Ә.Әлденей: Бұл Нұсқаулық сайлау конференциясын өткізу тәртібін белгілейді

Ә.Әлденей: Бұл Нұсқаулық сайлау конференциясын өткізу тәртібін белгілейді

Ә.Әлденей: Бұл Нұсқаулық сайлау конференциясын өткізу тәртібін белгілейді
ашық дереккөзі
31 қазанда партияның ресми сайты мен Primaries.kz порталында «Nur Otan» филиалдарының сайлау конференцияларын өткізу бойынша Нұсқаулық жарияланды. Бұл мәслихат сайлауына партия тізімін бекіту мен Мәжілістің негізгі бөлігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін праймериздің келесі деңгейі. Нұсқаулықтағы ережелер мен негізгі процедураларды партия хатшысы Әлібек Әлденей Facebook-тегі парақшасында түсіндірді. "БІРІНШІ. Аудандық және қалалық конференцияларда пікірсайысқа облыстық мәслихат пен Мәжіліске партиялық тізімге үміткер тұлғалар қатысады. Бұл праймеризде жоғары рейтинг жиған кандидаттар. Пікірсайысқа қатысушылар тізімі облыстық партиялық тізімге аудан (қалалық) өкілдігінің квотасындағы әр орынға 2 кандидат есебімен жасақталады. Айталық, егер облыстық партиялық тізімде ауданға квота бойынша  2 орын қарастырылса, онда аудандық (қалалық) конференциядағы дебатқа 4 адам қатысуы тиіс", - деп жазды партия хатшысы. Әлібек Әлденейдің айтуынша, пікірсайысқа қатысудан бас тартқан (жазбаша форматта) жағдайда  пікірсайысшылар тізіміне праймериздің бірінші деңгейінің қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған келесі кандидат енгізіледі. Сонымен қатар егер пікірсайысшылар тізімінде әйелдер немесе жастар (35 жасқа дейінгі) өкілдері болмаса, онда аудандық (қалалық) Саяси кеңес бюросы пікірсайысшылар тізімін көрсетілген санаттан ең көп дауыс жинаған кандидаттармен толықтыруға құқылы. "ЕКІНШІ. Пікірсайыс қорытындылары бойынша праймериз кандидаттарына бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарында алдын ала сайланған делегат-сайлаушылар дауыс береді. Делегаттар кандидаттарға «Праймериз» АЖ-інде арнайы бөлмеде компьютермен немесе ноутбукпен дауыс береді. Бұл құпия электронды рейтингтік дауыс беру. Бұл ретте бір мезгілде қалаған бірнеше кандидатқа дауыс беруге болады. Енді дауыс беру нәтижесіне келсек. Нұсқаулықта «пікірсайыстардың қорытындылары бойынша ең көп дауыс жинаған кандидат Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа қатысушы ретінде облыстық конференцияға ұсынылады. Әрбір аудан(қала) Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа бір қатысушыны ұсынады... Осыдан кейін облыстық партиялық тізімге кандидаттар ретінде облыстық партиялық тізімге аудан (қала) өкілдігінің квотасына сәйкес, пікірсайыстардың қорытындылары бойынша ең көп дауыс жинаған кандидат ұсынылады. Бұл ретте Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа қатысушылардың саны облыстық партиялық тізімге ұсынылатын кандидаттар санына кіреді» деп жазылған. Бұл не деген сөз? Түсінікті болу үшін мысал келтірейін. Сонымен аудандық (қалалық конференция) пікірсайыста бірінші орын алған адам облыстық конференциядағы пікірсайысқа қатысу құқына ие болады және облыс атынан Мәжілістің партиялық тізіміне ену үшін күресе алады. Екінші және одан төменгі орындарға ие болған пікірсайысқа қатысушылар өкілдік квотасы аясында облыстық мәслихаттың партиялық тізіміне енеді. Қалған пікірсайысқа қатысушылар аудандық мәслихаттың партиялық тізіміне кіреді. ҮШІНШІ. Облыстық конференциялар да процедуралық тұрғыда осылай өтеді. Ал қатысушыларға келсек, мысалы облыста 19 аймақ болса, онда облыстық конференциядағы пікірсайысқа аудандық конференциялардың 19 жеңімпазы мен облыс орталығының жеңімпаздары (аймақтың Мәжілістегі өкілдігі квотасына сәйкес) қатысады. Оларға бүгінгі таңда осы аймақ атынан өкілдік етіп отырған, республикалық партиялық тізімге енгісі келетін Мәжілістің қазіргі депутаттары да қосыла алады. Пікірсайыс қорытындысы бойынша, аудандық (қалалық) конференцияларда сайланған әр аймақтың делегаты дауыс береді. Нұсқаулықта «пікірсайыстардың қорытындылары бойынша ең көп дауыс жинаған кандидаттар праймериз қорытындылары бойынша өңірден Мәжіліске партиялық тізімге қосылу үшін кандидат ретінде ұсынылады. Кандидаттар саны Мәжіліске партиялық тізімдегі өңір өкілдігінің квотасына сәйкес айқындалады» делінген. Бұл дегеніміз, мысалы егер сайлаушылар санына сәйкес, облыс Мәжілістің партиялық тізіміне 6 адам ұсына алатын болса, онда мейілінше көп дауыс жинаған алғашқы 6 қатысушы облыстық конференцияның жеңімпаздары болады. Бұл ретте Мәжілістің қазіргі депутаттарынан бөлек облыстық конференция пікірсайысына қатысушылар мен жеңімпаздары бір мезгілде облыстық партиялық тізімге енгізіледі. ТӨРТІНШІ. Бірқатар маңызды жағдайларды атап өтейін. Барлық шаралар коронавирус пандемиясы жағдайындағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормалары сақтала отырып өткізіледі. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық конференциялар, соның ішінде пікірсайыстар филиалдардың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында тікелей эфирде көрсетіледі. Аудандық, қалалық және облыстық конференцияларда делегаттардың дауыс беруі арқылы «Nur Otan»-ның тиісті сайлауалды бағдаламасы қаралып, бекітіледі. Осылайша, аудандық, қалалық және облыстық конфренциялар өткізілгеннен кейін «Nur Otan»-да барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына қатысу үшін партиялық тізімдер мен аймақтық сайлауалды бағдарламалар түбегейлі бекітіледі. Сонымен бірге Мәжіліске партяилық тізімнің 62% (немесе барлық 127 кандидаттың 78-і) праймериздің жеңімпаз аймақтары өкілдерінен жасақталады. Қалған 49 кандидатты «Nur Otan»-ның Саяси кеңес бюросы ұсынады. Мәжіліске ұсынылатын соңғы партиялық тізім Съезде бекітіледі. Осылайша, «Nur Otan»-ның үш деңгейлі праймеризінің нәтижесінде алдағы сайлауға ұсыну үшін ашық бәсеке негізінде партия кандидаттары таңдалады", - деді «Nur Otan» хатшысы.