Мүлікті жария ету – 2 триллион теңге заңдастырылды

Мүлікті жария ету – 2 триллион теңге заңдастырылды

Мүлікті жария ету – 2 триллион теңге заңдастырылды
ашық дереккөзі
Еліміз бойынша өткен жылдың қыркүйегінен мүлікті заңдастыру акциясы басталғаны белгілі. Бұл жаңадан енгізілген бастама емес, әрине. Осы уақытқа дейін де мұндай шаралар мемлекетімізде екі рет жүргізілген болатын. Мүлікті жария етудің мүмкіндіктері туралы Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында да жан-жақты түсіндіріп бергенін айта кеткен жөн. Мүлікті жария ету – көлеңкелі экономикамен күресте таптырмайтын шара. Әлемнің озық елдерінде қолданылатын бұл тәжірибе өз нәтижесін беріп келеді. Оған дәлел, 2016 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, Қазақстанда 2 триллион теңгеге жеке мүлік пен қаражат заңдастырылды. Бұл науқан былтыр жыл соңына дейін жүзеге асуы тиіс болатын. Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиiстi заңға қол қойып, шараны бiр жылға ұзартты. Ал акция басталғалы мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқандар көп. Жалпы, акция бойынша қонақүй, балабақша, спорт-сауықтыру кешендері, қоғамдық тамақтану орындары, шағын зауыттар, сауда базалары, диірмен, наубайхана, сұлулық салоны сынды түрлі мақсаттағы нысандарын ресімдеп алуға өтініш берген азаматтар уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Даму және жаңғырту департаментінің директоры Ержан Біржановтың айтуынша, Қазақстаннан тыс жерлердегі мүліктерін жариялағандар да аз емес. Бұлар негізінен Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Қырғызстан, Қытай, АҚШ, Түркия, Чехия сынды елдердегі вилла, пәтер, тұрғын үй объектілері. Одан бөлек, Өзбекстандағы, Түркиядағы, Ресейдегі сауда үйлерін жария ету фактілері де бар, дейді ол. Сондай-ақ, біраз азаматтар Ұлыбритания, Швейцария елдеріндегі бағалы қағаздарын, компаниялардағы үлестерін жариялапты. Ел аумағынан тыс жерде жария етілген тұрғын үйлердің басым бөлігі Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан көрінеді. Коммерциялық нысандар бойынша біздің азаматтарды Түркия көбірек қызықтыратыны байқалады. Оған дәлел – 2 триллион теңгенің 4 миллиард 896 миллионнан астамын шет мемлекеттерден заңдастырылған қаржы мен мүлік құрап отыр. Капиталға рақымшылық жасау Қазақстанда да, әлем елдерінде де бұрыннан бар тәжірибе. Қазақстанда бұл науқан осымен үшінші мәрте өткізіліп отырғаны белгілі. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 41-қадамында осы шараның рәсімдерін оңайлату мақсатында қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі айтылған болатын. Ержан Біржановтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңда жария ету үдерісін тежейтін барлық шектеулер алынып тасталған. Соның арқасында, науқанның жұмыс қарқыны еселеп артып, акцияның тек соңғы 8 айында шамамен 1,6 триллион теңге заңдастырылды. Оның алдындағы 15 айда бұл көрсеткіш 425 миллиард теңгені құрағанын ескерсек, заңнамадағы жеңілдіктердің айтарлықтай нәтиже бергенін байқауға болады. «Бұл акция салық базасының артуына себепші болды. Қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті. 93 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысаны анықталды, олардың 7 мыңға жуығы коммерциялық нысан», – дейді Ержан Біржанов. Бүгінде әлем елдерінің көпшілігі мүлік пен қаржыны, табыс декларациясын жариялау сынды шараларға ерекше көңіл бөліп, бір-бірімен байланыс орнатуға тырысуда. Ал Қазақстан ше? Бұған тиісті мекеме мамандары не дейді? «Қазір біздің