Жемқор азаматтар «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылады – Павел Казанцев

Жемқор азаматтар «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылады – Павел Казанцев

Жемқор азаматтар «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылады – Павел Казанцев
ашық дереккөзі
Nur Otan партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев экс-министр Елжан Біртановтың ұсталуына қатысты пікір білдірді. Мәжіліс депутаты inbusiness.kz журналисінің «Қазынадан қомақты қаржы жымқырды деген күдікке ілінген экс-министр Елжан Біртанов Nur Otan партиясы қатарынан шығарыла ма?» деген сауалына жауап берді.

«Елжан Біртанов – бұрын немесе қазір министр болса да, Nur Otan партиясының мүшесі. Оны партияға мүшеліктен шығару сот шешімі шыққаннан кейін шешіледі. Сондықтан сот шешімін күтеміз», – деді П.Казанцев.

Мәжіліс депутаты партияға мүше азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары анықталған жағдайда партия жарғысының талабына сәйкес, жаза қолданылатынын және партия қатарынан шығарылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін де партия жұмысын жандандыру, қоғамдағы жемқорлықты жоюға қатысты жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама іске асып жатыр. Қоғамдағы жемқорлықты жалтақтамай жою үшін  8-800-080-4441 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша сенім телефоны жұмыс істейді. Келіп түскен барлық өтініштер партиялық бақылау комитетінің жиынында талқыланады. Кез келген мәселе шешімін табады. Қажет болған жағдайда тиісті шара қолданылады. Мәселен, биыл партия қатарынан 243 мыңнан астам адам шығарылды. 200-ден астам партия мүшесі жауапқа тартылды. 35 адам сыбайлас жемқорлық және қылмыстық құқықбұзушылық үшін, 20 адам партияның беделін түсіргені үшін партия қатарынан шығарылды.