Елордада «Ұлылардың үндестігі: Науаи мен Абай» атты алқалы жиын өтті

Елордада «Ұлылардың үндестігі: Науаи мен Абай» атты алқалы жиын өтті

Елордада «Ұлылардың үндестігі: Науаи мен Абай» атты алқалы жиын өтті
ашық дереккөзі
Бүгін Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Ұлылардың үндестігі: Науаи мен Абай» атты алқалы жиын өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева арнайы  қатысқан басқосу барысында ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында ақынның өзбек тіліне аударылған шығармалары мен шығыстың ғұлама шайыры Әлішер Науаидің қазақ тілінде жарық көрген «Хамса» атты кітабы көпшілікке таныстырылды. Ұлттық академиялық кітапханада өткен жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына Жээнбек Кулубаев,  Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екиджи, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев,  сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары, жоғарғы оқу орны басшылар, бірқатар ақын-жазушылар, көрнекті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл күннің қазақ және өзбек әдебиеті үшін, сондай-ақ, тұтас түркі жұрты үшін маңызы зор екенін айтты. «Абай қазақтың ғана ақыны емес. Ол – барша адамзатқа ортақ ғұлама. Ақынның ой-толғамдары мен өсиеті барша түркі жұртына арналған десек те, артық бола қоймас. Қазіргідей сын-қатерлер заманында біз осындай ортақ құндылықтарымызды кеңінен дәріптеуіміз керек. Әсіресе, жас буынға жан-жақты насихаттасақ, түркі дүниесінің бірлігін нығайтуға қосылған үлкен үлес болар еді», – деп атап өтті. Сонымен қатар ол Абай мен Науаи мұраларының рухани сабақтастығына назар аударды. «Шығыс шайырларының дара тұлғасы, ежелгі түркі әдебиетінің атасы Әлішер Науаидің еңбегін қазақ тіліне аударуды маңызды оқиға деп қабылдаймыз. Бұл – қазақ әдебиетіне қосылған құнды үлес. Абай Науаиді өзінің рухани ұстазы санап, оның өлеңдерінен тағылым алғанын бәріміз жақсы білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, екі бірдей кемеңгердің еңбектерін қатар аударудың символикалық мәні бар», – деген Мәулен Әшімбаев Науаи поэзиясының маңызы мен әлемдік әдебиеттегі орны туралы да сөз қозғады. Өз кезегінде, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева шеберлікпен тәржімаланған жауһар туындылар бауырлас екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстардың алтын көпіріне  айналатынына сенетін айты. «Бұл  ежелден ділі мен тілі, тарихы мен діні ортақ, бір арнадан су ішіп, ынтымақтастықтығы жарасқан көршілес қазақ халқымен ежелгі достығымыз бен туыстығымыздың, әдеби-мәдени байланысымыздың жылдан-жылға дамып келе жатқандығының айқын айғағы» – деді. Салтанатты рәсім кезінде, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, ақын Несіпбек Айтұлы және Абай қарасөздерін өзбек тіліне тәржімелеген өзбекстандық профессор, қаламгер Қозоқбой Йулдошев сөз сөйлеп, мұндай шаралар түркі әлемінің ынтымағын нығайта түсетінін айтты. Айта кету керек, «Хамса» – Әлішер Науаидің әйгілі бес дастаннан тұратын еңбегі. Қазақ тілінде жарық көрген кітапқа «Ләйлі-Мәжін» және «Ескендір қорғаны» атты екі дастан енген. Бұл шығармаларды көне өзбек тілінен қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлы аударды. Аталған игілікті іске Халықаралық Түркі Академиясы ұйытқы болды.