дерек қорымыз ұлғайды, себебі басқа мемлекеттердегі әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуге көштік. Қазақстан азаматтарының шетелдегі мүлкі, банктердегі есепшоты туралы мәліметтер бізге түсіп тұрады. Яғни, оның табыс көзі қайда, мүлікті қалай алды деген сауалдар туындайды. Егер ондай азаматтар акцияға қатыспаса, кәсіпкерлікпен айналыспаса, шетелдегі әріптестерімізге сәйкесінше жауап береміз. Мүлікті жариялау акциясына қатыспаған азаматтар қолдарындағы қаражатты қайдан алғанын, жылжымайтын мүлікке қалай қол жеткізгенін тиісті құжаттармен көрсете алмаса, үстінен әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін», – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Даму және жаң¬ғырту департаментінің директоры Ержан Біржанов. Сондай-ақ, ол «Қазіргі уақытта заңдастыру аясында 2,3 триллион теңгеге 100 мыңға тарта өтініш келіп түсті. Ресми деректерге сүйенетін болсақ, 1 тамыздағы жағдай бойынша 2 триллион теңге заңдастырылған. Қалған сома тиісті органдардың қарауында», – деді. Оның сөзіне қарағанда, заңдастыру туралы заңнамаға өзгерістер енгізілмей тұрғанда, заңдастырылған мүлік пен қаражат көлемі 460 млрд теңгенің шамасында ғана болатын. Ал Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда 2015 жылы жария етілетін мүліктердің бағалық құны бойынша жалпы сомасы 907,8 млн теңгеге 12 өтініш түссе, ал 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша 999 өтініш келген. Олардың ішінде 963-і бойынша жалпы сомасы 588,4 млрд теңгеге мүліктерді жария ету туралы шешім қабылданды. Яғни, жария етілген мүліктер мен ақшаның сомалық көрсеткіші – 720 есеге артқан. 2015 жылдың желтоқсанында енгізілген тиісті өзгертулерден соң, заңдастырылған қаражат сомасы 1,6 триллион теңгеге жетіп, науқан қарқыны 5 есеге артқан.

Мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді

Мүлікті жария ету жөніндегі заң әлемдік тәжірибеде өзінің тиісті нәтижесін берген оңды шара болып табылады. Атап айтсақ, бұған дейін Еуропада, АҚШ-тың Калифорния сияқты штаттарында сәтті жүзеге асырылды. Яғни, жан-жақты зерделеніп барып қабылданған нормативтік-құқықтық акт десе де болады. Аталмыш заңның жаңа редакциясы мүлікті жариялау процедурасын түбегейлі жеңілдетіп, бюрократтық және қағазбастылыққа түбегейлі тосқауыл қоя білді. Жыл соңына дейін ұзартылған акция шеңберінде жүзеге асырылып жатқан шаралардың қандай жеңілдіктері мен ерекшеліктері бар? Мүлікті жария ету дегеніңіз – көлеңкелі экономиканың ықпалынан шыға алмай, мүлкі мен қаржысын заңды түрде ресімдемегендіктен, оны ашық түрде көрсетуге қорқып жүрген немесе басқа біреудің атына жаздырған субьектілерге жасалып отырған мүмкіндік. Мысалы, қазіргі уақытта жылжымайтын мүлкі мен қаржысын басқа біреудің атына жаздырып қойған, шетелдерде ұстап жүрген субъектілер аз емес. Солардың ішінде басқа біреудің атына жаздырған мүлкі мен қаржысын әлгіндейлерден өзі сенген адамы пайдаланып кеткен жағдайлар да кездеседі. Бұндай жағдайда басқа біреудің атына жаздырған мүліктің өзіңдікі екенін дәлелдеу оңайға түспейді, әрине. Бұған қоса, бизнесін басқа біреудің атына тіркетіп, жасырын қарекет жасап жүргендер де жетерлік. Міне, мүлікті жариялау осындай келеңсіздіктерге жол бермей, бәріне рақымшылық жариялап отыр. Атап айтсақ, ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, басқа біреудің атына ресімделген жылжымайтын мүлік, еліміздің территориясындағы ғимарат, шетелдегі жылжымайтын мүліктер мен қаржылар жария­лау арқылы заңдастыруға жатады. Осы орайда, пайдалану құқығы сотпен қаралып жатқан мүліктер, несиеге алынған қаражат, мемлекет пайдасына берілуге тиісті мүлік, бюджет қаражатына салынған объектілер, жемқорлықпен байланыс­ты қылмыстық жолмен келген мүлік, т.