің рейтингіне назар аударуға кеңес береді. Жасыратыны жоқ, елімізде салымшылардың санына қарамастан талай банк құрдымға кеткенін білеміз. Бұл жағдай әлбетте, қарасы қалың көпшіліктің банктерге деген сенімсіздігін тудырады. Сала мамандарының сөзінше, халық депозитте ақша сақтаудың тиім­ді­лігімен қоса кемшілігі де барын білуі тиіс. Банк салымшылардың қаржысын өзінде ұстап отырмайды. Оны қайта қаржылан­дыруға жібереді. Яғни, айналымда жүреді. Банк депозитке салынған сіздің ақшаңыз­ды өзге клиентіне несие ретінде береді. Қынжылтатыны, депозиттің жылдық сыйақысы 10  пайыз болса, несиенің үсте­месі 24-28 пайыз. Айырмашылық жер мен көктей. Осыдан-ақ қазақстандықтардың депозиттен көретін пайдасы там-тұм еке­нін, ал банктер салымшылардың арқа­сын­да қалтасын қампайтып отырғанын ұғуға болады. Сарапшылардың пайымдауынша, қазаққа болашақта қор нарығының заңдылықтарын меңгеру маңызды бола түс­пек. Нарықты бақылай білген адам эко­но­микалық ахуалды түсінеді, сәйкесінше, бос үрейге, уайымға салынбайды. Көршінің сөзіне құлай сеніп, қит етсе, валюта сатып алуға жүгірмейді.