Делдалсыз нарық құру мәселесі оң шешімін таба ала ма?

Делдалсыз нарық құру мәселесі оң шешімін таба ала ма?

Делдалсыз нарық құру мәселесі оң шешімін таба ала ма?
ашық дереккөзі
Диқандар мен шаруалар өз өнімдерін өздері неге өткізбейді деп таң қалады базбіреулер. Осылайша шаруа өнімін тікелей сатса, ал тұтынушы тауарды қолжетімді бағамен сатып алар еді деп жорамалдайды. Бірақ қарапайым шаруаны базар маңына жолатушы ма еді? Әр сауда орталығының өз делдалдары бар. Бұлар жекелеген адамның тауарын мәжбүрлі түрде арзан бағаға сатып алып, саудагерлерге жоғары бағамен береді. Бұл түйткіл көптен бері айтылып келеді. Нарықтағы делдалдар сонау 90-жылдардан бері базар маңын торуылдауда. Бірақ оларды саудадан ысыру әзірге мүмкін емес. Осы тұрғыда Ауылшаруашылығы министрі А.Мырзахметов тиімсіз делдалдарды ысыру үшін қабылдау орталықтарын ашу туралы ұсыныс айтты. «Ресми статистика деректеріне қарағанда, елордамыздағы көтерме айналымның 1 пайызы ғана ірі кәсіпорындар арқылы іске асырылады. Ал қалған 85 пайызы ұсақ кәсіпорындардың үлесінде. Бұл арадағы сансыз делдал мен жоғары бағаның өзара байланысты екендігін көрсетеді», – деді Мырзахметов мырза. Мәселен, өткен айдың аяғында қант бағасы бір-ақ күнде қымбаттап шыға келді. Қант қызылшасын жинау науқаны аяқталып, өнім отандық кәсіпорындарға жеткізілетін шақта жұртшылықты әбігерге салды. Мұны Ұлттық экономика министрлігі алыпсатарлардың ісіне балады. Қант бағасының көтерілуіне шикізаттың қымбаттауы, коммуналдық қызметтер мен жүктерді тасымалдау тарифтерінің өсуі сияқты бірнеше фактор да әсер еткен болатын. Десе де, нарықтағы жағдайды ушықтырған дәл осы делдалдар. Жалпы ресми мәліметтер бойынша, қант құны соңғы 6 айда 25 пайызға артқан. Қазір Табиғи монополиялар туралы заң аясында көтерме және бөлшек саудамен айналысатын отандық кәсіпорындар тексеріліп жатыр. «Қант бағасының күрт өсуіне бірнеше фактор себеп. Біріншісі, біздің елге Белоруссиядан жылына елу мың тонна өнім әкелінетін. Ал биыл тек бес жүз тонна жеткізілген. Екіншіден, әлемдік биржада қант құрағының құны күрт өскен. Жазғы мезгілде ұлғайып кететін ішкі нарықтағы сұраныс та жағдайды ушықтырды. Осыны пайдаланып, қарапайым халықтың қалтасын қақпақ болған алыпсатарлар мәселесі қазір тексеріліп жатыр. Бағаны жасанды түрде көтергендер жауапқа тартылады», – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басқарма жетекшісі Әсемгүл Нұрмағамбетова. Алыпсатарлықты біржола жойып, шаруаның өнімдерін тиімді бағамен сатуға жағдай жасау үшін көтерме орталықтар ашылады. «Аталған мәселені шешудің жолын біз көтерме үлестіру орталықтарын дамытудан көріп отырмыз. Біздіңше, бұл бағытқа мемлекет тарапынан жер телімдерін бөлу, тиісті инфрақұрылымды жеткізу және осы сипаттағы тағы да басқа қолдаулар білдіру керек», – деп толықтырды министр. Ауыл шаруашылығы коопера­тивтеріне біріктірілген ұсақ фермерлер өркениетті өткізу нарығына тікелей шығуға мүмкіндік алады. Ал көтерме үлестіру орталықтары жүргізілетін операциялардың көлемі мен сипатына қарай ауыл шаруашылығы кооперативтері өнімдерін орналастыратын алаңға айналады. Алдағы уақытта отандық сапалы өнім делдалдардың үстеме бағасынсыз ірі елді мекендер тұрғындарына сатылады. «Жеке қосалқы шаруашылықтар және де шаруа қожалықтары алыпсатарларға сиыр етінің бір келісін 750-800 теңгеге ұсынады, ал базарларда аталған өнім 1200-1300 теңгеден сатылады. Өндірушілер секілді еңбек етпей-ақ, ыстығына күйіп, суығына тоңбай, делдалдар қандай да бір шығынсыз өнімдердің бағасын екі есеге дерлік көтеріп сатады», – деді Ауыл шаруашылығы министрі. Делдалдарды нарықтан ысырудың жолы – азық-түлік белдеуін құру, яғни фермерге маңдай терімен өсірген өнімдерін өзі сатуға мүмкіндік жасау. Осы мақсатта көктемде Алматы қаласында 4 рет жәрмеңке өткізіліп, құны 420 млн теңгені құрайтын 943 тоннадан астам ауыл шаруашылық тауарлары өткізілді. Сондай-ақ, Астана қаласында бір ай бойы ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізіліп, жалпы құны 75 млн теңгені құрайтын 480 тонна өнім Астана тұрғындарына 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды. Өндіруші мен тұтынушы арасында алтын көпір – азық-түлік белдеуі болмақ. Таяуда А.Мырзахметов Премьер-министр К.Мәсімовке Астана төңірегіндегі азық-түлік белдеуін дамыту шаралары туралы баяндады. Астананың азық-түлік белдеуі аймақтарында ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуге әлеует жеткілікті, барлық ресурстар бар. Мысалы, Астананың азық-түлік белдеуі аймағында 470 мың тонна сүт өндіріледі. Оның ішінде 54 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберіледі. Алайда сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары 40 пайыз қуаттылықта жұмыс істейді. Қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік әлеуетін арттыру үшін А.Мырзахметов олардың қуаттылығын еселейтін бірқатар шараларды ұсынды. Әзірленген іс-шаралар жоспары 150 сүт қабылдау пункті, оның ішінде 6 белдеу аймағы, 2,5 мың отбасылық бордақылау алаңдарын ашуды қамтиды. «Құрылатын бордақылау алаңдары мал сою, ет әзірлеп, сату және жем-шөппен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіріледі», – деді А.Мырзахметов. Қазіргі таңда қай салада да алып­са­тарлардың қолы жүріп тұр. Біздің қоғамда делдалдар нарығы нық орнап, бағаны өздері белгілеуде. Бұл ауыл шаруашылығы, қаржы саласы мен ұсақ-түйек кәсіптердің барлығын шарпыған. Алыпсатардың қолы жүретін саланың бірі – айырбастау пункттері. Көк ақшаның құнын әдейі өсіріп жібереді. Теңгенің таяуда төмен құлдилауына көппен бірге куә болған қаржыгерлер бұған айырбастау орындарын кінәлады. Биржадағы баға 350 теңгені көрсеткенімен, алыпсатарлар долларды 364 теңгеге дейін көтеріп жіберген болатын. Теңгенің құлдырауы мен құнының көтерілуін нарық делдал­дары кәсіпке айналдырған.  

Ақниет ОСПАНБАЙ