б. заңдастыруға жатпайтынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар мүліктерді заңдастыру акциясы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүргізілгенімен, жылжымайтын мүліктерге байланыс­ты құжаттарды қабылдау уақыты 30 қарашада аяқталатынын ұмытпаған жөн. Ол үшін кез келген субъект осы заңда көрсетілген аз ғана талаптарды орындаса жеткілікті. Мысалы, Заңда қаржы мен мүлікті жария ету талаптары түбегейлі жеңілдетілген. Оның екі жолы бар. Бұл шара аталмыш заңның 8-бабының (ақшаны жария етуді ұйымдастыру және жүргізу тәртібі жөніндегі жалпы ережелер) талаптары негізінде жүзеге асырылады. Мысалы, қаржының иесі тиісті қаражатын екінші дәрежедегі банктегі немесе Ұлттық пошта операторындағы жинақшоты арқылы көрсеткен жағдайда, 10 пайыздық алым алынбайды. Қаражатты банкке салған күннің ертесінде-ақ өзінің қажетіне жұмауына, инвестиция құралы ретінде пайдалана беруге, құнды қағаздар сатып алуға, т.б. құқылы. Ал енді екінші жағдайда субъект шетелдегі немесе қолма-қол айналымдағы қаражатын банкке салмай-ақ, арнайы декларацияда көрсету арқылы да жария етуіне болады. Бұндай жағдайда он пайыздық алым алынады және арнайы декларацияны жергілікті мемлекеттік кіріс органына тапсыру міндетті болып табылады. Сонымен қатар ақша ұлттық және шетел валютасында екінші деңгейдегі банкте, Ұлттық пошта операторында ашылған ағымдағы шотқа салу (аудару) және тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына арнайы декларацияны тапсыру арқылы жария етілуге жатады. Жария етілетін ақшаны ағымдағы шотқа енгізген кезде екінші деңгейдегі банк, Ұлттық пошта операторы жария ету субъектісіне аударылған ақша сомасының мөлшерін растайтын анықтама береді. Арнайы декларация мен анықтама мүлікті жария етуші субъектінің заң алдында өзін кез-келген заңсыз әрекеттерден қорғайтын негізгі құжат болып табылады. Тағы да бір ескере кететін жайт – тиісті тәртіппен жария етілген ақша мен жылжымайтын мүлік аталмыш заңның 10-1 бабының (Жария ету субъектісіне салықтық рақымшылық жасау) талаптары негізінде табыс салығын салуға негіз болып танылмайды. Ал жылжымайтын мүлікті заңды түрде жария етудің жеңілдетілген шараларына тоқталсақ, еліміздің территориясында тиісті талаптарға сай ресімделген жылжымайтын мүліктерді заңдастыру кезінде он пайыздық алым алынбайды. Осы айырмашылықты көп адамдар біле бермейді. Он пайыздық алым тек шетелдегі жылжымайтын (оның ішінде басқа біреудің атына жазылған) мүлікті заңдастыру кезінде ғана алынады. Он пайыздық алым мөлшері жылжымайтын мүліктің арнайы декларацияда белгіленген құнынан өндіріледі. Және де тағы бір ерекшелік – мүліктің құнын субъектінің өзі анықтайды. Ол үшін тұрғылықты жер бойынша мемлекеттік кіріс органдарына тиісті құжаттар мен арнайы декларацияны тапсырса жеткілікті. Бұған қоса, өткен жылдарда тапсырған жеке табысты мәлімдеген декларация­ларда жасырып қалған мәліметтер үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» Заңының талаптары негізінде де жауапкершілікке тартылмайды. Дүние-мүлікті заңдастыруға байланысты шара жұртшылық тарапынан бірден қолдау тапты деп айту қиын. Алғашқы кездері акцияның кібіртіктеп басталғаны рас. Тіпті, оған күмәнмен қарайтындар да аз болған жоқ. Ал бүгін мүмкіндікті тиімді пайдаланғандар мүлкін заңдастыруға асық.